"Мұндай қызмет әлемнің туристік астаналарында бар". Кәсіпкер ерекше бизнесі туралы айтты
Жаһандану үрдісі түрлі кәсіптің пайда болуына, түрлі жұмыс орнының құрылуына, сондай-ақ, адам идеясы мен қиялының шексіз екенін тағы бір дәлелдеді. Статистикаға сүйенсек, Алматыда 20 мыңнан аса кәсіп бар. Massaget.kz тілшісі нарықта әлі кездестіріп көрмеген ерекше кәсіп иесімен сұхбаттасты.
Сіз көзіңіздің түсі қандай екенін білесіз бе?! Ал оның басқалардың көзінен қандай артықшылығы барын ше?! Көзің қаншалық әдемі боларынан хабарыңыз бар ма?! Көз - адамның шамшырағы, айнасы мен көркі. Бірақ көп жағдайда біз оған мән бермейміз...
Алматыда жаратылысыңыз туралы көбірек білуге мүмкіндік пайда болды. Алексей есімді кәсіпкер 2 жыл бұрын көздің нұрлы қабығын суретке түсіру ісін ашқан. Оның айтуынша, бұл идея туризм мен сурет арасындағы байланыс тудырғысы келгеннен туған. Бұл бизнес негізінен сұлулық, шығармашылық және даралық туралы.
"2022 жылы Алматыда ашылған кезде біздің негізгі идеямыз құжаттарға, бизнес сайттарына және портфолиоларға арналған "бизнес-фотопортреттер" түсіру болған. Өйткені қалада мұндай сегмент бұрын-соңды болған жоқ. Жұмыс жүре бастағаннан кейін біз бірден көз технологиясын сынай бастадық, өйткені Алматы - еліміздегі туристік қалалардың бірі. Бұған бірнеше апта бұрын Нью-Йорк Таймс газетінің Алматыны жаһандық ауқымда баруға ұсынылатын қалалар тізіміне енгізгені дәлел. Алматы шын мәнінде туристік орталық, алайда біздің қалада туризм мен фотосурет байланысы жоқ. Мұнымен не айтпақпын?! Мұндай қызмет (нұрлы қабықты суретке түсіру - еск.) әлемнің туристік астаналарында бар. Барселонаға, Нью-Йоркке, Парижге саяхаттасаңыз, онда көзді суретке түсіріп, кәдесый ретінде алуға болады, бірақ Алматыда мұндай қызмет бүгінгі күнге дейін болмады. Мен картадан нұрлы қабықты немесе көзді суретке түсіру деп терсем, мұндай категорияның жоғы белгілі болады. Ғаламторда да бұрын болмаған. Сондықтан бұл технологияны командамен тестілеп, толығымен өзіміз әзірледік", - деді кәсіпкер.
Алексей технологияның қалай құрастырылғанын және сыналғанын айтып берді.
"Жарты жыл бойы бір-біріміздің көзімізді қинап біттік, технологияны картон қораптан бастадық. Осы уақыт ішінде біз механизмді пысықтап, жинадық, кейін сапаны арттыратын мамандарды бұл жобаға шақырдық. Көз - өте күрделі зат. Біріншіден, бұл - сфера, суретке түсірерде фокус алу аздап ыңғайсыз. Екіншіден, ол үнемі жылжып тұрады, көзді жұмбай ұстау қиын. Бұл жайттарды ескере отырып, кейде көзді анық фокуспен түсіру мүмкін болмайды. Мұндай табиғи жайттар фотосуреттің сапасына әсер етпеуі үшін арнайы мамандарға жүгіндік, олар бізге өнімнің сапасын жақсартуға көмектеседі. Әрі қарай біз тестілеуге білек сыбана кірістік, кейін түрлі жәрмеңкелерге шықтық", - деді ол.
Алғашында офтальмолог-дәрігердің қабылдауында отырғандай сезіледі. Алдымен иегіңізді құрылғыға ыңғайлы етіп қою керек.
Одан соң көзіңізді мүмкіндігінше кеңірек ашыңыз.
Дайын! 1-2 секундтан соң нәтижені көре аласыз.
Алексейдің айтуынша, осындай жәрмеңкелердің бірінде Америка мен Үндістанда осындай фотоға түскісі келгенін, бірақ бағасы қымбат болғанын айтып, бірнеше адам жүгінген.
"Олар Нью-Йоркте осындай қызмет түрін көргенін, бірақ бағасы удай болғанын айтты. Ал бір отбасы бізді тіптен таңғалдырды. Анасы мен екі қызы келді. Отбасында 5 адам екен. Әкесі мен баласы сол кезде Барселонада болды. Олар сол жерде көздің нұрлы қабығын түсірген, анасы біздің қалада да мұндай қызмет барын біліп таңғалды. Ол да қыздарымен көзін түсірді. Барселонадағылар бізге өз суреттерін жіберді, біз бәрін қосып, жасап бердік. Дайын жұмысты басып шығарғанда біздің суреттердің сапасы әлдеқайда жақсы екенін түсіндік. Мұнда жасалған жұмыс Испанияда түсірілгеннен айтарлықтай ерекшеленді", - деді Алексей.
Алматы - туристік астана, бұдан басқа ол - трансферлер үшін ірі авиациялық хаб. Кәсіпкердің cөзінше, ашылғаннан кейін Ресейден де сұраныстар түсе бастаған. "Біз демалысқа саяхаттап бара жатырмыз, жолай Алматыға соғамыз. Сол кезде көзді суретке түсіріп, қайтар жолда суретті алып кетеміз" дейтін туристер бар. Осылайша Алматының туристерге арналған секторы бөлігі жұмыс істей бастады. Қаламызға саяхаттап келген қонақтар, бұл қызметті өз жоспарына қоса бастады.
Бұл технологияны 1 айға жуық сынақтан өткіздік. Былтыр маусымда бизнесті бастап кеттік. Алексей кәсіп атауында қандай мағына барын және негізгі идеяның қандай екенін түсіндірді.
"Компаниямыздың атауы - Senseye. Біздің белсенді және креативті топ мүшелеріміздің бірі бұл тіркестен қызық нәрсе байқады. Sens - сезім, бірақ ағылшын тілінде, сондай-ақ, sens дегеніміз - иіс сезу. Яғни, сезім мүшелерінің әлемді ұғынуы. Негізінде, екі мағынаны біріктірсек, "көз арқылы сезіну" десек болады. Бұл не дегеніміз?! Күнделікті қарапайым форматта көзді көру мүмкін емес, оған жарық, масштаб әсер етеді. Біз адамға өз көзін басқаша қырынан көруге мүмкіндік береміз. Негізгі идея қандай?! Бір жерге кіргенде түрлі картиналар көзге түседі, бірақ әр адамда өзінің ерекше өнер туындысы бары рас қой?! Мәселен, оның көзі. Адам оны көпшілікке көрсете алса, біздің ойымызша, бұл - керемет. Біздің міндетіміз - фотосуреттерден басқа, әр адамның эстетикалық талғамына сәйкес келетін нұсқаларды ұсыну", - деп түсіндірді ол.
"Біз жұмысқа кірісе бастағанда, ғаламторда "көздің нұрлы қабығы" деген ұғым жоқ екенін байқадық. Серіктестерімізге жүгіндік, кейін бұл кәсіпке негізделген арнайы санат пайда болды, бұл секторда біз әзірге жалғызбыз. Осылайша біз фотосурет нарығына жол салдық", - деп қосты кәсіпкер.
Алексей көпшілікті қызықтыратын маңызды сұрақтарға жауап берді.
Бұл қауіпсіз бе?
"Офтальмологияға қатысты сұрақ көп. Адамдарда оның қауіпсіздігіне байланысты қызығушылық пайда болады. Көзді суретке түсіру технологиясының қарапайым фотосуреттен айырмашылығы жоқ. Ерекшелігі - адам көзін бір секундқа ашып, суретке түсіргенге дейін қозғалмай қатып қалуы керек. Көзінде ақауы бар адамдар да бар, оларға сәл қиын болуы мүмкін, бірақ біз олармен де қалай жұмыс істеу керегін білеміз. Көру қабілетіне әсер ететін ешқандай қарсы көрсетілімдер жоқ. Өйткені бізге көзін суретке түсіру үшін дәрігерлер де, офтальмологтар да келеді".
Линза таққандарды да суретке түсіреміз бе?
"Әрине, линзаны шешіп тастаған дұрыс, бірақ мұндай мүмкіндік болмаса, суретке түсіре береміз".
Көзге зақым келіп-келмегені туралы дәрігерлік сараптама жүргізе аламыз ба?
"Бұл кәсіп шығармашылық, сұлулық пен даралық туралы. Біз офтальмолог емеспіз, командағылардың ешқайсында кәсіби медициналық білім жоқ. Бірақ бір жайт есімде. Бір отбасы ұлының көзін суретке түсіруге келген. Баланың көзінде құртқа ұқсас, қозғалатын нәрсе байқадық. Ата-анасы бұрын мұны көрмеген, осылайша біз оларға бұл туралы айттық. Әрі қарай не болғанын білмеймін, бәрі жақсы деген үміттемін".
Алексейдің айтуынша, көздің нұрлы қабығы ерекше, ғажап түсті адамдар да бар, оларды суретке түсіру бір ғанибет. Кәсіпкер бұл туындыларды қалай пайдалануға болатынын айтты.
"Бұл жұмыстарды интерьер безендіруге, біреуге сыйлық ретінде беруге болады. Мұның бәрі - адамды өзін және әлемді қабылдаудың эстетикалық бөлігі. Адам бірнәрсеге өз көзімен қарауға, таңдануға үйреніп қалған, ал өз көзін картина ретінде көрген адам бұдан да қатты таңданысқа түседі. Көзді суретке түсірегенде оны өңдеудің қажеті жоқ, табиғат онсыз да бәрін әр адамға сай етіп әзірлеп қойған", - деп қосты ол.
Алексей мұндай ерекше кәсіпті ашуға не түрткі болғанын айтты.
"Бұған көп нәрсе әсер етті. Соның бірі - Алматы туристік орталық екені. Туризм тұрғысынан мұнда тамақ та, аралайтын жер, ұлттық нақышқа негізделген заттар да бар. Алайда өз еліңе естелік ретінде алып кетер зат аз. Бұдан басқа, бір жылда кем дегенде 2-3 мереке бар. Адамдар бір-біріне бәрін сыйлап қойған секілді. Мұндай жағдайда бұл - таптырмас, ерекше сыйлық. Сайып келгенде, бұл "адамның өзі туралы ғой".
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!