Музей грек тілінен аударғанда "муза сарайы" деген мағынаны білдіретінін білдіңіз бе? Бұл - тарих пен өнердің тоғысқан жері. Ашық көк түсті күмбезді ғимарттың іші тарихи ескерткіштерге, өнер туындылары мен мәдени құндылықтарға тұнып тұр.
Бұдан 2 күн бұрын Алматыдағы Орталық музейде "Музей түні" өтті. Massaget.kz тілшісі құнды жәдігерлер, тарихи көрмелер мен көзтартар жәрмеңкелерге шолу жасады.
Алматының орталығында орналасқан музей қала тұрғындары мен қонақтарына есігін кешкі сағат 18:00-де ашты. Тарих қойнауына сүңгуге асық болған адам көп.
Тіпті қараңғы түскенге дейін де адамдар легі азайған емес.
Отандық қолөнершілердің картиналары 4 қабатты ғимаратта ілініп тұрды.
Ал жәрмеңкеге келген қолөнершілер ғимаратты жағалай жайғасқан.
Көрмеге қатысқан қолөнершілердің бірі - Гүлзира Сәрсенбаева. Алаша тоқу өнерін меңгерген әйелдің айтуынша, музей әкімшілігі қолөнершілерді арнайы шақырған.
"Алматыда тұрамын. Қолөнермен айналысамын. Бұл шараға музей қызметкерлерінің арнайы шақыртуымен келдім. Маған ұнап жатыр", - дейді ол.
"Менің бар мақсатым - жастар қолөнердің бұл түріне қызығып, үйреніп, кейінгі ұрпаққа жалғастырса екен", - дейді Гүлзира Сәрсенбаева.
Ғимаратты айнала жүргенде зергерлік бұйымдарға назарымыз түсті. Көздің жауын алған бұйымды қолөнершілер отбасы қолдан жасайды екен. Сондай-ақ, ат әбзелін де әсемдеген Бекдайыр Қоңыр арнайы шақыртумен келгенін айтты.
Бекдайыр Қоңырдың балалары да қолынан өнер тамған жандар. Бірі - мүсінші, енді бірі ат әбзелін жасаса, кейінгілері керамикадан бұйым жасап, тоқыма тоқиды. Ал әйелі тігінмен айналысады.
Қолөнершілер арасында өнерін көпшілікке ұсынған жасөпірімдер, тіпті балалар да болды.
Тарих пен әсемдікке толы музейдың алтынға толы құнды бөлмесі кез келген адамды қызықтырары анық. Алайда мұнда кіру тегін емес.
Сонау ғасырдан қалған алтындар арнайы әйнекпен қапталған сөрелерде тұр.
Бір қызығы, бұл бөлменің температурасы да бөлек - салқын. Ал музей қызметкерлерінің айтуынша, бұл бөлмедегі алтындардың тазалығы - 90 пайыз.
Таза алтынды қорғайтын арнайы полиция қызметкері де бар.
Көрмелер арасында әр елдің теңгелері көрсетілген сөре қызықтырмай қоймады.
Музейге келушілер мұндағы әсемдікті көріп, керемет сезімге бөленгеніне күмәніміз жоқ.
Көрмелер арасында ерекше ден қойылғаны, арнайы безендіру жасалғаны - бесік көрмесі. Мұнда шегесіз жасалған ерекше бесік бар.
"Қай жерде, қалай жасалғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бізге белгілі саяхатшы, фотосуретші Таймас Нұртаев музейге сыйға тартқан. Мұның басқа бесіктерге қарағанда ерекшелігі - шегесіз жасалғаны. Тек ағаштан иіп жасаған, ал шыбықтарының орнына ала арқанды пайдаланған. Басқа бесіктер ағаштан, қарағайдан жасалса, бұл бесік талдан иіліп жасалған", - деді музей қызметкері.
Қызметкерлер бесіктің негізі құрамына да тоқталып, жиылған жұртқа түсіндірді.
Әскери полиция басқармасының мерзімді әскери қызметшілері де музей түнінен қалмады. Олардың айтуынша, бұл туралы әлеуметтік желіден білген.
Жүрек жылытып, елжіреткен тағы бір нәрсе - музейге балалардың көп келуі. Өз халқының тарихын, мәдениеті мен өткенін білемін деп ұмтылған ұрпақ еліне жаны ашып өсері анық.
Мына көрініс тіпті керемет! Соғыс жылдарынан қалған жәдігерлерді баласына көрсетіп, аталарының еңбегін ұлықтаған әке.
Музей түніне тек отандық емес, шетелдік қолөнершілер де шақырылған.
Хусейн Ағазаде - Иран Ислам республикасы Бас консулдығының жанынан ашылған Иран мәдени орталығының атташесі. Бұл жерге музей әкімшілігінің шақыртуымен келген.
"Бүгін музей түніне орай Қазақстанның өнерінің, мәдениетінің қаншалық терең екенін көрсету үшін шақырды. Сонымен қатар, Иран мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықтың терең болуы үшін шақырды. Біздің елде де музей түндері өткізіледі және оның форматы ұқсас. Қазақтардың мәдениетке қызығушылығы терең екенін көріп отырмыз, Иран халқы да осындай, музей күндері көп жиналады. Бізде бұрыннан қалған қирандылар бір-бір музей болып тұр", - деді ол.
Атташенің айтуынша, қолөнер шеберін арнайы алдыртқан.
"Бұрын қазақтар парсы жазуын қолданған, сондықтан екі елдің мәдени сабақтастығын көрсету үшін көркем жазу шеберін әкелдік", - деді ол.
Көркем жазу шебері Бехназ Дарбанди музей түні туралы пікірін білдірді. Шебердің жұмысына тәнті болып, өз есімін парсыша жаздыруға ниетті болғандар аз болмады.
"Бірнеше жылдан бері каллиграфия өнерімен айналысамын. Қазақстанда тұрып жатқаныма 1 жыл болды. Қазақстан мен Иранның мәдениеті мен тарихы ұқсас болғандықтан аса айырмашылық байқалмайды. Қазақстан Ираннан кейінгі екінші отаным десем де болады", - деді шебер.
Музейде шырқалған хор тіптен бөлек атмосфераға баулыды. Алдымен классикалық әндер, кейін "Саумалтау" шырқалғанда құдды бір музейде емес, көне шығыс базарында жүргендей сезінесің.
Кейін ортаға Абай образында актер Болат Әбділманов шығып, ұлы ақынның шығармасын оқыды.
Бұл күні "Музейге сый - ұрпаққа аманат" акциясы аясында түрлі сыйлық сыйланды: кітаптар, ескі фотосуреттер, тіпті баспа машинасы.
Бұл түн тек ересектердің емес, сонымен қатар, балалардың да есінде ұзаққа қалатыны сөзсіз.