Алматы облысы Кемертоған ауылында тұрғындар мен жер иесі арасында дау шықты. Тұрғындардың айтуынша, бұрын көше болады деп көрсетілген аумақ енді "саудаға түсіп жатыр" деген дау шыққан. Жұрт "ертең үйімізге кіріп-шығатын жол қалмай ма?" деп алаңдайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың сөзінше, бірнеше жыл бұрын жер телімдерін сатқан кезде бұл аумақ кең көше болатыны айтылған. Тіпті жол Рысқұлов көшесіне және ҮААЖ бағытына шығуы керек болған. Алайда қазір сол жерге қазық қағылып, мемлекеттік акт рәсімделіп жатқаны белгілі болған.
Кемертоған ауылының тұрғыны Сапарбек Кенжебаев 2020 жылы жер алған кезде мұнда 32 метрлік жол болады деп уәде берілгенін айтады. Бірақ қазір бұл жер сатылатыны туралы ақпарат тараған.
Ал Нұрғали Омаров жол тым тарылып қалса, төтенше жағдай кезінде арнайы техника кіруі қиындайтынын жеткізді.
Дау шыққан жерге Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары барып, жолдың ені 6 метр болып қалатынын айтты. Оның сөзінше, жер иесіне әр үйге кіреберіс жол жасау міндеттелген. Алайда бұл жауап тұрғындарды қанағаттандырмады. Жиналғандар жер иесінің өзі келмей тұрып мұндай шешім қалай қабылданғанына наразы болды.
Кемертоғандықтар Алматы облысы әкімдігіне дейін барып, мәселені жауапты органдардың қатысуымен талқылады. Жиынға ауыл әкімі мен жер иесі де шақырылды. Тұрғындар тағы да өз талаптарын айтып, көше сатылмауын сұраған.
Алайда тараптар ортақ келісімге келе алмады. Жер иесі бұл аумақ өзінің меншігінде екенін айтса, ауыл әкімі екі жақта да 6 метрлік жол қалатынын жеткізді. Оның сөзінше, тұрғындар жолсыз қалмайды.
Соған қарамастан ауыл халқы алаңдаулы. Олар "көше орнына тағы үйлер салынып кетсе, жағдай қиындайды" дейді. Тұрғындар мәселені әлі де бақылауда ұстап, қайта жиналуға ниетті.