Қоғамдық көлік тізгіндеу үлкен жауапкершілік пен батырлықты талап етеді. Күнделікті 30-40 адамның тағдырын арқалап жүру оңай емес. Әсіресе автобус тізгініндегі әйел адамдарға артылған жүктің ауыр болатыны сөзсіз. Мұны күні кеше 3 адамның тағдырын жалмаған автобус апаты ұқтырды. Десек те осы салада қызмет етіп жүрген нәзік жандылар жетерлік. Солардың бірі №6 троллейбус тізгініндегі - Арайлым Калиланова. Ол 10 жылдан бері қоғамдық көлік жүргізіп келеді. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен тілдесіп көрді.
Автобус жүргізуді әкемнен үйрендім
Менің әкем ұзақ жылдар бойы автобус жүргізушісі болған. Кішкентай күнімде үнемі әкемнің жанында жүріп, көліктің рөліне құмар болдым. Жеңіл көліктерге қарағанда жүк көліктеріне, автобустарға қызығушылығым басым болды. Сол әкемнің жанында жүріп, автобус жүргізуді үйреніп, сол кісінің жолын қуалап осы жұмысқа келдім. Қазіргі таңда 10 жалдан бері осы троллейбус жүргізіп келемін. Ең алғаш 26 жасымда троллейбуспен адамдарды тасымалдап бастағанмын. Қазір №6 троллейбустің жүргізушісімін.
Қызық сәттер жиі болып тұрады. Бірде аспалы екі сым шығып кетіп, жүгіріп шығамын деген кезде қауіпсіздік белдігіне оралып қалып, құлап түскенім бар еді. Ол кезде ескі троллейбус болатын. Сол қауіпсіздік белгісіне сүрініп, көзімді көгертіп алып едім. Троллейбустың аспалы сымдары шығып кеткен жағдайды жіптен тартып орнына келтіреміз.
Бірақ менде мұндай жағдай өте сирек болады. Өйткені асықпай, байыппен жүргіземін. Өзгелер секілді қатты жүруге құмар емеспін.
"Жолаушылар жүргізушілерден бәле іздеп жүреді"
"Қазіргі жастар шектен тыс дөрекі. Келіп қоғамдық көлік жүргізушісін түртпектейді, әдейі сөзге айналдырады, тиісіп тұрады. Өздері келіп жүргізушілерден бәле іздеп жүреді. Өткендегі жігіттің әрекеті дұрыс емес деп санаймын. Негізі жүргізушінің мазасын мүлдем алуға болмайды. Сұраққа жауап бермесе, жолаушы әрмен қарай кете беру керек. Ал олар керісінше мінездерін көрсетіп, соңына дейін қасарысып тұрып алады", - деді ол.
"Рөлде отырғанда тиісетін адам көп"
Жақында ғана менің басымнан осындай жағдай өтті. Бір ер адам келіп, "Сенің отырысың ұнамайды маған" деп тиіседі. Одан кейін бағдаршамда отырғанда "Есікті неге ашпайсың" деп байланады. Жалпы рөлде отырғанда тиісетін адам көп. Біз көрінген жерден есікті аша алмаймыз. Заң аясында жұмыс істейміз. Көбіне ер адамдар дәл осындай оғаш қылыққа барады. Біреулері қуыстардан әдейі қолын сұғып тұрады. Олар бәле іздейтіндер ғой. Бізге амал жоқ үнсіз отыруға тура келеді.
"Жүргіушінің құқығы қорғалмаған"
Жүргізушінің құқығы заңмен қорғалуға тиіс. Өйткені ол кішкентай баладан бастап, үлкен ата-әжелерге дейін жүретін көлік құралын басқарып келе жатыр. Оған артылған үлкен жауапкершілік бар. Бізде ештеңе қорғамайды. Дұрысында, жүргізушінің жеке кабинасы болуға тиіс. Қоғамдық көлік жүргізушісіне ешбір адам кедергі келтірмеуі шарт. Сұрақтарға кішкентай терезе арқылы жауап бере алады. Ал кедергі жасаған адамға айыппұл салынуы керек. Жүргіушінің құқығы қорғалмағандығы соншалық, әлгі оқиғадан кейін автобус тізгіншілерін тағы да ұрып кетті. Жол бермеген үшін көлігінен түсіп келіп байланатындар, балағаттайтындар бар.
"Өмір бойына бас бостандығынан айыру керек"
Қорқыныш әлбетте бар. Ол жердегі жүргізушінің өмірі, жолаушылардың өмірі бірінші орында ғой. Қанша адамның тағдырын ойран етті. Әлгі жігіт ештеңеге мән берместен ақылға қонымсыз әрекетке барды. Ол өзінің күшін көрсеткісі келді. Менің ойымша әйел адамға қол көтеру еркектікке жатпайды. Ондай кезде ұрыс-керіс шыққан сәтте жол жиегіне тоқтап, әлі келсе өзі, шамасы келмесе жолаушылардың көмегімен мәселені біржақты қылған дұрыс. Ол кезде жүргізуші ұрады деп ойламаса керек. Менің ойымша әлгі жігітті өмір бойына бас бостандығынан айыру керек. Ондай адамдарға кешірім жоқ.
Мұндай жағдайлардың орын алуына тікелей жолаушылар кінәлі. Себебі жүргізуші өздігінен адамдарға байланбайды ғой. Кейде үйінен нашар көңіл-күймен шыққан адамдар бар ашуын жүргізушіден алады. Енді кейді сөз көтере алмайтын жүргізушілер болады. Ондай ұрыс-керістің арты апатқа соқтыруы ықтимал.
"Кореяға шақырды"
Өмір бойы рөлге отырмаған қыздар да бірден троллейбус жүргізіп кете алады. Егер адамның құлшынысы болса кез келген істі игеріп әкете алады. Ең бастысы жұмысты қиынсынбауы керек. Мені Кореяға жүк көлігін жүргізуге шақырған. Сондықтан өз ұнатқан жұмысыңыздың шебері болуыңыз керек. Сол кезде кез келген арманыңызға жете аласыз.
"Алматылықтарға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлағым келді"
Күніне 5-6 айналым жасаймыз. Жұмысқа таңғы сағат 5:30-да жұмысқа келіп, 6:00 де жолға шығамын. График бойынша кешкі 19:30-ға дейін қызмет қыламыз. Кейді түнгі 23:00-ге дейін жүретін сәттер болады. 2 күн істеп, 2 күн демаламыз ғой. Автобусқа жұмыстан шаршап келе жатқан адамдар мінеді ғой. Жаңа жыл жақындап келе жатқан соң сол адамдардың көңіл күйі көтерілсін деп көлігімді безендіріп қойдым. Алматылықтарға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлағым келді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!