Медеу баспалдағы – денсаулықты сынайтын да, шыңдайтын да орын

Егер сіз Медеу шатқалына қарай бағыт алсаңыз, жеке көлігіңіз болмаса, онда Достық даңғылы бойынан №128 және №12 автобустарға отырсаңыз болады. Баратын бағытыңызға қалай жету керегін білдіңіз, дегенмен ауа-райына қарай киінгеніңіз абзал. Жолға керекті сусындарыңыз бен тамақ салып алуды да ұмытпаңыз!

Медеу баспалдағын барлығы біледі. Ол көпшілікке "Денсаулық баспалдағы" деген атпен де таныс. 842 сатыдан тұратын баспалдақпен көтерілсеңіз, тынысыңыз ашылып, айналадағы сұлулыққа тәнті боласыз.

Денсаулық баспалдағының да өзіндік рекорды орнатылған. Яғни алматылық спортшы Юрий Пономарёв 16 840 саты жоғары, 16 840 саты төмен тоқтаусыз көтеріліп түсуге 6 сағат 42 минут уақыт жұмсау арқылы Қазақстан рекордтар кітабына енген. Сондай-ақ, қайталауға қиын рекорд орнатқан экстремалдар Шыңғыс Байқашев пен Нияз Жанзақов бір тәулік бойы 82 рет баспалдақпен түсіп-шыққан. Медеу баспалдағы қазір көпшіліктің қызығушылығын туғызып жүрген скайраннинг спортына таптырмас орын.

Айкен Жүсіпов – жеке кәсіпкер;
Бүгін 33 рет түсіп шығуға келдім, қазір оныншы рет шығып бара жатырмын. Алдыңғы жылы 15 рет түсіп-шыққанмын. Ал арасында келіп қалсам бір рет шығып, Горельникке дейін барамын. Сол жерде жаттығу жасап, шомылып қайтамын. Негізі түсіп-шығудың еш қиындығы жоқ. Бірінші рет шығасың, түскенде күшіңді қайта жинап аласың. Бірақ екінші рет көтерілу қиын сияқты көрінеді, физикалық күштен гөрі моральды күш керек. Көтерілгенге 12-13 минут, ал түскенге 10 минут уақыт кетеді. Одан жылдамырақ болса көп жасай алмайсың. Көп жасау үшін асықпай істеу керек.

Жастармен қатар, қарттар да көптеп кездесетін баспалдақта адам құлап кетпес үшін арнайы сүйеніштер орнатылған.

Шаршаған кезде ешкімге кедергі келтірмей отырып тынығып алуға арнайы орын да жасалған.

Қолдан тамақтануға үйренген тиіндер де баспалдақпен ары-бері еркін жүріп, келушілерді одан ары қызықтыра түседі.

Баспалдақтың жоғарғы тұсында шәй, кофе, сусын ішіп, тамақтанып алуға арналған дүңгіршек те бар.

Сәті түсіп Мәскеу қаласынан қонақ боп келген Софияға жолығып қалдық.

Алматы табиғатының сұлулығы мені таңғалдырды. Медеудегі баспалдақтарды бірінші рет көруім. Құрбым әкелді. Бұған шыға аламын ба, жоқ па, өзіме де қызық болып тұр. Дәл осындай тауда орналасқан баспалдақты бұрын көрген жоқпын. Бізде Ресейде Нижний Новгород қаласында 566 баспалдақ бар. Ол қаладан Волга өзенінің жағалауына қарай орналасқан. Ал мұнда 800-ден астам баспалдақ бар және тауға қарай көтерілу керек. Бірақ бүгін ауа райы әдемі екен. Тезірек жоғарыға көтеріліп көргім келіп тұр.

Тек қауіпсіздік мақсатында баспалдақты пайдалану кезінде мына қағидаларды есте сақтағаныңыз жөн!

  1. Өзіңіздің көңіл-күйіңізді бағалау;

2. Аяқ киіміңіз қауіпсіз және жайлы қозғалуды қамтамасыз ететініне көз жеткізу;

3. Төмен түсіп келе жатқан адамдарға кедергі жасамау үшін оң жағымен жүру қажет;

4. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін баспалдақпен қозғалғанда сүйеніштерді пайдалану;

5. Кәмелетке толмаған балалар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, егде жастағы адамдар объектіге барған кезде жанында ілесіп жүретін адамның (адамдардың) болуы қажет;

 6. Балаларды қараусыз қалдырмау;

 7. Сатылар арқылы секірмеу;

 8. Жаныңдағы адаммен немесе ұялы телефонмен сөйлескен кезде мұқият болыңыз.

Денсаулық баспалдағында мыналарға рұқсат етілмейді:

1. Алкоголь ішімдіктерін ішуге;

2. Сүйенішпен сырғуға (көтерілу);

3. Баспалдақтың бүйірінен кіруге, баспалдақтан сығалауға;

4. Спорттық ойын-сауық сипатындағы механикалық және электрлік қозғалыс құралдарын (гироскутерлер, роликтер, роликті коньки, самокаттар, скейтбордтар, велосипедтер және т. б.) пайдалануға;

5. Тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын тастауға;

6. Қоқыстарды, жапырақтарды, ыдыстарды, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жағуға.

Скайраннинг спортымен жүйелі айналысатын спортшылар Медеу баспалдағына жиі келіп жаттығу жасайды.

Медеу шатқалындағы Кіші Алматы өзенін жабатын биік таудағы селден қорғау бөгеті қаланы сел ағындарынан қорғау үшін 1966-1980 жылдары салынған.

 

1967 жылы Д.А.Қонаевтың басшылығымен Алматы өзенінің жоғарғы жағында бөгет салу үшін жарылыс жұмыстары жүргізілді. 1973 жылы осы бөгеттің арқасында Алматының барлық шығыс бөлігі қираудан құтқарылып, Тұйықсу мұздақты көлдерінің жарылуынан пайда болған күшті сел ағыны төменге түсті.

Дінмұхамед Ахметұлы сел ағынының түсуінен болатын зардаптарды болдырмау бойынша жұмысты жеке өзі басқарды. Гравитациялық бөгеттің жобасын "Гидропроект" институтының Қазақ филиалы әзірледі, жоба авторлары - Г.Шаповалов және Ю.Зиневич.

Бөгет теңіз деңгейінен 1750 метр биіктікте орналасқан. Бөгеттің биіктігі – 150 метр, жотаның бойымен ұзындығы – 530 м, табанының ені – 800 м. Бөгеттің бүйірлері жанасатын тұстарында палеозойдты орташа түйіршікті және ірі түйіршікті жарылған граниттермен жасалған. 

Бөгет жармасындағы судың ең көп есептік шығыны – секундына 30 текше метр. Бөгеттің сәулеттік ансамблі демалуға арналған алаңшалары бар, гранит плиталарымен қапталған баспалдақтарды қамтиды.

Бөгеттің жотасында қалқалар орнатылған, бөгеттің екі жағында сәндік-қорғаныш темір бетонды парапет салынған.

Медеу шатқалындағы селден қорғау бөгетіне 2010 жылғы 10 қарашада жергілікті маңызы бар ескерткіш мәртебесі бекітілді.

Баспалдақпен жоғары көтерілген соң ары қарай да саяхатыңызды жалғастырсаңыз болады.

Арнайы Шымбұлаққа барар және жұмыс көліктері жүретін жолдан бөлек туристік жалғызаяқ жолдар да қарастырылған. Осы жолмен жүре берсеңіз "Горельник" бұлағына жетесіз.

Жол бойында адамдар тамақтануға арналған орындар мен кафе орналасқан.

Бір жағы мұздай, екіншісі жылы "Горельник" термалдық көзі – Іле Алатауы жотасының солтүстік баурайында термоминералды көздердің жиналуынан пайда болған. 320 метр тереңдіктен келетін көздегі су радонды, әлсіз минералданған және жылы: оның температурасы жыл бойы +21°С-қа тең. Мамандардың ақпараты бойынша, бұл сумен жуыну артериялық қысымның төмендеуіне ықпал етеді, қабынуға қарсы әсер береді, теріні тазартады, май бездерінің жұмысын жақсартады және күшті қалпына келтіреді.

"Горельниктегі" судың температурасы – 15°С, сағада – 27°C, өздігінен төгілген кездегі ұңғыманың дебиті – тәулігіне 760м3.

Судың жалпы минералдануы – 0,3г/л, кремний қышқылының құрамы – 52,5 мл/л. Судың құрамы бойынша азотты әлсіз минералданған кремнийлі сілтілі-сульфатты-гидрокарбонатты.

"Горельник" көзінің суы денсаулыққа пайдалы. Ревматизммен, радикулитпен, буын, гинекологиялық ауруларымен ауыратын науқастарға, сондай-ақ металдармен уланудан зардап шегетіндерге емдік әсер етеді.

Шомылуға келген адамдарға қолайлы болуы үшін киім ауыстыратын орын жасалған.

Бұл суда ұзақ шомылу денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті де адамдар арасында күншуақтап, суретке түсіп демалып алады.

Мөлдіреп аққан тау өзені де миыңды тыныштандырып, әлдебір әсерге бөлейді.

Горельник минералды суын айнала бере кез келген адам жаттығу жасауға қолайлы етіп турник сынды құрылғылар орнатылған.

Қолдан жарып жасалған бөгетке көз жүгіртсеңіз, жарылыстан кейінгі жартастарға назарыңыз ауады.

Тау өзені арғы басынан ағып келіп, бөгеттің ортасын жарып өтеді. Асау өзен арнасынан асып көтерілген жағдайда да әртүрлі кезеңде ағып кетуге қолайлы жасалған.

 Бөгетті белшесінен басып өткен су бір қарағанда шағын сарқырамаға ұқсайды.

Біле жүріңіз:

Кіші Алматы шатқалы – Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан және оның ең ірі шатқалдарының бірі. Сонымен қатар көптеген саңылаулардан, шоқылардан және табиғи шекаралардан тұрады. Олардың ішіндегі ең ірілері – Ремизовка, Обсерватория, Каменское плато, Батарейная, Горельник, Қотырбұлақ, Қимасар, Шымбұлақ және Мыңжылқы. Бұлардың әрқайсысы айтарлықтай үлкен, терең сайлы, биік жартасты, ерекше ландшафттарға ие. Барлығы Кіші Алматы өзенінің алабына жатады. Теріскейге арқасын төсеп созылып жатқан шатқалдың өзегі күллі әлемге әйгілі Медеу спорт кешенінен, Шымбұлақ тау курорты, тау биігіндегі Мыңжылқы метеостанциясынан және Тұйықсу мұздығынан өтеді.

Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарының арасын алып жатқан ауқымы кең Альпі шалғыны бар, ол – Көк-Жайлау. Тұйықсу қақпасының биік жартастарынан Тұйықсу гранитті шыңына (4200 м) қарай жол ашады. Ол ұзындығы 3,5 км, 1,5 километрге созылып жатқан таға тәрізді мұздықтың қақ ортасынан бой көтеріп, аспанмен таласып тұр.



Бөлісу: