Өңірлерде күн жылынып, қар еріп, су тасқыны болып жатыр. Тұрғындар үйлерін тастап кетуге, үрейден күндіз-түні ұйықтамауға мәжбүр. Өйткені судың беті қайтпаған.
Massaget.kz тілшісі су тасқынына байланысты өңірлердегі ахуалға шолу жасады.
"Ең күрделі жағдай Ақтөбе, Қостанай облыстарында"
Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері ең күрделі жағдай Ақтөбе және Қостанай облыстарында тіркелгенін мәлімдеді.
"Еріген қар суымен күресу үшін Ақтөбе және Қостанай облыстарына Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен 52859, 20982 әскери бөлімдерінен 220-ға жуық жеке құрам мен 25-тен аса техникадан қосымша күштер мен құралдар жіберілді.
Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 1,5 мыңға жуық адам, 500-ден аса техника, 200-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды", - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Қостанай облысы: "сау жер жоқ"
Редакция оқырмандары Қостанай облысынан видео жолдап жатыр. Кадрларда су біраз жерді шайып кеткені, адамдар арнайы қайықпен жүргені көрінеді.
Бұл видео Қостанай облысы Қызыл Жұлдыз ауылында түсірілген.
Осындай кадрлардың бірінде ауыл су ортасында тұрғаны көрінеді.
"Қайықтың өзі тарта алмай жатыр, әлсіз бе?! Қойларын терезеден үйге кіргізіп жатыр, масқара. Масқара болды мынау. Мынадай сұмдықты 52 жаста бірінші рет көріп тұрмын. Сау жер жоқ", - дейді видеодағы адам.
ТЖД мәліметінше, Қостанай облысының Қызыл Жұлдыз ауылында 37 адам, оның ішінде 18 бала эвакуацияланған.
Өңірде Амангелді ауылының тұрғындары елді мекен тұтастай суға кеткенін айтып шағымданды. Олардың сөзінше, төтенше жағдай қызметі барынша күшейтілген режимде жұмыс істегенімен, су тасқынынан ауылды құтқару мүмкін болмай отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су тасқынының алғашқы толқыны 25 наурызда басталған. Ал 27 наурызда Амангелді ауылы түгелдей су астында қалған.
"Су үйлердің ішіне дейін кіріп кетті. Ауылдағы малдың бәрі суда қалды. Ұсақ қозы-лақтар суға кетіп өліп жатыр. Халық қазір дүрбелең халде. Билік су тасқынына қарсы қауқар істей алар емес. Басты көшелердің бірі Сейфуллин көшесі толықтай суда тұр. Мұнда екі бірдей мектеп орналасқан", - дейді тұрғындар.
Өңірдің ТЖД мәліметінше, жергілікті атқарушы органдардың күштері, құралдарымен бірге Жангелді және Амангелді аудандарында, Арқалық және Жітіқара қалаларында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 21 мың текше метрден аса еріген су сорылған, оның ішінде Арқалықтан 6848 текше метр, Амангелді ауданынан 4210 текше метр, Жангелді ауданы 10101 текше метр. 5 метр жағалауға құм толтырылған 140 қап төселген.
Әуе күштері арұылы Арқалық қаласындағы Сарыбас қыстауынан 3 адам, Жұман қыстауынан 21 адам, оның ішінде 11 бала қайықпен эвакуацияланды.
"Қазір Арқалық қаласындағы 4 қыстауда 15 адамды әуе көлігімен көшіру қажет. Сары - Торғай өзеніндегі су деңгейі көтерілуіне байланысты Қызылжұлдыз ауылы Қайынды ауылдық округінен 100 тұрғын (ең алдымен әйелдер мен балалар) эвакуацияланып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Ақтөбе облысы: мал да, жан да көмекке мұқтаж
Су тасқынына байланысты жағдай күрделі болып отырған тағы бір өңір - Ақтөбе облысы. Кеше Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылы Бірлік ауылынан 7 шақырым жерде тасқын су салдарынан "Алтынай" ШҚ үйін су басқан. ТЖД жедел құтқару жасағының күшімен Ембі қаласына 3 қызметкер эвакуацияланды.
Тасқын су салдарынан төрт түлік малға да қауіп төніп тұр. Шалқар қаласының аудан орталығынан 10 шақырым қашықта 67-разъезде еріген қар суының жиналуы нәтижесінде 4 үй мен 2 аула су астында қалды.
"Шалқар қаласына 6 адам эвакуацияланды. 32 ірі қара мал қауіпсіз аймаққа құтқарылды", - деп жазылған хабарламада.
Шұбарқұдық кентінде 150-ден аса адам және 30 техника жұмылдырылды.
Ақтөбеде ержүрек құтқарушылардың ерлігі әлеуметтік желілерде де тарап жатыр.
Ақтөбе облысының Темір ауданындағы су тасқынына қарсы жұмыстар кезінде Темір ауданының ТЖБ аға инженері азаматтық қорғау капитаны Аспан Нұржан су басқан аймақтан 2 бала мен 1 әйелді шығарып, қауіпсіз жерге көшірді.
Тұрғындар барлық жағынан сумен қоршалып қалған.
Түркістан облысы: көпірлерді су шайып кетті
Түркістан облысында үш көпірді су шайып кетті. Өңірде демалыста күн жаңбырлы болып, таудағы қар еріп, өзен суы арнасынан күрт көтеріліп кеткен. Салдарынан Кентау-Қарнақ бағытындағы облыстық жолда Байылдыр өзенінің үстінен өткен көпірді су шайып кетті. Сондай-ақ, Созақ ауданындағы Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекенін байланыстыратын көпір де бұзылды.
Ал Сауран ауданының Бабайқорған ауылында өзен суы арнасынан асып, ауыл ішіндегі көпірді шайып кетті. Өзен суы сыртқа да жайылды. Теке ауылындағы көшелерді су басты. Алайда дер кезінде арнайы техникамен судың ағысы бұрылып, қауіп сейілді. Қазір Созақ пен Сауран аудандарындағы екі көпір қайта қалпына келтірілген. Ал Қарнақ бағытындағы көпірді жөндеу мәселесі қаралып жатыр. Мамандар ауылға қатынайтын айналма жол салып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы: тұрғындар көшіріліп жатыр
Батыс Қазақстан облысында да ауылдарда көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Теректі ауданы Аңқаты ауылында жауын-шашын мен еріген қар суына байланысты 16 тұрғын үйге су кіріп, 8 ауланы су басқан.
"Қазір 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілді. Үй жануарлары мен құстар қауіпсіз жерлерге шығарылды", - деп жазылған министрлік мәліметінде.
Абай облысы: "адамдар суға кетіп жатыр"
Абай облысында үш адам төрт күннен бері табылмай жатыр. Олардың барлығы - қазір су тасқыны болып жатқан Аягөз ауданының тұрғындары.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 23 наурыздан бастап 1977 жылы туған ер адамды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол Аягөз өзенінен өтпек болған кезде аттан құлап, суға кеткен деп болжанып отыр. Ер адам атпен өзі жұмыс істейтін "Шығыс" шаруа қожалығына бармақ болғаны анықталды. Сонымен қатар, 26 наурыздан бастап 1957 және 1985 жылы туған екі азамат іздестіріліп жатыр.
"Қуанышбек сол күні "МТЗ 82" маркалы трактормен шаруашылықтан Қарағаш ауылына қарай, осы суға қарамай қайтқан еді. Оқиға орнына келген құтқарушылар "таппадық" деп отыр. Бұл қалай сонда? Неге іздеуді тоқтатқан? Бір емес, үш бірдей адамды қаншама адам жүріп таба алмай жүр. "Таба алмай жатырмыз" дегеніне сенбеймін", - дейді жоғалған ер адамның жұбайы Зейнелхан Бексатова.
Бұл жағдайға қатысты Төтенше жағдай департаменті өкілдері пікір білдіріп, іздеу жұмыстары неге тоқтағанын түсіндірді.
"Жоғалған адамдарды іздеп жатырмыз. 27 наурызда сағат 04:00-ден бастап іздестіру-құтқару жұмыстары қайта жандандырылды, жұмыстар 26 наурызда қараңғы түсуіне байланысты тоқтатылған болатын. Іздеуді жалғастырамыз", - деді Аягөз ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Дархан Нұғаметов.
Өңірде су тасқынынан көпірлерге де зақым келіп жатыр. Абай облысы Аягөз ауданына қарасты аудандық маңызы бар тасжолды еріген қар суы шайып, көпір құрылымының бір бөлігі қираған.
Қазір көпір арқылы көлік қатынасы тоқтатылған. Айналма жол бар. Жергілікті атқарушы органдар жол жиегін бөгеу және жол бөлігін инертті материалмен толтыру, қозғалысты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бірақ тұрғындар бұл жайтқа алаңдап отыр.
"Қардың қарқынды еруіне және күн күрт жылынуына байланысты кіші Аягөз өзенінде су деңгейі 240 сантиметрге көтерілген екен. Мамырсу ауылдық округінің Бозай елді мекенінде көп мөлшердегі еріген қардың суы деңгейінен асып, ауылға жайылу қауіпі бар дейді. Тілсіз жаудың бірі болғаннан кейін бала-шағамызбен ұйықтамай үрейде отырмыз. Көпірді де шайып кетітті. Арнайы мамандар жұмыс істегенімен осы жағдайдың алдын ала алмай жатыр", - деді ауыл тұрғыны Аманбек Мақсұтхан.
Ақмола облысы: ашынған тұрғындар наразылыққа шығып жатыр
Ақмола облысында үйлерін су басқан Қоянды ауылының тұрғындары назарылыққа шықты. Олар Астана - Павлодар бағытындағы республикалық жолды бөгеп, жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды сұрады.
Тұрғындардың сөзінше, жылда көктем кезінде үйлерін су басады. Мәселе жыл сайын көтеріледі, бірақ жергілікті әкімдік әлі күнге дейін шешімін таба алмай келеді екен.
"Бұл елді мекенде жағдай өте күрделі. Халық жайдан-жай тасжолды бөгеуге шыққан жоқ, іште тынып жатқан шерлерін шығаруға шықты. Жел соқса - жарық өшеді, жаңбыр жауса - жол болмайды, ал қалың қардан жол жабылса - ашылмайды. Халықтың тең жартысы суды әлі даладан тасып, ішіп жүр. Ауыл арасындағы жолдың бәрі ойлы-шұқыр болып қалған. Жергілікті билік мәселемізді шешіп бермеді. Қазіргі таңда үйлерге су кіріп жатыр", - деді жергілікті тұрғын.
Әкімдік мәліметінше, кеше сағат 20:40-та Қоянды ауылының 50-ге жуық тұрғыны ауыл әкімдігінің маңындағы жолды жауып тастаған. Ал сағат 22:00-де жолдың бәрі ашылған.
"Қазіргі таңда Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Шамамен 150 мың текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ, Қоянды ауылында 9,5 мың метр болатын арықтар мен каналдар, сондай-ақ, 46 құбыр тазартылды. 35 мың текше метрден аса еріген су сорылды", - деп жазылған Целиноград ауданы әкімдігінің хабарламасында.
Әкімдік өкілдері Қоянды ауылындағы төрт шағынаудандағы қар суын тазалауға Астанадан арнайы көмек келгенін мәлімдеді.
Ал Жарма ауданының Подхозное кентінде еріген қар суы салдарынан 3 аула су астында қалды. ЖАО күшімен еріген қар суын бұру жұмыстары жүргізілген.
Еске салайық, бұған дейін 11 өңірде әкімдіктер мен ТЖД өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылғаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!