"Өмірімнің бір бөлігі" - 30 жылдан бері құс баптайтын Шымкент тұрғыны
Шымкент тұрғыны Сырлан Тәшімбетов - бухгалтер. Десе де оның үйі мен бақшасы құдды құстардың бағы сияқты, көрген адам таңғалады. Мұнда жүзге жуық құс бар.
Сырлан Тәшімбетов құстардың сирек кездесетін түрлерін де жинаған. Мұның бәрі қарапайым балалық арманнан басталған.
"Алты жасымда Кеша тотықұс туралы мультфильмді жақсы көрдім. Ол кезде тірі тотықұсты көру арман еді. Бірде әкем екеуміз базарға бардық, сол жақтан тотықұстарды бірінші рет көрдім. Әкемнен сатып алып беруін өтіндім", - деп есіне алды ер адам.
Оның алғашқы құстары тордан ұшып кеткен. Одан кейін жасы үлкен тотықұс сатып алған, кейінірек жұптың орнына екі аталығын алған. Мұның бәрі оның қызығушылығын арттыра түскен.

Содан бері Сырлан өз үйінде ерекше сайрағыш құстар өсіріп келеді. Бұл қызығушылығына 30 жылға жуықтаған. Бүгінде оның үйінде жүзге жуық құс бар: канариялар, амадиндер, тіпті жергілікті құстар мен канариялардың будандары.

"Құс баптау - мен үшін демалыс. Үйде отырып, олардың даусын тыңдасаң, жан сарайың ашылады. Біреу үшін бұл жай ғана шырылдау шығар, ал мен үшін әуен", - дейді ол.
Ер адамның айтуынша, жұбайы оның хоббиіне әбден үйренген.

Балалар әкесіне көмектеседі. Бірақ Шымкент тұрғыны олардың қызығушылығы өзіндікіндей емес екенін мойындайды.

"Әулетімізде ешкім құс баптамаған. Бұл - тек менің ісім. Біреу үшін жай құс, мен үшін баға жетпес. Оларды жақсы көремін. Құстар - өмірімнің бір бөлігі", - дейді ол.

Сырлан құстарын балаларға қарағандай ерекше қамқорлықпен баптайды.


Оның торында жергілікті "жабайы" құстар да бар екен. Сырлан оларды сатып алып, емдеп, кейде еркіндікке жібереді.

Ер адам бұған хобби ретінде емес, үлкен іс ретінде қарайды. Оның бұл бағытта арманы да бар. Ол құстар орталығын ашқысы келеді.
"Адамдар өздері ауырып қалса, құстарын осында әкелсе деймін немесе жазда иелері демалысқа кеткенде, құстарды біраз уақытқа қалдыруға болады. Көмектесетін орнитолог болса екен. Оларға күтім жасайтын едік. Бізде ондай орындар жоқ, Өзбекстанда, Ресейде бар", - дейді ол.

Суреттер: ©️ Tengrinews.kz / Аружан Дәрібай