"Лифттерге мүлде отырып та көрмеппіз". Алматыда жаяу жүргіншілерге арналған көпірдегі жеделсатылар неге істемейді?

"Лифттерге мүлде отырып та көрмеппіз". Алматыда жаяу жүргіншілерге арналған көпірдегі жеделсатылар неге істемейді?

Алматыда жолдағы кептілісті азайту үшін салынған жаяу жүргіншілерге арналған көпірдегі жеделсатылар мүлде істемейді. Салдарынан  арбамен баласын сүйреп жүрген ана, таяқпен әрең жүрген қариялар бір бағыттан екіншісіне өткенше атсоқты күйге түседі. Massaget.kz тілшісі тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, осы мәселеге қатысты Алматы қаласы әкімдігіне сауал жолдап көрді.

Мәселенің мән-жайына үңілу үшін қаладағы сауда орындарының бірінің маңындағы жер үсті көпірлеріне бардық. Байқауымызша жас та, жасымыс та көпірден қиындықпен өтеді.

Солардың бірі зейнет жасына жеткен  Альмира Әлпейіс. Таяқ ұстаған апамыз мұндай жағдайға жиі тап болатынын айтып, "жеделсатыларды іске қосса біз секілде қарияларға үлкен көмек болар еді" дейді.

"Мен өзім бұл сауда орнына аптасына бір рет келемін. Лифттерге мүлде отырып та көрмеппіз. Істетіп қойса жақсы болар еді. Адамның жасы келген сайын сай-сүйегі сырқырап ауыра бастайды. Баспалдақпен көтерілмек түгілі, жаяу жүрудің өзі ауыр" дейді апа.
 

Көпір салғанда жеделсаты орнатып, артынша оны бұқараның қажетіне жаратудан жалтарған әкімдік жауапкершілікті Алматы қаласының коммуналдық меншігіне тапсырып, әрі қарай Алматы қаласы аудандары әкімдерінің аппараттарына оперативтік қызмет көрсетуге берген.

Әкімдіктің мәліметінше қалада 73 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі бар. Іске қосылған жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерінің 55-де көтеру платформалары орналасқан.

Жауаптылар алғашында мұндай жеделсатылар қоғамның осал топтарына беріледі деген еді. Кейінннен жүріп-тұруы шектеулі жандарда пайдалана алатындығын айтты: 

"Жер үсті жаяу жүргіншілер өткеліндеріндегі көтеру платформалары халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына арналған. Одан басқа,  тұрғындардың өтініштері бойынша жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерінде арбаларды, велосипедтер мен шаруашылық сөмке-арбаларды жылжытуға арналған "арбалық түсу" қосымша жасалған", - дейді әкімдік өкілдері.

Құжат жүзінде ғана халықтың игілігі үшін салынған лифттердің қашан іске қосылары белгісіз. Белгілісі биыл Алматы қаласы аудандары әкімдерінің аппараттарымен барлық жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін көрінеді. Ал тұрғындар жөндеу аяқталғанша жаяу көтеріліп-түсуге мәжбүр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!