Маңғыстауда Амал мерекесі қалай тойланып жатыр?

Маңғыстау жұртшылығы жаңа жылдың бастауы - Амал мерекесін дүркіретіп атап өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ескі жылдың шығып, жаңа жылдың келуін білдіретін Амал мерекесіне маңғыстаулықтар ерекше мән береді. Бұл ұлттық салт дәстүрді көрсете отырып, халықтың бірлігін насихаттайтын мереке. Сондықтан тұрғындар 14-наурызда көрісіп, амандасады. Өкпе-ренішті ұмытып, бір-бірін жаңа-жылмен құттықтайды. Биыл да атаулы күн қара таудың ең биік шоқысы-Отпан таудың басында орналасқан "Отпан" тарихи-мәдени кешенінде тойлануда.

Екі күнге ұласқан мерекелік шараның алғашқы күнінде ошақ бәйге, аламан бәйге, қыз қуу, тазы жүгірту сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

 Ал одан кейін Маңғыстау ауданының өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы өтті. Гала концертте Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен ақтаулық өнерпаздар өнер көрсетті.

  

Мерекенің маңызды сәті, ынтымақ пен татулықтың көрінісі болған - "Бірлік оты" да жағылды.

 

"Маңғыстауға алғаш табан тіреп тұрмын. Жергілікті халықтың ауызбіршілігіне қайран қаламын. Түркі тілдес елдерде наурыз мейрамы 22-сінде тойланады ғой. Ал мұнда наурыз Амалдан бастау алады екен. Біз бір топ өнерпаз осы мерекелік шараға арнайы келдік. Елге барғанда қазақтардың салтын мақтанышпен айтып жүретін боламыз",  дейді Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет саласының қызметкері, жыршы Махаммад Эшбоев.

"Амал - Алашқа ортақ" мерекелік бағдарламасының екінші күні қазақ күресі, түйе палуан сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Сәбилердің тұсау кесу рәсімі өтті. Қонақтар салт-дәстүрмен ұштасқан жергілікті өнімдердің жәрмеңкесін, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрмені тамашалады.

"Осы Маңғыстаудағы көрісу мерекесінің кереметтігін естіп, соны көрейікші деп құрбым екеуміз арнайы келдік. Мына мерекелеріңізді көріп жатырмыз, өте керемет. Біз де шығысқа барып дәріптеп, көрсетсек", - дейді Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Қарлығаш Сағындықова.

Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тиген шақта, ұлтты ұйыстырған Амал мерекесі ары қарай 16-наурызда Түркістан облысында жалғаспақ.

Сая Мәжитқызы



Бөлісу: