"Пышағын ала ұмтылғандар болды". Қаралы қаңтардағы жас сарбаздың оқиғасы

2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзен қаласының наразы тұрғындары сұйытылған табиғи газдың бағасын төмендетуді талап етіп, автокөлік жолын бөгеп тастады. Халық қала және облыс әкімдерінен бағаны тұрақтандыруды және көгілдір отын тапшылығын жоюды талап етті. Бұл талаптар орындалмағасын наразылық шаралары келесі күні де жалғасын тапты. 4 қаңтар күні наразылық шаралары Алматыда басталды. 5 қаңтар күні сарбаздар мен жиналған топ арасында қақтығыс салдарынан жүздеген адам жараланып, бірнеше адам қаза тапты.

Алматыдағы қақтығысқа Ғалымжан Бердібайұлы да қатысқан. Ол қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы десанттық шабуылдау әскери бөлімінде кіші сержант қызметінде болған.

Ғалымжан Бердібай Жақсылықұлы – Түркістан облысы, Ақтөбе аулының тумасы. Жасы 27-де. Отбасындағы 4 ұлдың тұңғышы. Ата-анасы ауылда, мал шаруашылығымен айналысады. 2019-2022 жылдар аралығында десанттық шабуылдаушы әскерлер бөлімінде кіші сержант шенінде қызмет атқарған.

Ғалымжан мектеп бітіргесін 2016-2017 жылдар аралығында қазіргі Қонаев қаласындағы десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінде борышын өтеген. Себебі, бала кезінен арманы әскери қызмет болған.

"2019 жылы кіші сержант шенінде Алматыдағы десанттық шабуылдаушы әскери бөліміне қызметке тұрдым", - дейді ол.

Қаңтар оқиғасы басталған кезде Ғалымжан Бердібайдың үйленгеніне екі ай ғана болған. Осы оқиғалар кезінде үйін бір апта бойы көрмеген. Қақтығыс басталғанда оларды алдымен Төле би мен Байтұрсынұлы қиылысына жиналған топты тарату, тәртіп сақтау мақсатында алып келген.

"Шамамен бес жүздей сарбаз келдік. Біздің алдымызда да полиция қызметкерлері болды. Келсек адамдар Байтұрсынұлы көшесімен жоғарыға қарай көтеріліп келе жатыр екен. Дәл қиылыста тосып алдық. Қолымызда қару болған жоқ. Шит пен каска және бронжилетіміз ғана болды", - дейді Ғалымжан.

Олар алдымен жиналған топты таратуға тырысқан. Шеп құрып жоғарыға өткізбеуді ұйғарған. Ғалымжанның айтуынша, митингіге шыққандардың қолында тас, арматура, тіпті пышақ болған екен.

"Алдымен, тоқтаңдар! Тәртіп сақтайық! Тараңыздар" деп таратуға тырыстық. Ішінде төбелеспеуді, тәртіп сақтауды айтып жүргендер де болды. Бірақ адам қарасы көп еді. Дәл қазір есептеп айта алмаймын. Шамамен 5-6 мыңдай. Олар бір-бірін тыңдамады. Құтырып, пышағын алып ұмтылғандар да болды. Адам көптігі сонша, жолға симай кетті. Жан-жақтағы үйлердің арасынан да шығып жатты", - дейді ол қаңтар оқиғасын еске ала отырып.

© Tengrinews.kz/Алихан Сариев

Тәртіп сақтауға тырысқан 500-дей сарбаз алғашында жиналған топты тоқтатпақ болған. Бірақ тас, темірмен қаруланған көптің толқынына шыдамаған.

"Біз жоғарыға Байтұрсынұлы мен Қарасай батыр қиылысы жаққа қарай ақырын шегіндік. Жан-жақтан қоршаған адамдардан қорғану мүмкін болмады. Талай сарбаздың басына тас-темір тиіп жараланып жатты. Арасында пышақ жарақатын алғандар да бар. Бірақ оларды тастап кетпеуге тырыстық. Бізден бөлініп қалған кейбір сарбаздарды осы айналадағы үйдегі адамдар кіргізіп алды", - дейді Ғалымжан.

Сарбаздар Қарасай батыр көшесіне жеткенде екі жақтан тағы да екі топ келген. Жан-жақтан қыса бастаған.

"Біз үшке бөлінуге мәжбүр болдық. Дәл қиылыста қорғанып біраз уақыт тұрдық. Кейін тағы да қысымға шыдамай шегіндік. Шегіну кезінде бір сарбаз жараланып, құлап қалды. Соны алып шығамыз деп басқалардан 20 шақтымыз бөлініп қалдық. Осы жерде адамдар бізді таптап, ұра бастады. Басымнан таспен ұрып жатты, касканың арқасында аман қалдым. Кейіннен әскердегі достарым келіп, ажыратып алып кетті. Бір өлімнен аман қалдым", - дейді ол.

© Tengrinews.kz

Олар таңғы 10-11:00-ден шегіне отырып сағат 15:00-дер шамасында Сәтбаев-Байтұрсынұлы көшесіне дейін барған.

"Осы жерге барғанда адам қарасы азая бастады. Барлығы қалалық әкімдікке қарай кетті",- дейді ол.

Ғалымжан кешке дейін көптеген жауынгерлік досын таппай қалған. Олардың бір тобы жараланып емханаға түссе, бір тобын айналадағы үй иелері кіргізіп алған. Оның айтуынша, көмектескен тұрғындар көп болған.

Ғалымжан Бердібай Алматы қаласының Полиция департаментін 14 қаңтарға дейін қорғап тұрған. Кейіннен 25 қаңтарға дейін қалада кезекшілік қызмет атқарған.

Оның әскердегі келісімшарты қаңтардың 14-і аяқталуы керек болған.

"Бірақ мына жағдайға байланысты мен 25 қаңтарға дейін әскерде қызметте болдым. Кейін келісімшартты созбауға шешім қабылдап, қызметтен кеттім", - дейді ол.

Ғалымжан әскерден кейін ауылына барып, ата-анасының мал шаруашылығына көмектескен. Қазіргі күнде Алматыда құрылыс саласында жұмыс істейді.

Ол қазіргі айналамыздағы соғысқа байланысты еліміз әскери салаға көптеп назар аудару керек деп санайды. Дайындығын үдетіп, материалдық жағдайын жасаса дейді. Болашақта әскери салаға қайта баратынын айтады.

"Әскери сала бала кезден арманым еді. Әлі де сол ойым өзгерген жоқ. Болашақта қайтып барамын. Мен әскери саладан кетсем де еліміздің тыныштығына қауіп төніп жатса, кез келген уақытта сапқа тұруға дайынмын", - дейді ол.



Бөлісу: