"Қызым, сен батырсың" - Нұрғиса Тілендиевтің қызы әкесі, оның достары, естеліктер мен музыка туралы

Қазақтың аса көрнекті дирижері әрі композиторының қызы Дінзухра (Динара) Тілендиева өз үйіне келе жатыр.

Дәлірек айтқанда, кеңестік тұрғын үйлерге тән емес жоспармен салынған осы кең әрі жарық пәтер бұрын оның үйі болған. Бірақ кейінгі 12 жылдан бері мұнда мұражай - әкесі Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық мұражай үйі орналасқан.

Пәтер Алматының ескі орталығындағы бес қабатты үйде орналасқан.

- Мұнда келмегеніңізге көп болды ма? - деп сұрадық табалдырықтан аттай бере.

- Иә, біраз уақыт болды. Сағынып та қалыппын. Өзім туып-өскен туған шаңырағым ғой.

- Сағынасыз ба?

- Сағынамын. Әдеттегідей терезеден сығалап, аулада не болып жатқанына қарағым келіп тұрады.

Динара осы сөзді айтқанда, расымен де, терезеге үңілгісі келгендей қозғалды.

- Достарыңыз әлі де сол аулада жүр ме екен? - деп сағынышқа толы әңгімені іліп әкеттік.

- Иә, иә. Инструменттің алдында отырғаным есімде, - Динара 1930 жылдары жасалған ескі пианиноны көрсетті. Бұл - ерекше пианино, оның пернелерінің әр жерінде темекі күйігінің іздері бар, бұл туралы кейінірек айтамыз. Ал терезенің астында достарым асыр салып жүретін, - деп жалғастырды Динара.

- Мен болсам, "қашан бітіремін, мына шығарманы қашан жаттап болып, олармен ойнауға шығамын?" деп терезеге телміріп отыратынмын.

Дәліздегі шағын шкафтың үстінде ерекше сәнді, жалбыз түсті винтаж телефон тұр.

Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Бұл - дизайнерлік шешім емес, нағыз жәдігер. Тілендиевтер отбасы осы телефонмен сөйлескен. 

- Достарыңызбен осы телефон арқылы сөйлесетін бе едіңіздер?

- Әрине, - деп растады Динара. - Айтпақшы, бұл - менің ең жақсы көретін телефоным. Түсі де өзіме қатты ұнайтын, ашық түсті. Иә, біз оны жиі пайдаланатынбыз...

Мұражайда үш мыңға жуық жәдігер бар. Қонақтарға жәдігер ретінде көрінетін бұл заттар - Тілендиевтер әулеті үшін отбасылық тарихтың бір бөлшегі. Жиһаз, ыдыс-аяқ, сағат, көзілдірік, кітаптар - мұның бәрін Нұрғиса Атабайұлы өмір бойы қолданған. Олар бұл жерден 2013 жылы көшіп кеткен, ал 2014 жылы пәтер мұражайға айналған.

Шын мәнінде, бұл іс жүзеге асуы үшін 15 жыл уақыт қажет болды. Нұрғиса Тілендиев 1998 жылы дүниеден өткен еді.

Ол ұзаққа созылған дерттен кейін 15 қазанда бақилық болды.

Оның дүниеден өткеніне 28 жыл болуына байланысты қызы Динарамен сөйлескенімізде, мұражай ашу туралы шешімді кім қабылдағанын сұрадық.

Динара Тілендиева (сол жақта) мұражай қызметкерімен және әріптесімен сөйлесіп тұр. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

- Әкем көзі тірісінде анама бұл пәтер кейін мұражай болуы керек екенін айтып кеткен екен. Әкем 98 жылы кетті. Содан бері анам бәрін қалай сақтағанын елестетіп көріңізші. Қарасаңыздар, жиһаздар, қолжазбалар, партитуралар - бәрі сол күйі сақталған.

Расында да, барлығы түпнұсқа әрі жақсы күйде сақталған. Тіпті кеңес дәуірінде сәннің соңғы үлгісі саналып, әр әйелдің арманы болған "Мадонна" сервизі де 65-тен аса адамға арналған ыдыстарымен толық сақталған.

Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Нұрғиса Атабайұлының жары Дариға апай барлық затқа өте ұқыпты қараған.

- Анам бұл пәтер мұражай болуы үшін көп еңбек етті, - деп еске алды Динара. - Әрине, бәрі бірден бола қойған жоқ, өйткені өздеріңіз білетіндей, ол кезде заман қиын еді, мұндай істерге уақыт та, мүмкіндік те бола бермейтін.

Бұл Нұрғиса Тілендиевтің көзі тірісіндегі аманаты болса, демек, ол өзінің қазақ музыкасының дамуына қосқан үлесін, маңызын сезінген бе? Өзінің тарихи тұлға екенін түсінді ме?

- Иә, ол мұны жақсы түсінді, - деп растады қызы, - бірақ ол ешқашан паңданып, кеуде керген емес.

- Әкеңіз танымал екеніне қалай қарайтын? Осындай деңгейдегі адамдар не сезінетіні қашан да қызық.

Нұрғиса Тілендиев өз дәуірінің нағыз жарық жұлдызы болды. Осы тұста біраз түсінік беріп өту қажет. Сондықтан Динараны өзіне ыстық заттарды тамашалауға қалдырып, басқа уақытқа, басқа кеңістікке сапар шегейік.

Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

80-жылдардың басында Тілендиев "Отырар сазы" оркестрін құрды. Ол бұған дейін ансамбль болған еді. Ал сол кезде Қазақстанда алғаш рет қазақтың дәстүрлі аспаптары жаңаша үн қосқан фольклорлық-этнографиялық оркестр пайда болды. Тек домбыра мен қобыз емес, сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ, үш ішекті домбыра күмбірледі. Бұл Отырар қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде табылған, қайта жаңғыртылған көне аспаптар еді. Бұл жобаға этнограф Болат Сарыбаев атсалысты.

Оркестр Нұрғиса Тілендиевпен бірге аз уақытта зор танымалдыққа ие болды. Дүркіреп гастрольдерге шығып, күніне 2-3 концерт берген кездері де болды, билет табу мүмкін емес еді, тіпті шетелдіктер де олардың өнерін тамашалауға асығатын.

"Отырар сазының" қазіргі құрамында аңыз дирижермен бірге жұмыс істеген артистер бар. Домбырашы Салтанат Бөленова ол кезді "ең бақытты шақ" деп сипаттайды, оны оркестрге Нұрғиса Тілендиевтің өзі қабылдаған.

Салтанат Бөленова, домбырашы, "Отырар сазы" оркестрінің артисі, дайындық кезінде. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Сіз ол кезде оның қандай адам екенін білдіңіз бе? - деп сұрадық Салтанаттан.

- Әрине! Студент кезімізде оның концерттеріне барып, бір де бірін жібермейтінбіз. Тіпті оны алыстан көргеннің өзінде бақытты болатынбыз, - деп еске алды ол.

- Ол концерттерді шоуға айналдыратыны рас па еді? 

- Бұл рас! - дейді домбырашы Салтанат Бөленова тебіреніспен. - Ол көрермендерге бұрылып, тіпті көрермендерге дирижерлік еткендей болатын. Немесе, айталық, репертуарымызда "Көңілді бикеш" деген шығарма бар. Ол негізі төрт тактпен аяқталады ғой, - осы сәтте ол әуенді ыңылдап айтып, сөзін жалғастырды:

- Ал Нұрғиса Атабайұлы жүз такт ұстап тұра алатын. Елестетіп көріңізші?! Ол пианодан бастап, одан алты форте жасайтын.

Көрермендер дән риза болып, барлығы қол шапалақтайтын. Ол оркестрмен сондай трюктер жасайтын және бұл оның ғана қолынан келетін. Ондайда оркестр тоқтамай, ойнай берсе екен деп тілейтінбіз.

Нұрғиса Тілендиев дирижерлік етіп жатыр. Мұрағат видеодан ЖИ көмегімен қалпына келтірілген сурет

Нұрғиса Тілендиевтің көзін көрген "Отырар сазының" тағы бір артисі - баянда ойнайтын Сағат Кәртенбаев. Ол оркестрге консерваториядан кейін бірден жұмысқа тұрған. Дирижер басында оны бақылап жүріп, кейін өзіне шақырып алып, көп дайындалса, одан жақсы маман шығатынын айтқанын әлі күнге дейін есіне алады.

Сағат Кәртенбаев, "Отырар сазы" оркестрінің артисі, дайындық кезінде. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Жастар маған ұлы әрі танымал музыкантпен, дирижермен 10 жыл бойы бірге жұмыс істегеніме қызыға қарайды, - дейді ол.

- Ол, шынында да, сондай танымал әрі әйгілі болды ма?

- Ол жай ғана танымал емес, ол - феномен, - дейді Сағат нық сеніммен. - Оның алғаш рет дирижерлік еткенін көрген күнім әлі есімде. Содан кейін шетелдік туристер мінген үш автобус келді, оларды алдыңғы қатарларға отырғызды. Ол кезде студентпін, тасада тұрып көргім келді. Басында басқа дирижер болды, оркестр онымен 5-6 шығарма орындады.

"Отырар сазының" ескі афишалары мұражайда сақтаулы. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Содан кейін ақ смокинг киген Тілендиев сахна сыртынан баппен шықты. Басын изеп, иығымен, жанарымен дирижерлік ете бастады. Шетелдіктер бірінші шығармадан кейін-ақ орындарынан атып тұрып, оны нұсқап көрсете берді. Концерт аяқталғанда, олардың бәрі оның соңынан жүгірді.

"Бір сиқыр сияқты. Музыка арқылы, энергия арқылы гипноз жасағандай. Ол шыққанда оркестр басқаша ойнай бастайтын. Бояулары мүлдем өзгеше болатын". Сағат Кәртенбаев Тілендиев феноменін осылай түсіндірді.

Бірақ артистер оның өте қатал, талапшыл және қызуқанды болғанын айтады. Қызы да мұны растап, оның жалған нотаны да, жасанды адамдарды да жаны сүймегенін айтты.

- Ал Дінзухра Тілендиева (үйде Динара деп атап кеткендіктен, кейін осы аты да қалып қойған) қандай? - деп сұрадым "Отырар сазы" артистерінен. - Ол да әкесі сияқты қатал әрі тіке ме?

- Қатал, бірақ ұстамды және артистермен өте жақсы жұмыс істейді, - деп жауап берді олар.

Динара да дирижер болған, қазір әкесінің оркестрін басқарып отыр.

Динара Тілендиеваның Instagram парақшасынан алынған сурет

Динараға қайта оралып, пәтерді аралауды жалғастырайық. Ол бұрынғы тұрмыс-тіршілігі мен мұнда мұражай ашылғаннан кейін не өзгергенін айтып берді.

Динарамен бірге бұрын әкесінің кабинеті болған бөлмеге кірдік.

- Мұнда төрт қанатты, жиналатын ерекше шыны есіктер болатын, қазір олар жоқ. - Бірақ Динара сол есіктерді шынымен жауып жатқандай әсерлі етіп көрсетті. - Олар әрқашан жабық тұратын. Әкем мұнда тыныштықта жұмыс істейтін, шығармашылықпен айналысатын, жазатын, ойнайтын.

- Ал cіз әкеңіз қалай жұмыс істейтінін көру үшін кабинетке кіріп кеткіңіз келетін бе еді?

- Иә, әрине, ағам екеуміз бұл жерді жиі сығалайтынбыз, әкеме еркелеп, құшақтағымыз келетін. Бірақ анамыз көбіне оның жұмысына кедергі жасамауымызды сұрайтын. Тіпті қасынан шулап жүгіріп бара жатсақ та, ол былай дейтін:

"Ақырын! Әкең жұмыс істеп жатыр".

Нұрғиса Тілендиев кішкентай қызы Дінзухрамен бірге. Отбасылық мұрағаттан алынған сурет

- Нұрғиса Тілендиев әке ретінде қандай болды?

- Ой, ол өте биязы жан еді, бізге ұрысқаны есімде жоқ. Өте ілтипатты болатын. Көшеге жиі серуендеуге шығатын. Бірақ алдымен ағам екеуміз ойнап жүрген аулаға келетін. Менің достарымның бәрі - негізінен ұл балалар болатын, онымен амандасу үшін қол алысуға жүгіріп келетін. Оның таяғы болатын, оны қолында айналдырып жүретін. Бір қолымен былай шиырып айналдыратын, - Динара қалай болғанын көрсетіп берді. - Осылай тұрып алып, айналдырып, қарап тұрады. Бәрі жүгіріп келіп, онымен амандасады. Ол бәріміз аулада ойнап жүргенімізді, бәрі жақсы екенін көріп, сосын паркке кететін, ал қайтар жолда кейде бізді үйге ала кететін.

Мұражайда сақталған Тілендиевтер отбасының суреттері. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

- Әкеңіз сіздермен бірге ойнап, еркелетіп, қалжыңдасатын ба еді?

- Әкеммен бірге сөзжұмбақ шешкенді жақсы көретінмін, өйткені бәрінің жауабын бірден табатынбыз.

Динара естеліктерін әрі қарай жалғастырды:

- Оның жұмыс бөлмесінде шағын журнал үстелі болатын, анам оған шай құйып беретін, әкем оның суығанын күтіп, шайды ылғи салқындатып ішетін. Осы жерде роялі тұратын, "Дариға-домбыра" аспабы да бір бұрышта әрқашан жанында болатын.

Нұрғиса Тілендиевтің мұражайдағы роялі. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Сол рояль әлі күнге дейін Нұрғиса Тілендиевтің бұрынғы жұмыс бөлмесінде тұр. Аңызға айналған Дариға-домбыра да осында, тек қазір шыны астында сақтаулы. Домбыраға неге ат қойылған?

Нұрғиса Тілендиев Дариға-домбырамен (отбасылық архивтегі сурет), дирижердің жұмыс бөлмесі, үй-мұражайындағы Дариға-домбыра (сурет ©️ Tengrinews.kz)

- Әкем оны анамның құрметіне солай атаған. Бұл - нағыз махаббат. Ол анама деген сезімі мен осы аспапқа деген сүйіспеншілігін бір арнаға тоғыстырған сияқты.

Домбыраны жасаған да аңыз адам, музыкалық аспаптардың әйгілі шебері - Эммануил Романенко. 1930 жылдардың басында ол Ахмет Жұбановтың шақыруымен Туладан Қазақстанға көшіп келген. Кейін қазақтың дәстүрлі аспаптарын жетілдіруге атсалысты. Қазір Романенконың туындылары үлкен құндылық саналады және жеке коллекцияларда сақтаулы.

- Бұл аспапты Жұбанов әкеме отыз жетінші жылы сыйлаған, - дейді Динара. - Әкем оған өте ұқыпты қарап, ешкімнің қолына ұстатпайтын. Тек санаулы адамдарға бұл аспапты ұстау бақыты бұйырған. Бірақ оның үні керемет болатын.

Ахмет Жұбанов (1906-1968) - композитор, дирижер, музыкатанушы әрі педагог, Қазақ КСР халық артисі. Қазақ кәсіби музыка мәдениетінің негізін салушылардың бірі. 1934 жылы халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды, ол бүгінде Құрманғазы есімімен аталады. Халық музыкасын зерттеумен және сақтаумен айналысып, дәстүрлі аспаптарды жетілдіруге және оркестрлік орындаушылықты дамытуға үлес қосты.

Мұнда Нұрғиса Тілендиев концерттерде көрермендерді таңғалдырған сол баяғы ақ смокингі де сақтаулы. Динара оны әкесімен бірге сатып алған сәтін де ұмытпаған.

Нұрғиса Тілендиевтің концертте киген смокингі. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Сондай-ақ, қолтырауын терісінен жасалған портфель де бар. Оның ішінде музыка жазуға қажеттің бәрі: нота қағаздары, қаламсаптар, тіпті домбыраның ішектеріне дейін болатын. Естеліктерге қарағанда, бұл портфель әрқашан, тіпті күн сайын, маэстро демалыста немесе емделіп жүрген кезде де жанында болған. Ол өмірінің соңғы жылдарында ауыр сырқатына байланысты ауруханада көп уақыт өткізген еді.

Нұрғиса Тілендиевтің қолтырауын терісінен жасалған портфелі. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Ал ол әдетте қалай музыка шығаратын? Бөлме ішінде ары-бері жүріп, әндетіп пе, әлде бірден ойнауға отыратын ба?

- Жоқ-жоқ, ол әрдайым отырып музыканы, ноталарды хат жазғандай түсіре беретін. Көбіне қаламсаппен жазатын. Әдеттегідей өшіруге болатын қарындашпен емес, бірден қаламсаппен, тазалап жазатын. Ол солақай болатын, жазған кезде қолы аздап дірілдейтін. Қалай жазылғанын көріп тұрсыз ба? Бәрі қаламсаппен, - Динара әкесінің осында, шыны астында тұрған партитураларын көрсетті.

Мұнда олар өте көп. Олардың арасында "Реанимация" деп аталатын аяқталмаған туындысы да бар.

Мұражайда сақталған Нұрғиса Тілендиевтің партитуралары. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Әкеңіздің сіз естіген, бірақ нотаға түспей қалған музыкасы бар ма?

- Иә, бар. Ол бұл туындысын "Арман" деп атайтын. Бұл - лирикалық әуен. Оны үйде жиі ойнайтын, бірақ нотаға түсіріп үлгермеді. Дегенмен оны көпшілік естіді. Үйімізге қонақтар өте жиі келетін. Ондайда концертсіз өтпейтін, - деп күлді Динара. - Әкем әрдайым музыка ойнап, біз ән салатынбыз. Әкем сол сәтте алдын ала дайындалған дүниені емес, іштей толғанып, жаңадан шығаратын. Рояльда да, домбырада да солай болатын.

Оның ойнағанын бәріміз бірінші рет естіп тұруымыз мүмкін еді. Нағыз импровизатор! Ол тіпті концерттерде де жиі импровизация жасайтын. Жазбаларды қарасаңыз, оның домбырада ойнайтын шығармалары әр жолы әртүрлі басталатынын байқауға болады. Импровизация деген осы.

Мұражайда қызық жәдігерлер әлі де көп. Мысалы, SONY теледидары, оның жанында Panasonic бейнемагнитофоны, тіпті әлі күнге дейін сақталған кассеталар да бар. Бұлар да өзіндік жәдігерлер. Қазіргі технологиялармен салыстырсақ, теледидардың өзі тым қораш, ал экраны тым кішкентай болып көрінеді.

Нұрғиса Тілендиевтің мұражай-үйіндегі ас үй. Мұнда оның 70 жылдығына сыйға тартылған теледидар мен бейнемагнитофон сақталған. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Бірақ бұл заттар Нұрғиса Тілендиевке 70 жылдық мерейтойына сыйланған кезде ең соңғы үлгідегі, 90-жылдары адамдар армандайтын ең керемет сыйлық болатын. Маэстро оны сүйсіне тамашалайтын.

- Әкем боевиктерді - Чак Норрис, Джеки Чан, Брюс Ли түскен фильмдерді жаны сүйіп көретін. Теледидарға кіріп кете жаздайтын, білесіз бе?! Олармен бірге төбелесіп отыратын, - дейді Динара әкесінің бейнесін тағы да ерекше бейнелеп.

- Шынымен бе? - деп таңырқадық.

Музыкант, дирижер, филармония және боевик маэстроның тұлғалық бейнесіне мүлдем үйлеспейтіндей көрінеді.

- Әкем кезінде боксшы болған! - деп жымиды Динара.

- Қандай сан қырлы тұлға! - таңданысымызды жасыра алмадық.

- Ол музыкант болмағанда, чемпион боксшы болар еді деп ойлаймын, - деп жалғастырды қызы. - Әкем музыка мектебімен қатар бокспен айналысып, жарыстарға қатысып жүрген. Өзіңіз білетіндей, бокста қолды да, саусақты да жарақаттап алуға болады. Мұны білген Жұбанов жарыс күні сол жекпе-жекке барады. Әкем ол кездесуде жеңіске жетеді, екеуінің жанары түйіскенде, Жұбанов: "Сонымен, Нұрғиса, не бокс, не музыка!" - дейді. Сөйтіп әкем музыканы таңдаған екен.

Нұрғиса Тілендиев мұражайындағы Ахмет Жұбановтың суреті. Cурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Көп жылға кейін шегініп, Нұрғиса Тілендиевтің тағдырындағы Ахмет Жұбановтың рөлі туралы айтатын кез келген сияқты.

- Ахмет Жұбанов болмағанда, тағдыры қалай боларын кім білсін, - дейді Динара. - Бірде Жұбанов әжемнің үйінің қасынан кездейсоқ өтіп бара жатып, біреудің домбырада шебер ойнап жатқанын естиді. Үйге кіріп: "Кім ойнап жатыр?" - деп сұрайды. Әжем: "Менің балам", - дейді. Жұбанов: "Оны тыңдап, көруге бола ма?" - дейді.

Ал әжем өте ырымшыл адам болғандықтан, алаша төсеп, әкемді перденің артына отырғызып қояды, осылайша әкем Жұбановқа соның артында тұрып ойнап береді.

- Жұбановтың Нұрғиса Тілендиевке көзі тимесін деді ме? - деп сұрадық.

- Иә, Жұбановтың көзі тимесін дегені ғой, - деп растады Динара, екеуміз де күліп жібердік.

- Меніңше, әжем сол кездің өзінде-ақ оның тегін бала емес екенін түсінген, - деп толықтырды ол. - Себебі кішкентай болса да, домбырада сондай керемет ойнаған.

Осыдан кейін Ахмет Жұбанов оны музыка мектебіне оқуға шақырады. Кішкентай Нұрғиса келгенде, оны алдымен тағы бір аңыз музыкант - Латиф Хамиди қарсы алады. Ол баланы "дене бітімі тамаша" деп балетке жібереді. Нұрғиса Тілендиев тіпті біраз уақыт бимен айналысып жүреді, бірақ кейін Жұбанов мұны біліп қойып, оны домбыраға қайта әкеледі.

Латиф Хамиди (1906–1983) - композитор, дирижер және педагог, Қазақ КСР халық артисі. Қазақтың кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі. 1933 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Ахмет Жұбановпен бірлесіп "Абай" және "Төлеген Тоқтаров" операларын жазды. Әйгілі "Қазақ вальсінің" авторы және Қазақ КСР әнұраны музыкасының авторларының бірі.

Тілендиев шамамен 12 жасында оркестрдің концертмейстері болса, 14 жасында бас дирижердің көмекшісі болып үлгерді.

Музыка мектебінен кейін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын, кейін Мәскеу консерваториясын бітірді. Тілендиев дирижерлік етуді профессор Николай Аносовтан үйреніп, Үлкен театрда тәжірибеден өтті.

Николай Аносов (1900–1962) - кеңестік дирижерлік мектептің танымал өкілдерінің бірі. КСРО-ның жетекші симфониялық оркестрлерімен жұмыс істеген, Мәскеу консерваториясында дәріс беріп, дирижерлердің тұтас бір буынын тәрбиелеп шығарған.

Яғни, Нұрғиса Тілендиевтің тек шебер домбырашы немесе жай ғана фольклортанушы емес екенін түсіну маңызды. Ол академиялық дирижерлік мектептен өткен. Сондықтан да кейін күйді, симфониялық форманы, балетті, операны және кино музыкасын қатар игеріп, "Отырар сазы" ансамблінде жаңғыртылған қазақ аспаптары негізінде жаңа оркестрлік тіл қалыптастыра алды.

Бұл пікірмен оның қызы Динара Тілендиева да келіседі. Ол "Отырар сазын" әкесінің шығармашылық жолының шыңы деп атады.

Мұражайдағы Нұрғиса Тілендиевтің концертте киген пиджактары. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

- Ол күйдің екі дәстүрлі бағытын ұштастырды. Төкпе және шертпе стилі бар екені белгілі. Ол осы екеуін біріктіріп, күйді концерттік музыка деңгейіне көтере білді. Бұған дейін мұндай дүниені ешкім шығармаған еді, - деп түсіндірді Динара.

Дәстүрлі қазақ домбыра музыкасында күй орындаушылықтың екі негізгі стилі - төкпе және шертпе бар. Біріншісі тарихи тұрғыда негізінен Батыс Қазақстанмен байланысты және ол ойнау мәнерінің екпінімен, білек күшімен қағылатын қуатты соққыларымен және мәнерлі ырғағымен ерекшеленеді. Екіншісі көбіне Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда таралған. Оған нәзік дыбыс шығару, саусақпен іліп ойнау техникасы, лирикалық сипат және музыкалық нюанстарға ерекше мән беру тән. Төкпе стилінің ең танымал өкілдерінің бірі Құрманғазы болса, шертпе стилінің өкілі - Тәттімбет.

Айта кетейік, "Отырар сазы" оркестрінің сәтті жобаға айналуына Дінмұхамед Қонаев үлкен үлес қосты. Тілендиевке оған жетекшілік етуді және дамытуды ұсынған да сол кісі болатын.

Дінмұхамед Қонаев (1912-1993) - мемлекет және партия қайраткері, кеңестік кезеңдегі Қазақстанның ең танымал басшыларының бірі. 1960-1962 және 1964-1986 жылдары Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Оның тұсында Қазақстанда өнеркәсіп, энергетика, ғылым және қалалық инфрақұрылым белсенді дамыды.

- Дінмұхамед Ахметұлы әкеммен өте жақын дос болған, - деп балалық шағын еске алды Дінзухра. - Ол кісі біздің үйге жиі келетін.

Мен дүниеге келгенде, әкем мені солардың - Дінмұхамед Ахметұлы мен жұбайы Зухра Шәріпқызының құрметіне атауға рұқсат алыпты.

Ағам екеуміз ол кісінің үйіне қонаққа жиі баратынбыз, ол бізге шетелдік сағыздар мен кәмпиттер беретін. Бірінші сыныпқа барғандағы алғашқы сөмкемді Дінмұхамед Ахметұлы Түркиядан әкеліп берген еді. Сондай-ақ, менде оның жұбайының бірегей қуыршағы сақталған. Ол кісі қуыршақ жинайтын, үлкен коллекциясы бар еді, соның бірі менің үйімде төрде сақтаулы тұр.

Дінмұхамед Қонаевтың жұбайы Зухра Шәріпқызының Динара Тілендиеваға сыйға тартқан қуыршағы. Жеке архивтен алынған сурет

Бұл - Динара туған пәтерінен көшіп бара жатқанда бірге алып кеткен заттарының бірі. Осылайша, естеліктерге шомып отырып, мұражай ішінде кездесуіміздің басында айтылған әлгі пианиноға да жеттік.

- Мұны әжеміз әкеме бес жасында сыйлаған екен. Жалпы, бұл - өте ескі аспап. Көне. Әкем қайда көшіп барса да, анасының бұл сыйлығын әрдайым бірге алып жүретін. Байқасаңыздар, оның пернелері темекіге күйген, - дейді Динара, - өйткені әкем өте көп темекі шегетін.

Нұрғиса Тілендиевке анасы сыйлаған жүз жылдық пианино. Пернелері күйген. Сурет: ©️ Tengrinews.kz

- Темекі шегіп отырып шығарма шығара беретін бе еді?

- Иә, ол бір-екі күнде бір блокты тауысып тастайтын ба еді, солай. Анам оған "Қазақстан" темекісін блокпен сатып әперетін.

- Ұрсатын ба еді? - деп сұрадым, Дариға Тілендиева күйеуінің денсаулығына алаңдағанын көз алдымызға елестетіп.

- Иә, анам ұрсатын. Бірақ әкем өзін тоқтата алмайтын. Өте көп шегетін, - дейді қызы мұңайып.

Дариға мен Нұрғиса Тілендиевтер. Сурет мұражайда сақтаулы

Ол отбасылық коллекциядағы тағы бір аспапты - өте ескі баянды көрсетті.

- Бұл да анасының, яғни менің әжемнің аспабы. Ол кісі баянда өте жақсы ойнаған. Ал әкем кейде әзілдеп осы аспапта ойнап, билеп те жіберетін. Бұл өте әсерлі көрінетін.

- Отбасыларыңыз өте өнерлі екен…

- Иә, әжем де музыкант болды, атамыз да домбыра тартқан, әкем де.

Тілендиевтердің музыкалық әулетінің өкілдерін әрі қарай жалғайық: ол, әрине, Динараның өзі, сондай-ақ, оның үлкен қызы Даяна. Бойжеткен консерваторияда оқиды. Онымен "Отырар сазы" оркестрінің дайындығында таныстық. Ол пианинода ойнап, 15 қазанда атасын еске алу күніне арналған концертте орындалуы мүмкін әнді дайындап жатыр екен.

Даяна Тілендиева, Нұрғиса Тілендиевтің жиені, рояль басында. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Жақында Динара екінші сәбиін дүниеге әкелді. Кіші қызы Сати небәрі үш айлық.

- Қолмен ишара жасауы Нұрғиса атасына қатты ұқсайды, өте қызық. Жұбайым екеуміз мәз болып, отбасымызда тағы бір дирижер дүниеге келді деп жиі әзілдейміз, - дейді ол.

Динара Тілендиева әріптесімен бірге филармониядағы "Отырар сазы" оркестрінің дайындығында. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Динараның өзін бес жасында Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебіне берген. Осыған байланысты ол мынадай оқиғаны еске алды:

- Оқытушылар баланың саусақтарына қарап, оған қай аспапта ойнауды үйренген дұрыс екенін айтуы керек. Олар қарап шығып: "Скрипкаға келетін саусақтар. Ол скрипкашы болады", - деді. Анам: "Скрипкашы болса, скрипкашы болсын", - деп, кішкентай скрипка сатып алып, жастықшасын тігіп берді.

Әкем дәл сол кезде гастрольде жүрген еді. Үй телефонына қоңырау шалды, ол кезде ұялы телефон жоқ қой. Мамам оған: "Ой, Нұр-аға, сізді құттықтаймын! Динараны Күләш Байсейітова атындағы мектепке скрипка класына қабылдады!" - деді. Ал ол болса: "Қалайша? Менің қызым тек фортепианоға барады!" - депті. Сонымен, скрипканы қайтарып бердік, - деп күлді Динара. - Осылайша фортепиано класына оқуға түстім.

- Бұл оқиға сізге ештеңені еске түсірмей ме? - деп сұрадым мен.

Динара ойланып қалды да, екеуміз қайта күлдік: оның тағдырында әкесінің тарихы қайталанғандай болды. Кезінде әкесін де домбыра класының орнына балетке қабылдаған еді. Қызық сәйкестік.

Кейін Динара бұрынғы пәтерінде әкесінің роялінде ойнады. Моцартты. Әуезді музыка оның саусақтарының астынан сыңғырлап, ерекше үйлесіммен төгілді. Неліктен дәл осы шығарма?

Динара Тілендиева әкесінің роялінде ойнап отыр. Видеодан кадр

- Бұл концертті "Отырар сазымен" бірге орындағанмын. Бұл ой тосыннан келді. Бірде ол кісі: "Маған мұғаліміңнің телефоны керек", - деді. Менің ұстазым Людмила Ильинична Лапан болатын. Әкем: "Қызым "Отырар сазы" оркестрімен бірге ойнағанын қалаймын", - деді. Сөйтіп, олар маған Моцарттың № 8 до мажор концертін беруді ұйғарды. Әкем оның оркестровкасын жасауға шешім қабылдады, ол бірегей туынды болды. Халық-фольклорлық оркестр Моцартты алғаш рет орындаған шығар. 96-шы жылы алғаш рет "Отырар сазы" оркестрімен өнер көрсеттім. Сахна артында әкемнің былай дегені есімде:

"Қызым, қорықпа, сен батырсың!" 

- Менің өнер көрсетуім, әкемнің дирижерлік етуі, ал анамның концертті жүргізуі өте тебіреністі сәт еді.

Шынында да, естелік көп. Мысалы, Динара әкесінің Мұқағали Мақатаевпен достығы туралы айтып берді. Мұнда тіпті ақынның композиторға жазған хаты да сақталған.

- Бұл хатта Мұқағали шамамен былай деп жазады:

"Нұр-аға, мен осындай үлкен жауапкершілікті мойныма алдым, сіздің әуеніңізге сөз жазғым келеді. Бұған дейін ешқашан бұлай істеп көрмеген едім. Мұның қаншалық қиын әрі жауапты екенін түсінемін. Бірақ бұл сізге ұнамай қалса, мен еш ренжімеймін, тек оқып көрсеңіз болғаны. Бұдан ән шығып жатса, өте қуанышты болар едім".

Нәтижесінде ән шықты әрі біреу емес. Бір айға жуық уақыт бойы ақын Нұрғиса Тілендиевтің үйінде қонақта болып, сол кезде олар көптеген бірлескен шығарманы дүниеге әкелді: "Сарыжайлау", "Сөнбейді, әже, шырағың", "Мен сендерді іздеймін", "Домбыра-досым" (бұл ән Дариға домбырасына арналған).

- "Есіңе мені алғайсың" әні туралы да айтқым келіп еді. Біреулер Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың нұсқасындағы дәл осы ән жоғалып кетті деген қауесет таратқан. Бұл сөзге музыка жазған екінші автор да бар. Бірақ оны ең алғаш әкем жазған. Бұл ән, әрине, сақталған және біз оны әлі күнге дейін жиі орындаймыз.

Мұқағали Мақатаев (1931-1976) - ақын, XX ғасырдағы қазақ поэзиясының ең танымал өкілдерінің бірі. Өз шығармаларында махаббат, отан, адамгершілік сезімдері мен өмірдің мәні тақырыптарын қозғаған. Шетелдік авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның көптеген өлеңіне ән жазылды, соның ішінде Нұрғиса Тілендиевтің де туындылары бар.

Динара Тілендиева авторлық құқық мәселесіне өте ұқыпты қарайды. Ол өзгенің шығармасына өзгертулер енгізу дұрыс емес деп есептейді. Оның айтуынша, интерпретациялар болуына құқығы бар, бірақ ол бастапқы музыкалық мәтінге күрделі түзетулер енгізуге қарсы.

Дегенмен оркестрдің жаңа репертуарына, эксперименттерге, жас әртістермен коллаборацияларға оң көзқараста. "Танымал әншілер осы арқылы әкемнің музыкасын келесі ұрпаққа жеткізеді", - дейді Динара.

"Отырар сазы" оркестрі Жамбыл атындағы филармонияда дайындық үстінде. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Олар қазір оркестрге қолдау көрсетіп жүрген AÑSA қорымен де осындай бірлескен жобалар мен эксперименттер жасап жатыр.

"AÑSA Foundation Нұрғиса Тілендиевтің мұрасын және оның аңызға айналған "Отырар сазы" оркестрін сақтау бойынша екі жылдық бағдарламаны іске қосты, - дейді AÑSA Foundation қамқоршылық кеңесінің мүшесі Татьяна Ким. - Нағыз классика ескірмейді, бірақ оған архив жазбаларын цифрландыру мен сахналық базаны жаңартудан бастап, жас музыканттарды қолдауға және ауқымды гастрольдер өткізуге дейін сенімді тірек керек. Біз үшін маэстро Тілендиевтің ұлы музыкасы тек концерт залдарында емес, сонымен қатар, стриминг платформаларда да шырқалып, жас аудитория үшін өміршең әрі түсінікті болып қалуы маңызды".

- Мұндай ынтымақтастықтың маңызы орасан зор, өйткені шығармашылық адамдарына жаңа ойларын, жаңа композицияларын жүзеге асыру үшін әрдайым қаржыландыру қажет, - дейді "Отырар сазы" оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева.

Ол бала кезінде әкесімен бірге дайындыққа келіп, филармонияның үлкен залында басқа музыканттардың балаларымен тығылыспақ ойнап жүргенде, әкесі сияқты дирижер болатынын ойлады ма екен?

- Ол кезде, әрине, ойлаған жоқпын, - дейді Динара. - Бұл ой кейін, әкем дүниеден өткеннен соң келді. Консерваторияға түсер кезде "қай бөлімге?" деген сұрақ туындады. Фортепиано ма, әлде теория ма? Бірақ дирижер мамандығын таңдадым. Мамам мені бұл райымнан қайтарғысы келді, өйткені бұл әйел адамға тән мамандық емес қой.

- Осы мәселені қозғағаныңыз жақсы болды. Сізбен осы жайында сөйлескіміз келген. Қазір әйел адамға жат мамандық болмайды, бұл жай ғана стереотип деген пікір қалыптасқан. Дегенмен дирижерлердің көбі әлі де ер адамдар сияқты көрінеді…

- Рас. Бүкіл консерватория бойынша біздің курста небәрі екі-ақ адам болды, мен және бір курстас жігіт. Маған жүктелген жауапкершілік өте зор болған сияқты... Мемлекеттік емтиханды да әкемнің "Отырар сазы" оркестрімен тапсырдым. Ал оркестрдің бас дирижері болып тағайындалғанда, мен үшін бәрі таңсық әрі түсініксіз болды, - дейді ол күліп.

- Сізге қайсы көбірек салмақ түсірді? Дирижер болуға бел буған әйел екеніңіз бе? Әлде Тілендиевтің қызы болғандықтан, жұрт сізден ерекше бірдеңе күтетіні ме?

- Иә, дәл солай, әкемнің қызы екенім, оның жолын жалғастырып жатқан соң, әкемнің атына кір келтірмеуім керек деген ой басым болды. Ал әйел адамға тән емес мамандық деген нәрсе мені аса қорқытпады. Тіпті бұл туралы ойламаған да шығармын.

- Сіз батылсыз! - дедік.

- Иә, ондай мінезім бар, - дейді Динара сәл қымсынып.

Бірақ ол мұны баяғыдан біледі, әкесі оған бала күнінде-ақ айтып кеткен:

"Қызым, сен батырсың!"

Динара Тілендиева әкесімен және ағасымен бірге. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

- Әкеңіз Нұрғиса Тілендиев сияқты музыкант болғаныңызға қуаныштысыз ба?

- Иә. Ата-анама алғысым шексіз. Олар "музыкантпын, бірақ балам ешқашан музыкант болмайды" деп есептейтін кейбір өнерпаздар сияқты болған жоқ. Олар менің осы жолды таңдағанымды қалады. Жасөспірім шағымда менде де қарсылық болып, бұл жолды қаламаған сәтім болды, бірақ ол кезең өтті. Музыкасыз өмір сүре алмайтынымды түсіндім.

- Басқа салада жүргеніңізді елестете аласыз ба? Дәрігер немесе мұғалім ретінде?

- Бала кезімде өзімді спортшы ретінде елестететінмін. Бірақ қазір басқа ешкім болғым келмейді, музыка - менің болмысым.

Бұған кімнің дауы бар? Шынында да, музыка - олардың тағдыры.

Мәтін: Марина Михтаева

Суреттер: Марина Михтаева, Юрий Съедин, Тілендиевтер отбасының жеке мұрағатынан



Бөлісу: