22 наурыз Алматы қаласы Астана алаңына Наурыз мейрамына орай киіз үйлер, шатырлар, түрлі инсталляциялар орнатылып, халықтың дәстүрін, әдет - ғұрпын көрсететін театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, ұлттық спорт ойындары қазақша күрес, қошқар көтеру, арқан үстімен жүру, каскадерлердің ат үстіндегі өнері көрсетілді. Шатырлы жәрмеңке кешенінде ұлттық қолданбалы өнер бұйымдары қойылды. Кәрі құрлық Еуразияның шығысында Сары өзен-Хаунхэден бастып, батысында Жерорта теңізіне дейінгі біраз елдерде Ұлыс тойын тойлау дәстүрі бар. Мәселен, күн мен түннің теңесер шағын байырғы гректер партих, парсылар науруз, соғдылар наусаруз, армяндар науасарди, қытайлар мен-чунь, моңғолдар шаған, бұйраттар саансара, шуаштар нориз ояхиял, бирмалықтар су мейрамы, т.б. деп атап, молшылықтың басы ретінде тойлайды. Ұлыстың Ұлы күнінде ең киелі рәсім көкжиектен шапақ шашып шашырай шығып келе жатқан күнді қарсы алу дәстүрі. Мұндайда ақ жаулықты аналар тостағанға ақ құйып алып шығып, күн көзіне қарата шашып, үш мәрте тізе бүгіп тағзым етеді. Атар таңға, шығар күнге тәу-тәу, Басымызға амандық, малымызға береке дарыта көр! деп тілек тілейді. Ақ сақалды қарттар болса: Е-е, Тәңірім, басымызға бас қосып, жасымызға жас қосып, Ұлыстың Ұлы күнімен тағы да қауыштырғаныңа мың бір алғыс! Тәуба! Тәуба! Тәуба! деп, тілекке тілек қосып, алақанын шығар күннің шапағына қарсалап, маңдайына тәу етеді. Қадым заманғы наным-түсінің бойынша Адам, Қоғам, Табиғат біртұтас құбылыс. Сондықтан да Ұлыс күнінде барша дүние-әлем қуаныш құшағында, жанды-жансыз атаулының баршасы шат-шадыман, жадыраңқы. Бұл күні жамандыққа орын жоқ, тек ізгілік үстемдік құрмақ. Жаз періште бел алады, Жер-Ананың тас емшегі жібиді, төс емшегі ииді, жан біткенге наз кіреді. Әсіресе, күн мен түннің теңесуі құдіреті күшті Тәңірдің әмірімен болғандай қабылданып, Жер бетінде де теңдік идеясына айрықша мән берілген. Ұлыс күні Хан мен Құл, Бай мен Кедей, Ер мен Әйел, Үлкен мен Кіші, Ата мен күйеу, Ене мен Келін, т.б. сияқты әлеуметтік топтар өзара әзіл жарастырып, ниет ортақтастырып, әркім өзін шын мәнінде уақыт пен кеңістік аясындағы ұлы құбылыстың бір бөлшегіндей сезінеді. Мұны Ұлыс күнгі салт-жоралардан айқын аңғаруға болады. Ұлыс күні елдің ертеңі деп ер балаға бәсіре тай сыйлайлы, қалыңдық айттырады, тіршіліктің тірегі деп малға ен салады, жақсылығы жұғысты болсын деп Ұлыс күні туған балаға Келіс, Кіріс, Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамкүл... деген есім береді. Жыл берекелі болсын деп ыдыс атаулыны бос қоймайды, жақсылық бел алған күн ғой, сәтіне қарай тартады деп алуан түрлі ырым-жоралғы жасайды, түс жорытады, балалардың жасына қарай кекіл, тұлым, айдар қояды, қаз басып жүре бастаған жас нәрестенің тұсауын кеседі. Мал тарыдай көп болсын деп қотанға тары шашады, бұл күнгі құдалық өмірлі болады деп құдалық айттырады, құйрық-бауыр жесісіп, төс тигізіседі, уәде байласады, жамандықты ала кетсін деп ескі-құсқы заттарды отқа жағады, өлік шыққан үйді, сырқаты бар үйді, індет келген қотанды отпен аластайды. Теңдікті Тәңірдің өзі ұнатады деп қарыздан құтылады, өкпе-назды ұмытып, бітімге келеді, жұтқа ұшырағандарға жылу жинап ел қатарына қосады, құл мен күңге азаттық береді, жаппай жаяу жарыс ұйымдастырады, барша жанды тең санайды. Берекенің бастауы деп жеті түрлі дәмнен Ұлыс көже пісіреді, бұл күнгі тілекті Тәңір қолдайды деп бір-біріне жақсы тілек айтысады, бата беріседі, Ұлыстың құты деп шығар күнге ақ шашып, тәу етеді, т.б. Тілек айта келгендер әр үйдің тағамынан сарқыт алып, оны өз үйіндегі тағамға қосады. Мұнысы жаңа жылда осылай араласып, тату-тәтті өмір сүре берейік деген тілеуі.