Өзге Алматы: қаланың ескі, қорқынышты ғимараттары
Алматы - әдетте жастар қаласы саналады. Мегаполистің көздің жауын алатын таулары мен әсем табиғатына қарап, орталық астанада бәрі "жап-жаңа" деген ой қалыптасуы мүмкін. Алайда қаланың сіз білмейтін тұстары бар. Мұнда қараусыз қалған үй, біршама жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген, тозығы жеткен ғимарат көп. Олардың ішінде Кеңес заманында жұмыс істеген бұрынғы фабрикалар, балабақшалар, шипажайлар да бар. Massaget.kz редакциясы қаланы аралап, өзге Алматының тарихына үңілу үшін арнайы фоторепортаж дайындады.
Редакция тілшілері қалаға саяхатын Алматы-1 теміржол вокзалы ауданынан бастады. Суреттегі екі қабатты ескі тұрғын үй Түрксіб ауданы, Ж.Молдағалиев көшесінің бойында орналасқан.
Тұрғындардың айтуынша, тұрғын үйдің іргесі 1932 жылы қаланған. Тура сегіз жылдан кейін ғимарат 100 жасқа толады. Сыртынан қарасаң, осы уақыт аралығында жөндеу жұмыстары мүлде жүргізілмеген секілді.
Оған қоса былтыр осы тұрғын үйлерге қатысты шу шыққан болатын. Баспанамыз опырылып, үйінді астында қаламыз ба деп қорыққан тұрғындар "жергілікті әкімдік жағдайымызды көруге келмейді" деп налыған еді. Сондай-ақ ол кезде үйдің қабырғасы ылғал тартып, қақаған суықта мүлде жылымайтыны айтылды. Түрксіб ауданының орталығында орналасқан үйлердің тұрғындары ауылдағыдай, дәретхананы сыртқа орнатқан.
Тозығы жеткен келесі ғимарат – Алматы ипподромы.
Жетісу ауданы, І.Жансүгіров көшесінің бойында орналасқан Қазақстандағы ат спорты бойынша ең көне спорт ғимараты 1930 жылы ашылған. Ипподром тіпті Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмысын тоқтатпай, ат жасақтарын құру үшін жылқыларды жеткізіп отырды.
1980 жылы ипподромға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді: трибуналар, жүйрік және жүгіру жолдары, ат ауласы жаңартылды.
Алғашында мемлекет иелігінде болған спорт кешені 1990 жылы республикалық мемлекеттік басқарудан және Ауыл шаруашылығы министрлігінен шығарылып, иесіз қалды. Ат жарысы іс жүзінде өткізілмей, атқоралар мен стендтер құлдырады. Сөйтіп, 2000 жылдары жылқы иелері мен өсірушілер қауымдастығы "Жокей клубын" құрып, Алматы ипподромын сатып алды.
Ал 2008 жылға қарай ипподром сауда-саттыққа қойылып, оны "Тәңірі-Инвест" ЖШС сатып алды.
2015 жылы ипподромның жеке иесі оны бұзып, орнына сауда-ойын-сауық кешенін, супермаркет және басқа да коммерциялық нысандарды салуға шешім қабылдағаны белгілі болды. Жұртшылық, қала тұрғындары, ипподром қызметкерлері және ат спортымен айналысатын адамдар дабыл қақты. Бас көтергендер қала әкімдігіне, ауыл шаруашылығы министрлігіне және президентке Қазақстандағы жалғыз ипподромды сақтауға көмектесу үшін көмек сұрап, мемлекетке оны сатып алып, мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынды. Сонымен Алматының әкімдігі, қала әкімі Ахметжан Есімов ипподромды мемлекеттік меншікке қайтару туралы шешім қабылдады. Алайда екі аптадан кейін қалада басшылық өзгерді, қаланың жаңа әкімі Бауыржан Байбек қызметін бастай сала, бұрынғы әкімнің шешімін дереу жойып, сол арқылы ипподромға меншік құқығын жекеменшік иесіне қалдырды.
Бүгінде Алматы ипподромының күйі осындай. Жердегі тақтаны шөп тесіп шыққан, қабырғалар өрмекшінің ұясынан көз ашпайды. Қоқыс шашылып жатыр, трибуналар ескірген.
Келесі тұрғын үй - Алматы ипподромына қарама-қарсы беттегі екі қабатты тұрғын үй. Сырт көзге үйдің тозығы жеткені бірден көрінеді. Әйтеуір бұл үйдің Жетісу ауданындағы секілді апатты күйде тұрмағаны қуантады.
Тұрғын үймен бірге 1982-1994 жылдар арасында шыққан мына BMW E30 көлігі де өткен ғасырдың мұрасына айналыпты.
Ал бұл Жетісу ауданы Гүлдер саябағының маңындағы Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы. Канал суы суару, ірі өнеркәсіптік, шағын шаруашылық және рекреациялық қажеттіліктер үшін пайдаланылады. Каналдың құрылысы 3,5 жылға созылды. Арна 1980 жылдардың басында толық пайдалануға берілді және кеңестік Қазақстанның соңғы ауқымды жобасы атағын алды.
Алайда каналдың қазіргі жағдайы нашар. Аумақтың бір бөлігіне жекеменшік сектор салынған, ал нөсер жүйесі 30 жылдан астам уақыт бойы балшыққа толды. Кей жылдары қала шекарасына су тасымалдаған канал бүгінде қоқыс алаңына айналған.
Аумақтың қараусыз қалғанын вандалдар да тиімді пайдаланғаны байқалады.
Келесі локация - Медеу ауданында орналасқан "Алтын қақпа" көпірі. Бұл көпірді кейбір тұрғындар өте әсем санаса, енді бірі - қорқынышты жерге теңейді.
Адамдардың жүрексінуі де бекер емес. Көпір темір сымдармен бекітілгеніне қарамастан, үстімен жүріп өткенде теңселетіні сезіледі. Оған қоса көпірдің қисайып тұрғаны да бірден көзге көрініп тұр.
Көпірдің астында арық бар. Бірақ, өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар ма, ары-бері өтетіндер ме, арықты әбден қоқысқа толтырған.
Төмендегі суретте Қазақстанның ірі кондитерлік кәсіпорындарының бірі - "ЛОТТЕ Рахат" АҚ ғимараты. 1942 жылы негізі қаланған фабрика 1992 жылдың соңына дейін "Алматы кондитерлік фабрикасы", 2021 жылдың мамырына дейін "Рахат" АҚ болды.
Ғимараттың қасбеті кеуіп, кейбір жерлері түсіп қалған. Түнде маңынан өтсең, бойыңды қорқыныш билейді.
Терезелері сынған. Қабырға мен терезелерде жиналған шаң-тозаңға қарап, жөндеу жұмыстары жақында жүргізілмегенін топшылауға болады.
Бәлкім, төмендегі суретке бір қарағанда жай ғана аялдама дерсіз, бірақ кішкене жүрсеңіз артынан өте ескі үйді көресіз.
Жеке тұрғын үй қараусыз қалғанға ұқсайды. Терезесі сынған, оны сыртынан қалың қатырма қағазбен жауып қойыпты. Іргетастың сылағы түсіп, ішінен кірпіш көрініп тұр. Шатырды тіреп тұрған ағаш та шіріп кеткен.
Ал мына үйдің баспалдағы тіптен мүжіліп кетіпті.
Көпке танымал "Көк базардың" айналасындағы ғимараттың көпшілігінің күйі осындай. Сырты лас, күтім көрмеген, айнала қоқысқа толы.
Алматының қақ орталығындағы Абай даңғылы мен Масаншы көшесінің қиылысында орналасқан Түрксіб ауруханасының бұрынғы ғимаратының да тозығы жеткен. Бұл ғимарат әрқашан өзінің сұлулығымен назар аударды. Сырты әдемі аркамен, бағандармен, қалыппен және ою-өрнектермен безендірілген.
Түрксіб ауруханасы 1948-1950 жылдары сәулетші М.Кудрявцевтің жобасымен салынған. Сол кезде аурухана "Бас арықтағы Теміржол ауруханасы" деп аталды.
Ал қазір ғимарат көптеген жылдан бері бос тұр. Осы уақыт ішінде ішкі бөлмелер жарамсыз күйге түскен, терезе мен қабырға сынған, боялған. Ғимараттың бір бөлігі өрттен зақымдалған. Бір кездері танымал болған аурухана ғимараты бүгінде үйсіздердің баспанасына айналып отыр.
Редакция тілшілері бұрынғы аурухананың ішіне кіре алды. Ғимараттың аумағына кірген бойда өзіңді құдды бір фильмде жүргендей сезінесің, салқын жел соғады. Бөлмелер арасындағы есіктер ұрланған, кермелі төбенің түсіп кеткені үрейді күшейтеді.
Бұл ғимараттың ішкі аумағынан көрініс. Аурухана жұмыс істеп тұрған кезде қолданылған медициналық қалдықтар шашылып жатыр.
Құрылымдық жағынан ғимарат кірпіштен соғылған, едені - ағаш, шатыры - көлбеу. Аурухана 80-жылдарға дейін кеңейтілді, 1983 жылы кеңестік модернизм стилінде тағы бір жаңа ғимарат қолданысқа берілді.
2000-жылдардың басында қысқа уақытқа ғимарат Қазақстан медициналық институтқа берілді. Кейіннен мұнда бизнес орталығы мен жеке медициналық мекемелер орналасты.
2002-2003 жылдары кешеннен Амангелді көшесінің бойындағы кеңсе ғимаратының учаскесі тәркіленді. Жер кадастрлық картаның мәліметтері бойынша аурухананың бұрынғы аумағында қазір төрт жер учаскесі бар.
2018 жылы бұрынғы әкім Б.Байбек ғимаратты сәулет ескерткіштерінің алдын ала тізіміне енгізуді ұсынды. Бұл процесс 2021 жылға дейін созылып, сол кезде ғана толыққанды сәулет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді.
2022 жылы ғимарат муниципалдық меншікке айналды.
Ғимарат муниципалдық меншікке айналған сәттен бастап ғимараттың бұзыла бастағаны алаңдаушылық туғызады. Бұрынғы аурухана сәулет ескерткіші және мемлекет меншігі болғанына қарамастан, 2023 жылы ғимараттың шатыр жабынын кім бөлшектегені белгісіз, салдарынан ғимараттың қирауы үдей түсті.
Ал бұл Досмұхамедов - Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан екі қабатты тастанды ғимарат. Оның маңында жап-жаңа көпқабатты тұрғын үй кешені бар. Тұрғындардың айтуынша, жақында әлдекімдер ғимаратты көруге келген, бірақ қайтадан үнсіз қалыпты.
Мұнда да басқа қараусыз қалған үй/ғимараттар секілді қоқыс шашылып жатыр, үйдің бөлшектерінің сау-тамтығы қалмаған. Ал ғимараттың бұрын қандай қызмет атқарғанын болжау қиын.