Нұра ауылында құсбегілердің республикалық турнирі өтті
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылында ғұмырларын ұлы өнерге арнаған Әбен Тоқтасынұлы мен Сейітжан Байжүнісұлы атындағы Құсбегілердің республикалық турнирі өтті.
Саятшылық өнерден байрақты бәсеке Республикалық «Қыран» Федерациясының бастамасымен ҚР Спорт Комитетінің, ҚР Ұлттық Спорт түрлері Қауымдастығының және Алматы облысы және Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігінің қолдауымен өтті.
Бұл турнирге еліміздің бірнеше облысынан (Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, ОҚО, Атырау облыстары мен Астана, Алматы қалалары) бүркітшілер келіп қатысты. Екі күнге созылған сайыста 25 бүркітшіден 6 құсбегі ақтық сынға өтіп, бақ сынасты.
Жарысты бастамас бұрын, ата дәстүр бойынша, ақ жаулықты анамыз шашу шашып, ұйымдастырушылар, ел ағалары арнайы сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Байқау барысы...
Онан әрмен көптен күткен саятшылар сайысы басталып та кетті.
Алғашқы болып ақтық сынға жолдама алған екі қаршыға І орынға таласты.
Кезекті жолдаманы иеленген алты бүркітші құстарының бабы мен бағы бабалар салтының айшықты үлгісімен сыналды.
Ескере кететін жайт, бұл жолы әдеттегідей қоян, түлкі т.б. аңдарға бүркіт салуға құзырлы мекемелер тарапынан тыйым салынды. Құсбегі қыранын тек қолға шақырумен, шырға тартумен ғана шектелді.
Ұлт спорты мен таңғажайып табиғаты үйлескен тамаша кезеңнің көңілді көріністерін қалт жібермеуге тырысқан фотогрофтың еңбектеніп тұрған сәті.
Қазылар алқасы шешімін шығарғанша, ел ағалары аңшылық туралы өлең оқып, ата-баба аманатына айналған асыл кәсіп жайлы әңгіме жарыстырған тұста құсбегілер бүркіттерін тамақтандыруда.
Қызылға тойынған түз тағысының томағасын тақты.
Нәтижесінде, алты бүркітшіге арнайы сыйлықтар берілді. Ал жүлделі ІІІ орынды Серікжан Күнтуғанұлы (Астана қ.) қанағат тұтса, атыраулық Қошқаров Арман азаматтық танытып өзімен тең түскен Жұқай ақсақалға (Алматы облысы) жолын берді. Осындай қызықты әрі тың жаңалықтарға толы жоба алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Байқау жеңімпаздарын Ауғанстан мемлекетінің Қазақстандағы Бас елшісі Саид Майнудин Майен марапаттады. Өз сөзінде мұндай таңдаулы жобаға алғаш қатысқанын әрі бүркіт баптаған халыққа қыран мінезінің тән екенін баса айтып, таңданысын білдірді.
Келесі қансонарда кездескенше достар!
Сурет: Ерболат Қанатбек