Бүгін Алматы қаласында әнші Роза Рымбаева мен қобызшы Ғазиза Ғабдрахимованың бірлескен туындысы Сезім атты бейнебаянның тұсаукесері өтті. Кешті Роза Рымбаеваның ұлы, әнші Әли Оқапов ұйымдастырды. Әнді жазған - Сәтжан Шаменов, сөзін жазған - Ақұштап Бақтыгереева. Орындағандар - Роза Рымбаева, Ғазиза Ғабдрахимова және Сәтжан Проджект. Бүгінгі кеш жақындарымыздың, достарымыздың жай ғана басқосуы, Сәтжан Проджектің, Бруклин бардың тұсаукесері. Анамның сахнада жүргеніне биыл 40 жыл толды. Сапалы музыканы тыңдайтындар мен сапалы музыканы сүйетіндердің басқосуы деуге болады , - деді Әли Оқапов Massaget.kz порталына. Кешке әншінің ең жақын адамдары арнайы шақырылды. Олардың ішінде қазақ эстрадасының жұлдыздары мен танымал журналистер де бар. Кеш иелері келген қонақтарға жанды дауыста өнер көрсетті.Музыкалық сүйемелдеу де жоғары деңгейде орындалды. Музыка атмосферасындағы кеш қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ғазиза Ғабдрахимова жеке орындауда да өнер көрсетті. Бүгінгі кештің себепкерлеріне келген құшақ-құшақ гүлдің санында шек болған жоқ. Музыкалық композициялар көрерменнің көңілінен шығып жатты. Жаңа бейнебаян иелері қуаныштарын жасырмады. Роза Рымбаеваның екінші ұлы Мәди Рымбаев тұсаукесерге достарын ерте келді. Қонақтар дастархан басында дәмнен ауыз тиді. Кеш көңілді өтіп жатты. Ал Роза Рымбаева мен Ғазиза Ғабдрахимова бірлесіп өнер көрсеткенде, ерекше үйлесім сезілді. Көрерменнің ыстық ықыласы үзілген жоқ. Сезім атты тортты кесу бақыты бейнебаян режиссеріне бұйырды. Роза Рымбаева келген қонақтардың бәріне өз қолымен торттан үлестірді. Тұсаукесер соңында кеш иелері сұхбат беріп, өз әсерлерімен бөлісті. Естелік суретке де түсті. Сурет: Массагет.кз