Онлайн сауда күшейіп, TikTok арқылы сататындар көбейгені Алматыдағы ірі базарларға да әсер еткен секілді. Себебі барахолканы аралап жүріп, саудагерлердің әңгімесінен "бүгін сауда жоқ, ештеңе сатпадым" дегенді көп естідік. Massaget.kz тілшісі базардағы саудагерлердің шағымын тыңдап қайтты.
Расында, Алматының атақты "барахолкасында" бұрынғыдай қайнаған тіршілік, құжынаған кісі байқалмайды. Жұмыс күні барғанымызды ескерсек те, саудагерлер демалыс күндері де бұрынғыдай адам жоғын айтады.
12 жылдан бері "барахолкадан" нәсібін тапқандардың бірі (аты-жөнін жарияламауды өтінді - еск.) бұл сөзімізді растады. Оның себебін халықтың онлайн сервистерге үйренгенімен байланыстырды.
"Сауда болмаған соң әр жерге көшіп жүрміз. 3-4 жылдан бері сондай. Күніне бірнеше адам келеді, бірақ бәрі бірдей сатып ала бермейді. Сатушылар жалға алған орынның ақшасын әзер шығарып жүр", - дейді базар саудагерлерінің бірі.
Мейіржан Сарыбайдың ата-анасы да базарда жұмыс істеген, ал өзінің бұл салада келе жатқанына 14 жылдан асқан. Оның сөзінше, саудаға маусымдардың да тікелей әсері бар.
"Сауда жүруі қандай тауар сатқаныңа да байланысты. Біз сырт киім сатамыз, сауда жүретін уақыт қыркүйектен мамырға дейін созылады. Сырт киім саудасы жаз кезінде тоқтайды. Ол кезде басқа тауар - мектеп формасын, футболка әкеліп сатамыз. Адамдар алғашында бәрін байқап, тапсырыс беріп көргісі келеді. Кейін ол нәрсенің сапасын көріп, сапасы төмен болса, көңілі қала бастайды, өзі аяқтай барып, таңдап алғанды жөн санайды. Яғни онлайн тапсырыс беру - уақытша нәрсе. Біз де Instagram, TikTok-пен жұмыс істейміз", - дейді ол.
Базардағы тыныштық шай, тамақ сататындарға да әсерін тигізбей қоймаған.
Олар да "сауда жоқ" деген сөзімізді қуаттады.
25 жылдан бері базардағы саудагерлерді шаймен қамтып келе жатқан Гүлзар кейбір сатушылардың маусымдық тауар сатқан соң ғана саудасы жақсы жүруі мүмкін екенін айтады.
"Сатушылар қарызға шай ішеді. 50-60 мың теңгеге дейін қарыз болғандары бар. Сауда жоқтығынан бере алмай жүр, базарда орынды жалға алу да қымбат. Күздік, қыстық киім сататындардың осы айда ғана саудасы жүруі мүмкін. Кейін желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз - "мертвый сезон". 4 ай бойы бәрі жұмыссыз отырады. Пиндуодуо - бәрінің әсері бар. Кейбір саудагерлер саудасын ашпастан қайтып жатыр", – дейді ол.
Киім-кешектен бөлек, түрлі аксессуар сататындар да базарда сауда тоқтай бастағанын әлдеқашан сезген.
Сөмке, әмиян сатумен айналысатын Гүлжан кейінгі бес жылдан бері жағдай осындай екенін жеткізді.
"Базарда мүлдем сауда жоқ. Біздің төлейтін салығымыз бар, жалға алынған орынға төлейтініміз бар. Әрең-әрең ақтап жатырмыз", – дейді 15 жылдан бері саудада келе жатқан ол.
Жеке өзіне тауар алатындардың қарасы азайған соң, саудагерлер көтерме тәсілмен сатып алатындарды күтеді.
"Бүгінгі күннен де түсінуге болады. Бес-ақ адам келді. Базарда істеп келе жатқаныма 20 жыл болды. Соның ішінде кейінгі үш жылдан бері жағдай осындай, бұған онлайн сервистердің тікелей әсері бар. Оның үстіне қазір жан-жақта дүкендер ашылды, TikTok бар, сайттар бар. Мен ондай тәсілдермен сатпаймын. Тек арасында сенбі-жексенбіде сауда болып қалады", – дейді Динара есімді сатушы.
Саудалары жүрмейтін саудагерлер жалға алынған орынның ақысын төлер кезде әбден қиналады екен.
Базардағы орын жалдау құны да әртүрлі. Жағдайына, тұрған жеріне байланысты. 60 мың теңгеден жоғары бағаланғандар да, 200 мың мен 400 мың теңге аралығында бағаланғандар да бар.
"Жалға алу құны қымбат. Оны мүлдем шығарып отырған жоқ. Бізде де несие, түрлі проблема бар. Пайданы айтпағанда, оларды да жауып отырған жоқ. Несие аламыз да, жалға алынған орынның ақшасын төлейміз. Бұған онлайн сервистердің әсері бар. 2 жылдан бері мүлдем сауда болып тұрған жоқ. Бүгін 3-4 дана ғана саттым. Сенбіде 10 дана сатамыз. Бұрын бұдан әлдеқайда көп болатын", – дейді Назгүл есімді саудагер.
Бұл "құлдырау" аяқкиім саудасына да әсерін тигізбей қоймаған.
Аяқкиім саудагері Дамира бұрындары тамызда бәрі жұмысқа, сабаққа дайындалғандықтан, саудалары жақсы жүргенін, ал қазір саудагерлер күн сайын бос отыратынын айтады.
"Орынның жалға алу ақысын, оған қоса салық төлейміз. Бұл бағаға да әсер етіп жатыр. Бүгін бір ғана тауар саттым. Оның өзін бөліп төлеуге алды. Қыста сауда тіпті төмендейді", – деді ол.
Экономист Бауыржан Ысқақов базар саудасы "өлді" деп айтуға әлі де негіз жоғын жеткізді. Сарапшының айтуынша, дәстүрлі сауда бәрібір де өркендеп тұр, дегенмен онлайн сауда әлемдік экономиканың драйверіне айналғанын да ескеру қажет.
"Дәл қазір онлайн сауда жалпы сауданың 15-20 пайыз ғана көлемін алып отыр. Болашақта бұл өсе беретіні белгілі. Дегенмен салық саясатына келсек, онлайн сауданы салық мәселесі жағынан бақылау өте қиын. Күнде ашылып, күнде жабылып жатады. Мемлекеттік салық органдарына тіркеліп-тіркелмегенін де қадағалау қиын", – дейді маман.
Қаржы маманы "болашақта базарлар жабылып қалуы мүмкін бе?" деген сауалға жауап берді.
"Болашақта базар саудасы тоқтауы мүмкін емес, өйткені ішкі нарықтағы тауарлармен халықты қамтамасыз ету үшін дәстүрлі сауда жалғаса береді деп ойлаймын. Азық-түлігіміз бар, етіміз бар. Ал шетелден келетін тауарларды онлайн тәсілдер арқылы тікелей сатып алу мүмкіндігі артады. Яғни алдағы 10-15 жылда 50/50 болуы мүмкін. Оған қоса, онлайн сауданы толық салық салатын базаға енгізсек, оң нәтижесі де бар", - деп түсіндірді сарапшы.
ҚР СИМ Сауда комитетінің ресми өкілі Тойгүл Нұржанқызының сөзінше, онлайн сауданың дамуына пандемия айтарлықтай әсер етті.
"Әлемдік сарапшылар 2026 жылға қарай әлемдегі электрон сауда нарықта 8,2 трлн АҚШ долларына дейін жетеді деген болжам айтып отыр. Қазақстанда 2023 жылы электрон сауданың үлесі 2439,8 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артты", – дейді Сауда комитетінің ресми өкілі.
Ресми мәліметке сүйенсек, қазір елімізде ресейлік "Озон" және "Вайлдберриз" маркетплейстері жұмыс істейді. Қазіргі статистика бойынша "Озонда" 55 483, "Вайлдберризте" 114 983 қазақстандық сатушы тіркелген.
"Дәстүрлі базарлар қажет болмай қалады деген түсінік орынсыз. Өйткені қазіргі таңда елімізде 80 мыңға жуық сауда нысаны бар. Еліміздегі сауда базарының саны – 644", – дейді Тойгүл Жұбанысова.
Ресми жауапқа сүйенсек, кейінгі жылдары Сауда және интеграция министрлігі базарларды заманауи форматқа көшіру, жаңғырту бойынша жұмыс істеп жатыр.
Сауда комитетінің ақпараты бойынша 2021 жылға дейін 84 базар, ал 2021 жылы 4 базар жаңғыртудан өткені, 2022 жылы 33 базар, 2023 жылы 19 базар модернизацияланғаны белгілі болды. Биыл 16 базарда жаңғырту жұмыстары аяқталатыны хабарланды. Ал келер жылы 99 базарды жаңарту жоспарда бар екен.
"Елдегі базарлар 2026 жылға дейін өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарына сай санитарлық талаптар сақталған, үсті жабық, қазақстандықтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы болуы керек. Осылайша, елдегі заманауи сауда форматының үлесін 31 пайыздан 70 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр", – деп түсіндірді Тойгүл Нұржанқызы.
Ресми деректер бойынша елдегі көтерме сауда көлемі 2024 жылғы қаңтар-тамызда 26403,3 млрд теңгеге жеткен, бұл – 2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 104,7 пайызға тең. 2024 жылғы қаңтар-тамызда бөлшек сауда көлемі 12731,9 млрд теңге болды, бұл – 2023 жылғы тиісті кезеңнен 6,8 пайызға артық.
Биыл қазаннан бастап "базарлар саламын, кеңейтемін, үй жанынан дүкен саламын, сауда саласында IT бағдарлама жасаймын" деген кәсіпкерлер үшін Сауда және интеграция министрлігі тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары басталды. Бұл шаралар 2 түрлі тәсілмен жүзеге асады: несие мөлшерлемесін субсидиялау және несиеге кепіл болу. Осы мақсатта республикалық бюджеттік комиссия 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
"Электрон сауданың қарқынды дамып келе жатқаны көңілге қонымды. Бірақ бұл дәстүрлі базарларды нарықтан түбегейлі ығыстырады дегенді білдірмейді", – деп түйіндеді Сауда комитетінің ресми өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!