"Өмірдің мәні – өзіңді табу". Нұрсұлу апа өмір бойы жұмысқа жаяу барып келген

"Өмірдің мәні – өзіңді табу". Нұрсұлу апа өмір бойы жұмысқа жаяу барып келген

Мassaget.kz порталы қарапайым адамдардың өмірінен сыр шертетін фоторепортажын жалғастырады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Нұрсұлу апа. Зейнетке шыққанша есепші, зейнет жасынан кейін еден жуушы болып қызмет етіп келеді.

"Есімім – Нұрсұлу, 1950 жылы Тарғап аулында дүниеге келдім. Ауылымыз кішкентай, 220 үйдей бар. Әкем ерте қайтты. 5 ағайынды едік, өзімнен үлкен 3 бауырым бар еді. Қазір сіңлім екеуміз ғана қалдық. Техникумда оқыдым, есепші мамандығын игеріп шықтым. Ауылда оқығаннан кейін орысшаға шорқақ болдық. 28 жасымда тұрмыс құрдым. Марқұм күйеуім жақсы адам еді...", - дейді кейіпкеріміз.

Нұрсұлу апа "Алтын диірменде" жұмыс істеп, сол жақтан зейнетке шыққан. 

"Зейнеттен кейін үйде отыра алмайтынымды түсіндім. Қайтадан жұмыс іздедім. Қазір балаларға қолғабыс ретінде жүрмін. Қу дүние жеткізбейді ғой. Азық-түлік қымбат, несие дегендей... 2 ұлым бар, екеуі де 9 сыныптан кейін оқымай қойды. Қарапайым жұмысшы. Бірі таксист, бірі құрылыста істейді. Бірі үйленбеген, жасы 39-ға келді", - дейді апамыз.

Нұрсұлу апа оқу бітіргесін Алматыда қалған, өмірін осы қаламен байланыстыруды жөн көрген.

"Оқу бітіргесін Алматыда қалдық, Қызылорда облысының Аралына тұрмысқа шықтым. Сырдың келіні атандым. Марқұм күйеуіммен тату-тәтті ғұмыр кештік. Екі бала өсірдік", - дейді ол.

Нұрсұлу апа қазір бір компанияда тазалыққа жауап береді. Жұмысының ұнайтынын, жинап, тазалауға жасының кедергі келтірмейтінін айтады.

"Зейнетке шықса да адам құр қарап отыра алмайды екен. Алғашында "Магнумда" 1,5 жылдай жұмыс істедім. Одан кейін осындамын. Бәрі де балалардың қамы ғой. Соларға болыссам деймін. Үйленуі керек дегендей... Тұңғыш ұлымның үйі ескі", - дейді кейіпкеріміз.  

Нұрсұлу апа таңертең 07:00-де жұмысына келеді. Кеңсені тазалайды, еденін жуады, түстен кейін 16:30-ға қарай үйіне қайтады.

"Уақыт деген жұмыс екен ғой. Зу ете қалғанын білмейді екенсің. Үй мен жұмыстың ортасында өтіп кетеді. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге барасың. Тамағың бар дегендей...Балаларға қарайсың, балабақшаға апарасың... Сол жұмыс деп жүргенде уақыттың өткенін зейнетке шыққанда бір-ақ білдік", - дейді ол.

Нұрсұлу апа өмір бойы жұмысқа жаяу барып, келген. Соның арқасында денсаулығының сыр бермегенін айтады.

"Өміріме өкінбеймін. Бәрі жақсы өтіп жатыр. Қызығы мен шыжығын да көрдік. Өмірді жақсы көргеннен кейін болу керек өткеніме өкінген кезім болған жоқ. Өмірді сүйдім. Денсаулығыма мән бердім. Өмір бойы жұмысқа жаяу барып келетінмін. Соның арқасы шығар міне 73 келсем де әлі тыңмын, жұмыс істеп жүрмін. "Өмірдің мәні – өзіңді табу" деп айтып жатады ғой. Өзіңді таба алсаң ғана бақыттысың деп ойлаймын",- дейді кейіпкеріміз.

Нұрсұлу апа қазіргі жастарға көңілі толмайтынын айтады. Олар жалқау, қара жұмыс істегісі келмейді дейді.

"Қазіргі қоғамда бәрі жақсы, бәрі бар. Не керек десең де табылады. Технология дамыған заман. Бірақ жастар жалқау. Кішкене ұмтылайын демейді. Ал 2010-нан бері қарайғы жастар алғыр. Бәрін біледі. "Іштен біліп туады" деген сол шығар. Біздің кеземізде жастар отырмайтын еді. Жұмыссыз жүрмейтін едік. Жұмысқа құлшына кірісетінбіз. Ауыр жұмысты қалыпты қабылдайтын едік. Қазіргі жастар қара жұмыс істегісі келмейді. Бар әрине. Көпке топырақ шашпаймын", - дейді ол.

Кейіпкеріміз пандемия кезінде де жұмыс істеген. Үш вакцинасын да алғанын, ауырмағанын айтады

Жасы 73-тегі апамыздан уақыттың қадірін сұрадық. Ойлана келе былай деп жауап берді:

"Уақыт деген қолыңның арасынан сусып түсіп жатқан құм сынды. Оны пайдалануды білетін сияқтымыз, бірақ бәрібір босқа уақыт өткізіп, әр минуттың, секундтың, сәттің қадірін ұмытып кетеміз. Біз жұмсалған уақытты қайтаруға болмайтынын білеміз, біле тұра қажетсіз нәрселерге жұмсай береміз. Уақыт өте келе бәріміз өміріміздің елеусіз өтетінін және өткенді қайтара алмайтынымызды түсінеміз. Бірақ ол кезде тым кеш болады...", - дейді Нұрсұлу апа.

Содан соң кейіпкеріміз жұмыс уақыты екенін айтып, бізбен қоштасты. Кетіп бара жатып: "Өмір қысқа, әр сәттен ләззат ал", - деді.