Қытай туралы ойыңызды өзгертеді: Гуанчжоуға барғысы келетіндерге гайд

Қытай туралы ойыңызды өзгертеді: Гуанчжоуға барғысы келетіндерге гайд

Гуанчжоу - аспан асты елінің оңтүстігіндегі қала, Гуандун провинциясының астанасы. Қала Кантон атауымен де белгілі.  Қазақстандықтар Гуанчжоуды жеңіл өнеркәсіптің отаны ретінде жақсы біледі. Бірақ Гуанчжоу тек сауда орталықтарынан тұрмайды. Қытайдың оңтүстік қақпасы сан қырлы екені соншалық - синофобияңызды ұмыттырып жіберуі әбден мүмкін.

Жазда саяхатты, шетелге шығуды жоспарлап жүргендерге арнап, Шығыс Азиядағы  ерекше мегаполис туралы гайд дайындадық. Қазір бұл қалаға тікелей жететін мүмкіндік бар.

Контрасқа толы қала: ежелгі ғимараттардан аспан тіреген мұнараларға дейін

6 сағат ұшқаннан кейін Інжу өзені бойында орналасқан Қытайдың ең ежелгі қалаларының біріне жетесіз. Заманауи ғимараттар, аспанмен таласқан биік мұнаралар, сан алуан сауда орталығы, колоритін жоғалтпаған тарихи орындар, тіршілік қайнаған көшелер, велосипедтер мен электрсамокаттарға толы жолдар, гүлдермен көмкерілген жап-жасыл алаңқайлар. Гуанчжоу, расында, осындай контрасқа толы қала.

Гуанчжоуға жолыңыз түссе, сапарыңызды Шамянь аралынан бастауға кеңес береміз. Бұл жер аспан астындағы музей іспетті. Құдды Еуропаға түсіп кеткендей күй кешесіз.

Ерте заманда шетелдіктерге тұруға рұқсат етілген жалғыз аумақта 150-ден аса ғимарат бар: мемлекеттік органдардың, елшіліктердің ғимараттары, банктер, шіркеулер, қонақүйлер.

Шамянь сөзі құмды жер деген мағынаны білдіреді, бұл атау тегін берілмегендей: мұндағы ағаштар тамырын тым тереңге жайған.

Арал көтерілістер мен революцияларды бастан өткерген, ХІХ ғасырда Ұлыбритания мен Францияның бақылауында болған, сондықтан отаршылық кезінде Еуропа стиліндегі ғимараттар бой көтерді.

Бүгінде ескі ғимараттардың бірінде танымал кофехана орналасқан.

Шамьянның ғажайып көшелерімен жүріп келе жатып, 1916 жылы салынған КСРО-ның Бас консулдығының тарихи ғимаратын көзіміз шалды. Тарихи суреттердегідей, бәз-баяғы қалпында. 

Шамянь - мүсіндерге жан біткен арал. Бірақ қарапайым мүсіндер емес, олар әртүрлі кезеңнің тыныс-тіршілігінен, Гуандун халқының әртүрлі екенінен сыр шертеді.

 

Мәселен Еуропа кәсіпкері мен қытайлық саудагердің кездесуі сауда жолдарының тоғысқанын білдірсе керек...

Мұнда қаланың басқа бөліктеріндегідей у-шу, қайнаған тіршілік байқалмайды, тек жаныңа тыныштық сыйлайды. Ал бүгінде ол блогерлер мен жас жұбайлардың ерекше контент жасайтын орнына, фильмдер түсірілетін жерге айналған.

Аралға кіру тегін, мұнда қалағаныңызша серуендеуіңізге рұқсат.

Дәстүрлі қытай мәдениеті мен сәулет өнері туралы білгіңіз келсе, Чэнь әулетінің ғибадатханасына бас сұққаныңыз жөн. Бұл кешенге 2 ғасырдай уақыт болған, ол осы әулеттің қайырымдылық қаражатына салынған. Гуандундағы ең беделді әрі ауқатты әулеттердің бірі осылайша ата-баба рухына құрмет көрсетуді ұйғарған.

Ғибадатхана ойып жасалған бағаналарымен, өрнекті кірпіштерімен, ұсталар қолымен бедерленген оюларымен, түрлі мүсіндермен ерекшеленеді.

Бұл ғибадатханаға да кіру тегін. 

Гуанчжоуда Алты баньян ағашы ғибадатханасына (Люрон ғибадатханасы) соқсаңыз болады.

Ол - ең көне будда ғибадатханасы. Ғибадатхананың басты ерекшелігі - гүл тәрізді мұнара. 

Ғибадатхананың атауы да қызық: алғашында басқаша аталған, кейін қытай ақыны Су Ши келіп, "Алты баньян ағашы" атты өлең арнаған. Расында, ғибадатхана аумағында баньян ағаштары өседі. 

Дәстүрлі қытай мәдениетімен таныс болсаңыз, Гуанчжоуға барып соқпай кетуге болмайтын тағы бір жер - Бейжің жаяу жүргіншілер жолы. Өз заманында мұнда Қытайда ғана емес, Еуропада сұранысқа ие өнімдер шығарылған.

Сан ғасыр бұрын дәл осы жерде Ұлы Жібек жолы арқылы одан әрі жөнелту үшін тауарларды буып-түйген. 

Мұнда дүкен, мейрамханалар жетерлік, ескінің ерекше жұрнағына да куә боласыз. Мәселен мына су сағат.

Ал көшенің ортасындағы әйнектің астында 700 жылдық тарихы бар, ежелде төселген жол сақталған.

Гуанчжоуға барсаңыз міндетті түрде жасауыңыз қажет нәрсе - түнгі круизбен әдемі көрініске куә болу. Түнде Інжу өзені бойындағы қала мүлдем басқа реңкке енеді. 

Круизбен қаланы аралау бір адамға шамамен 168 юань, яғни 12 мың теңгедей тұрады.

Юэсю саябағы Гуанчжоуда міндетті түрде көру керек саябақтар қатарында. Бұл - жай ғана Қытайдың ең үлкен саябақтарының бірі емес, тарихи орын, мұнда қала символы саналатын ескерткіштер де қойылған.

Соның бірі - бес ешкінің мүсіні. Аңызға сенсек, бес ешкіге мініп келген бес құдай қалаға молшылық пен бақ әкелген.

Саябақ аумағында Чжэнхай мұнарасы орналасқан. Бұл - қаланың ең ежелгі сәулет құрылыстарының бірі. Қазір бұл жер - неолит дәуірінен бастап Гуанчжоу тарихынан сыр шертетін мұражай. 

Мұражайда ертедегі қытай жібегі де сақталған. Бұл - 1644-1911 жылдардағы Цин әулетінің мұрасы.

Cаябақ аумағына да, Гуанчжоу мұражайына да кіру тегін, тек мұражайға кіру үшін екі күн бұрын ресми сайтынан брондап қойған жөн.

Гуанчжоуға барып тұрып базар вайбын сезінбей кету жөн болмас. Ең танымал базарлардың бірі - Байма. Мұнда 10 000-нан аса дүкенді табуға болады.

Баймада қытайдың ұлттық киімдерінен бастап ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған сан алуан киім бар.

Ал қаланың қарыштап дамып жатқанын Хуачэн алаңында тұрып-ақ байқауға болады.

Оңтүстік Қытайдың басты мәдени ошақтарының бірі - Гуандун мұражайы. Мұражайдың ғимараты да ерекше, лакпен оюланған дәстүрлі қорапқа ұқсайды.

Бұрын-соңды фарфордан жасалған жастық дегенді естіп көрдіңіз бе? Мұндайды Гуандун мұражайынан табуға болады. 

Дәл осындай фарфор жастықтарды Тан әулеті кезінде тамыр соғысын тексергенде білекті қою үшін және жазушылардың қолын демеу үшін пайдаланған. Жолға шыққан жолаушылар да қолданған.

Мұражайға кіру тегін.

Гуанчжоу алақандағыдай көрінгенін қаласаңыз Canton Tower-ға барыңыз.

Бұл - Токиодағы мұнарадан кейін екінші орында тұрған әлемдегі ең биік мұнара.

Қаланың басты символының биіктігі 610 метрге жетеді. Жергілікті халық мұнараны иіліп тұрғанына қарап "қыпша белді қыз" деп те атайды. Мұнда мейрамханалар, әйгілі дәмханалар, кинотеатрлар орналасқан.

Бұл таңғажайып туындының авторлары мұнымен тоқтап қалмаған, 455 метр биікте Bubble Tram деп аталатын аттракцион орнатқан.

Әйнекпен қоршалған осындай 16 дөңгелек рельстердің бойымен жай қозғалады, есесіне аспанда қалықтап жүргендей әсер сыйлайды, осылайша қаланы ең биік нүктеден көруге мүмкіндік аласыз.

Кантон телемұнарасына кіру, Bubble Tram аттракционына отыру құны 300 юань тұрады. Шамамен 21 000 теңге.

Гуанчжоу - баламен саяхаттағысы келетіндер үшін де ерекше бағыт. Қытайдың оңтүстік мегаполисіне барып Чимелонг Сафари паркті көрмей қайтпаңыз. Бұл - Азиядағы ең үлкен парк.

Мұнда жануарлар торда ұсталмайды, жайлы ортада - су қоймаларында, тропикалық ормандарда, өз аралдарында емін-еркін өмір сүреді.

Паркті түрлі түсті пойыздар арқылы аралауға болады. Осылайша жануарлар тамақтанып, ұйықтап, ойнап жатқан сәтті жақыннан көре аласыздар. 

Панда, кенгуру, лама, т.с.с. жануарларды дәл жанынан көргілеріңіз келсе, паркке міндетті түрде бару қажет. Өз көлігіңізбен де кіруге болады. Есесіне жираф сізге осылай жол беруі мүмкін.

 

Сафари парктен тіпті түйелерді де көруге болады.

Ал аспалы жол арқылы жануарларды төбеден бақылауға болады.

Кантон асханасы несімен ерекше?

Қала аралап шаршасаңыз, дәстүрлі Гуандун асханасынан дәм татыңыз. Кантон асханасы әр алуан тамақтан тұрады: ет, теңіз өнімдері, құс еті, көкөністер.

Гуанчжоу дәстүрлі Кантон тағамдарының орталығы саналады. 

Дәстүрлі кантон тағамы жеңіл әрі табиғи. Көбіне буға пісіреді немесе қайнатады, бұл тағамның өз дәмін сақтау үшін жасалады. 

Қытай мәдениетінде ең басты дәстүрлердің бірі - дастархандағы тағамды бөлісіп жеу. Сондықтан үстелдің ортасына әртүрлі тағамдар қойылады. Бұл әдіс бірлік пен жақындықты білдіреді, сонымен қатар, әртүрлі дәмді татып көруге мүмкіндік береді. 

Қытайлықтар ас ішкенде пышақ пен шанышқы орнына таяқшалар пайдаланады. Гидіміз таяқша ұстаудан арнайы шеберлік сабағын да өткізді.

Кантон асханасына үйренісе алмасаңыз, мұнда ұйғыр асханасы немесе еуропалық асханалар көп. 

Үйреншікті ұйғыр асханасынан бөлек ливан дәмін де татып көрдік.

Қытайға барып, шай ішу мәдениетіне қанық болмау мүмкін емес. Қытайлықтар кез келген асты шаймен ішкенді жақсы көреді. Ерекше шай түрлері де көп.

Бұл - сегіз түрлі шөптен жасалған шай.

Тағы бір ерекше шай - пуэр. Оның тарихы 1700 жылдан асады. Басқа шайлардан айырмашылығы сол - пуэр арнайы әдіспен қайтарыла ашытылады. Адамдар кездесуге келсе де, жалғыз тыныққысы келсе де көбіне пуэрді таңдайды. Оның ерекше дәмі, тыныштандыратын қасиеті Гуанчжоудың шай мәдениетінде ерекше рөл атқарады.

Гуанчжоуды аралағанда нені ескеру керек?

  • Гуанчжоу субтропикалық аймақта орналасқан. Ауа райы жылы әрі ылғал. Жаңбыр жауғанда күн суытатындай көрінуі мүмкін, бірақ әсте олай емес.
  • Қала аралауға шыққанда төлқұжат тастамаңыз, туристік жерлердің көбіне кіру үшін төлқұжат қажет;
  • 22 миллион халық тұрса да, айтарлықтай кептеліс сезілмейді: қала көшелері электрсамокаттар мен велосипедтерге толы.

  • Гайдта біз көрсеткен жерлерге метромен де жетуге болады. Дегенмен билет бағасы біздегідей емес, арақашықтық бойынша есептеледі. Мысалы 9 станцияға 4 юань, бұл дегеніміз - шамамен 285 теңге. Жолда интернет қолжетімді.

Қытайға бару үшін виза керек пе?

Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим бар. Азаматтар екі мемлекет аумағында 30 күн визасыз жүре алады.

depositphotos.com

Жақын маңда не бар?

Гуанчжоу әлемдегі ең бай қалалардың бірі Гонконг пен Азияның Лас-Вегасы атанған Макаоға жақын орналасқан. 

depositphotos.com

Демек Гуанчжоуға саяхаттап барып, сапарыңызды Гонконг пен Макаода жалғастыра аласыз.

depositphotos.com

Гуанчжоуға қалай жетуге болады?

31 наурызда Air Astana әуекомпаниясы Алматы-Гуанчжоу бағытын іске қосты. Алматы-Гуанчжоу рейсі аптасына үш рет - сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері Airbus A321LR ұшағымен орындалады.

Билеттерді әуе компанияның ресми сайтынан, билет сату офистерінен, аккредиттелген агенттіктерден және +7 (727) 244 4477; +7 (717) 258 4477; +7 702 702 4477; +7 705 927 4477 телефон нөмірлері арқылы брондауға болады. 

Қытай туралы стереотипіңізді жойып, Air Astana-мен бірге Аспан асты еліне саяхаттаңыз!

Билеттерді сатып алу