Медеу бірнеше жылға жабылады: қандай өзгерістер болмақ?

Медеу бірнеше жылға жабылады: қандай өзгерістер болмақ?

Медеу бірнеше жылға жабылады. Алматы әкімдігі өкілдері мұз айдыны, оның маңы қандай өзгеріске түсетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыда бірегей нысан - Медеуді жаңарту жұмыстары басталды. Қазір дайындық кезеңі жүріп жатыр, алдағы уақытта құрылыс аймағы қоршалып, негізгі жұмыстар басталады.

Жоба аясында мұз айдынына арналған жаңа тоңазытқыш жүйесі орнатылады, инженерлік коммуникациялар толық жаңартылып, кешен газбен қамтамасыз етіледі. Мұздың сапасы мен жағдайын нақты уақыт режимінде бақылайтын жасанды интеллект жүйесі энергия тұтынуды 25%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көрермендерге арналған жылы орындықтар қойылады.

Шығыс қанаттағы қонақүй төрт жұлдыз стандартына сай қайта жобаланады. Сонымен қатар, спортшылар мен қонақтарға арналған заманауи оңалту орталығы ашылады. Онда сауна, массаж бөлмелері және шұғыл әрі профилактикалық көмек көрсетуге арналған медициналық бөлім жұмыс істейді.

Кешен аумағында 3D тұжырымдамасына негізделген интерактивті музей экспозициясы жасақталады. Ол заманауи мультимедиялық және көрме жабдықтарымен толық қамтылады.

"Батыс трибунада аумағы 900 шаршы метр болатын кофеханалары мен демалыс орындары бар кең терраса пайда болады. Ал кешен алдындағы кеңістікте, жер асты автотұрағының үстінде SUN-DECK атты демалыс аймағы құрылып, ол қала тұрғындары мен қонақтары үшін көпфункционалды алаңға айналады", - деді әкімдік өкілдері.

Бұрынғы машина залының маңында көлемі 25×15 метр болатын, жылы суы бар ашық бассейн салынады. Қонақтардың ыңғайы үшін трибуна мен қабылдау бөлмесі, киім ауыстыратын бөлмелер және т.б. қызмет көрсету ғимараты қарастырылған.

"Бұл жаңа бассейн жыл бойы жұмыс істеп, қала тұрғындары мен туристерге тау баурайында таза ауада жүзу мүмкіндігін ұсынады", - деді әкімдік өкілдері.

Кешеннің айналасында серуен жолдары бар ерекше экопарк салу жоспарланған.

Суреттер: Алматы әкімдігі

Бұл жұмыстар 2027 жылғы 4-тоқсанда толық бітеді деп жоспарланып отыр.