“Мұнда өзімді керексіз сезінбеймін“. Ұзақ өмір сүру орталығынан репортаж

“Мұнда өзімді керексіз сезінбеймін“. Ұзақ өмір сүру орталығынан репортаж

Ұзақ өмір сүру үшін не істеу керек? Оның құпиясын білесіз бе? Ол үшін арнайы сиқырлы сусын ішудің қажеті жоқ, бар болғаны күтініп, көңіл күйіңізді қадағаласаңыз болғаны. Massaget.kz тілшісі Алматыда Ұзақ өмір сүру орталығына барып, онда тұрақты келушілермен сұхбаттасты. 

Медеу ауданындағы бизнес орталықтың екі кабинетінде көп адамға беймәлім жылу бар. Бұл - Ұзақ өмір сүру орталығы. Бұл жердің тұрақты келушілері - зейнетке шыққан қариялар. Оларға барлық сабақ тегін. Мұнда ағылшын тілінен курс оқып, биге жазылып, йога жасап, психотерапиядан өтіп, тіпті өзіңе ұнайтын киім тігіп, не тоқып алуыңа болады. Зейнеткерлер бұл орталыққа жұмысқа келгендей қалмай келеді, себебі бұл жай орталық емес, жылы орта, жайлы қоғам мен достар. 

Мұнда келушілердің арнайы күн тәртібі бар. Әдетте сырттан келген адам ең алдымен қолын жуса, орталыққа келген қариялар бірінші қан қысымын өлшейді. Содан кейін әкімшіге тіркеліп, әркім өз сабағына барады. 

Ал орталық бұрышында мақтау қағаздары емес, барған жерлері мен бірге өткізген сәттері бейнеленген. Зейнеткерлер Көлсайға, Алакөлге, Көшпенділер қалашығына, Шарын шатқалына барып үлгерген. Ендігі жоспар - Ташкент қаласына бару. 

Мұнда жанға жайлы істің бәрін табуға болады: сурет салу, тоқу, йогамен айналысу, психолог кеңесі. Зейнеткерлер салған суреттер көрмеге қойылады, ал түскен табысты өздеріне алады.  

"Адамдар бізді әлеуметтік желі арқылы, басқа зейнеткерлер арқылы біліп келеді. Бізде мобильді топ бар. Олар табиғат аясында, 28 панфиловшылар паркінде, Самал, Тереңқұрда сабақ өтеді. Ал орталықта жаттығу терапиясы, айкуне (омыртқаға арналған жаттығулар - еск.), сурет салу, психология, еңбек терапиясы, ағылшын тілі, қазақ тілі, есте сақтау қабілетін арттыру сабағы, мобильді сауаттылық, компьютерді пайдалану сабағы, би, ән, теннис сабақтары өтеді", - дейді орталық басшысы. 

Ағылшын тілінен шетелдік Санни мырза сабақ береді. 

Бұдан басқа, заманауи технологияларды меңгергісі келетіндерге де арнайы сабақ өткізіледі. 

Ербол Хамитұлы орталық ашылған сәттен бастап үнемі жаңарып отыратынын айтты. Мұнда жаңа сабақтар қосылып, келушілер саны жыл сайын артады. 

"Бізге келушілердің саны артып, жаңа сабақтар қосылды. Біз сапалы, өз ісінің мамандарымен жұмыс істеуді бастадық. Мәселен, айкунеден сабақ беретін маманның артынан бірнеше зейнеткер келген. Олар басқа аудан тұрғындары болса да, біз олардың бетін қақпаймыз", - дейді ол. 

"Қиын емес, керісінше, сауапты іс"

Орталық қызметкерлерінің сөзінше, қарттармен жұмыс істеу қиындық тудырмайды, қайта сауапты іс жинап, оларға көмектесе алатындарына қуанады. 

"Қариялармен жұмыс істеу қиын емес, керісінше, сауапты іс. Күнде бата аласың. Түрлі ауруларға шалдыққан, есін жоғалтқандар да бар. Олармен біз психологиялық жұмыс жүргіземіз. Оларға түрлі тапсырма, ойын береміз. Көңілін көтеруге барымызды саламыз. Біз күнде шай, тәтті тоқаштар әкелеміз. Кез келген адам келіп, шай ішіп, әңгіме айтуға мүмкіндігі бар", - дейді олар. 

 Маман ұзақ өмір сүру құпиясын айтты. 

"Адам үнемі өзін дамытып отыруы керек, сол қолмен жазуы керек. Сол қолмен күнделікті істерді істегенде оң жақ ми сыңары дамиды. Ұйқыны дұрыстау керек. Жаңа таныстық, достар. Адам қоғамға бейімделген сайын, өзін күтінген сайын өмірі ұзарады", - дейді ол. 

Зейнеткер Людмила Владимировна және оның киізден жасалған бас киімі

"Қол-аяғымыздың, тіземіздің ауырғанын осында келіп ұмытып кетеміз"

70 жастағы Қатима Ырғайтенованың бұл орталыққа келіп жүргеніне 2 жыл болған. 

"Бұған дейін басқа аудандағы орталыққа барып жүрген едім. Бұл орталыққа басқа ауданда тұратын зейнеткерлер де келеді, себебі мұнда жұмыс істейтін мамандар да, әкімшілік те, медбике де өте мейірімді, қарапайым жандар. Мұндай адамдар кездескенде оларға тартыласың. Мен бұл орталыққа күнде келемін. Балаларыма жұмысқа барамын деп кетемін. Мысалы, таңғы 7:30-да жаттығу терапиясы болады. Ол жердегі бапкеріміз өте білімді, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Әр жаттығу ағзаның қай бөлігіне жақсы әсер ететінін түсіндіреді. Жаттығу терапиясы аптасына 3 рет болады, адам көп келеді, кейде залға сыймай жатамыз. Одан басқа, ағылшын тілін де үйреніп жүрмін. Егде кісілердің миы жақсы жұмыс істеуі үшін тіл оқу керек. Людмила Александровна - еңбек терапиясынан беретін мұғалім. Ол өз ісін жетік біледі. 60-70-тен асқандарға түрлі нәрсе үйретеді. Оның сабағына тіпті аталар да келеді. Тоқимыз, қол моторикасын жетілдіреміз. Қол-аяғымыздың, тіземіздің ауырғанын осында келіп ұмытып кетеміз. Есте сақтау қабілетін дамытуға арналған сабақ та бар. Онда есептер шығарамыз, ойлау қабілетін дамытуға арналған сабақтар өтеміз", - дейді Қатима апай. 

Қатима ханым орталықтағы есте қалған қызық оқиғаларын бөлісті. 

"Ондай оқиға көп. Сонау Абай шыңына шықтық. Тауға қарай 5 шақырым көтеріліп, 5 шақырым төмен түстік, бәріміз бірге киіз үйде тамақ ішіп, мәре-сәре болдық. Мен үлкен гүлшоғын теріп алдым. Содан кейін рауағаш теріп, одан тосап жасадым. Былтыр Шарын шатқалына бардық. Ол кезде де баратын автобусымыз, тамақ - бәрі алдын ала ұйымдастырылды. Бір қарт болған соң бізге осылай көңіл бөлген ұнайды. Бәріміз осында келіп, шүйіркелесіп әңгіме айтып, бірге шай ішеміз. Үйге кеткіміз келмейді", - дейді қария. 

Қатима Ырғайтенова ұзақ өмір сүру формуласын бөлісті. 

"Ешқайда шықпай, қозғалмай үйде отыра берсең, аяғың да ауырады, миың да жұмыс істемейді. Ал мұндай жерге келіп, көп қозғалсаң, сабақ оқып, тоқысаң, адамдармен әңгімелессең, ұзақ өмір сүресің. Мұнда біз ән айтамыз, қалжың айтып, қарқылдап күлеміз. Ешкіммен араласпай, ешқайда бармай, үйде қамалып отырған да зиян. Бастысы - көңіл", - дейді зейнеткер. 

Қатима Ырғайтенова 

"Жер сілкінген кезде алған шокпен жұмыс істедік" 

Зейнеткерлермен сұхбаттасуға келгенде олар психология сабағында отырғанын білдік. Қариялардың айтуынша, жақында жер сілкінгенде қатты шошып қалған. Бұл қорқынышпен олар ұзақ уақыт жұмыс істеген. Қариялар үшін қорқыныштың тағы бір түрі - өзін жалғыз әрі керексіз сезіну. Психологиялық сабақтар оларға айтарлықтай көмектеседі. 

"Мұндағы сабақтар адамдармен қарым-қатынас құруға көмектеседі. Зейнетке шыққан адам отбасында өзін жалғыз сезіне бастауы мүмкін. Балалары есейіп, қолы тимейді, ал немерелері кішкентай. Ал мұнда басқа адамдармен әңгіме-дүкен құрасың, дамисың. Бізге отбасында балалармен қалай сөйлесу керегі, немерелерге қалай қарау керегі жөнінде кеңестер беріледі. Соның арқасында өзімізді жалғыз әрі керексіз сезінбейміз", - дейді Татьяна. 

Орталық басшысы қарттар күніне дайындық қалай жүріп жатқанын айтты. 

"Жыл сайын Ардагерлер үйімен бірігіп, шаралар ұйымдастырамыз. Биылға дайындықты бастап кеттік. Қазір биге дайындалып жатырмыз. Біздің мәдениет бөлімін үйлестірушіміз ұйымдастырады. Демеушімен келісіп, оларға сыйлықтар таратамыз", - дейді Ербол Хамитұлы.