"Қыштан құмыра жасау - медитация". Шебер жаңа кәсіптің қыр сыры туралы айтты
Ертеден келе жатқан кәсіпті меңгерген Қарлығаш Оралбаева қыш құмырадан ерекше бұйымдар жасайды. Ол бүгінгі таңда көне кәсіппен айналысып, қаржы тауып жүрген жандардың бірі. Шеберден құмыра жасаудың қыр-сыры туралы сұрап білдік, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
- Заңды сұрақ деп ойламын. Бұл салаға қалай келдіңіз?
Өзім Қарағанды облысы Балқаш қаласының тумасымын. Астанаға үйдегілермен 2005 жылы көшіп келдік. Бала күнімнен шығармашылыққа жақын болдым. 10 сыныпқа келгенде анам құмыра жасап үйрететін үйірмеге берді. Басында құмыра жасау мен үшін хобби еді, кейін өнерімді шыңдай келе жоғары оқу орнында мастер-класс өткізе бастадым. Ол кезде шеберлік сабағымның құны 700 теңге болатын.
Жоғары білімді тек 3-ші курсқа дейін алдым, себебі сол уақытта кәсібім өрге жүре бастады. Менде екі таңдау болды: бірі графикалық дизайнер болу немесе кәсібімді әрі қарай жалғастырып, сүйген іспен айналысу еді. Мен екіншісін таңдадым. Қолөнермен өмір сүргім келетінін анық түсіндім. Оның үстіне оқуға баруға да уақытым болмады. Кәсібімді жасап, университеттің де оқу ақысын өзім төлейтінмін. Осылайша оқудан шығуға бел байладым.
- Қолөнерге икемді екеніңізді кім байқады? Бастапқыда кімдер қолдау көрсетті?
Анам инженер-технолог бірақ қазіргі таңда мектепте сабақ береді, ал әкем әскери адам болып жұмыс істейді. Құмыра жасауға деген икемімді алғашқы рет анам байқады. Басында құмыраларымның көбі қисық-қисық шығатын. Анам мені соңына дейін қолдап, көмек көрсетті. Маған ылғи "сен бұдан да жақсы жасай аласың" деп үнемі айтатын. Бастапқы үш гончарлық шеңберімді анам салып берді. Кейін кәсіптен пайда тауып, гончарлық шеңбердің 10-15 шақтысын сатып алдым.
- Көне кәсіп дейміз ғой... Біліміңізді қалай толықтырып отырасыз?
"Құмыра жасаудың әр түрін меңгеру үшін үнемі білімімді жетілдіріп отырамын. Жақында Қытайға барып, сол жақтың шеберлерімен тілдестім. Қытайда тіпті құмыра жасаушылардың "Си гуй шань" атты қаласы бар. Ол жерде әрбір затты қолдан жасалады, таң-тамаша тәжірибе жинап қайттым. Елге келген соң шабыттанып, Қытайдың айдаһары бар құмыра жасадым, алайда құмырамды көргендер мұны "Қарлығаштың құйрығы неге айыр" деген ертегісімен шатастырады. Көрші Өзбекстанда да тура сондай Риштан атты қала бар. Ол жаққа да барып, саз балшықтан жасалатын құмыралардың қыр-сырын одан әрі меңгеріп, түрлі идеялар алдым. Сондай-ақ Ресейге де бардым".
- Қандай адам қыштан құмыра жасай алады немесе қолөнер адамға қалай әсер етеді?
Егер адам құмыраны тез-тез жасағысы келсе, онда оның нәтижесі нашар шығады. Адам гончарлық шеңберге отырған кезде сасқалақтамай өзін сабырлы ұстауға тиіс. Кейбір адамдар жылдам нәтижені алғысы келіп тұрады, бұл да болмайды. Құмыраны ойды жинақтап, сабырлықпен жасау керек. Мен ашуланып тұрсам немесе жай ғана көңіл-күйім болмаса, құмыраны өзім қалағандай жасай алмаймын. Меніңше, құмыра жасау – медитация. Бірақ оқушыларыммен жұмыс істегенде олай емес, үнемі бақылау керек.
Басында менде сәтсіздік өте көп болды, көңіл-күйім жиі түсетін. Әсіресе, құмыра кепкен кезде жарықты байқап жатасың, ал кейде пештің ішінде күйіп кетіп жатады. Тезірек бітсе екен деген бұйымдарымның көбі онша емес болып шығады.
- Құмыраны жасау алгоритмі қандай?
Алдымен бұйым жасалады, сосын екі аптаға жуық уақыт кептіріледі.
Екіншіден, пигментті бояумен боялып, арнайы пешке күйдіріледі. Құмыра 800 градусқа дейін 16 сағат күйдіріледі.
Кейін бұйымның сыртын глазурмен қапталып, пешке қайта 16 сағат күйдіріледі.
- Осы уақытқа дейін қанша шәкірт тәрбиелеп үлгердіңіз? Онымен қоса, құмыра мен бұйымдарыңыздың бағасына келсек...
Бүгінгі таңға дейін 20-30 шақты шәкірт тәрбиеледім. Оның 5-еуі қазір өз кәсібін ашып алған. Құмыра жасауды көбі қызғушылықпен үйренеді. Қыш құмыралардың бағасы әртүрлі, менің жасағандарым 10 мың теңге мен 300 мың теңге аралығында бағаланады. Қарапайым қолдан жасалған шынаяқ 10 мың теңге тұрады. Айлық табысымнан бөлек, бір күндік табысым да әртүрлі шығады. Қазіргі таңда жарнама жағына көңіл бөлген жоқпын. Көбіне жәрмеңкелерде сатамын. Қазіргі таңда қолөнерді бағалайтын адамдар артып келеді.
- Шабыт пен идеяны қайдан аласыз?
Шабытым аяқ асты келеді. Идеяны интернет пен әлеуметтік желілерден қараймын. Әрине, интернет толған идея, бірақ оны ұлттық нақыш пен менталитетке де келтіру қажет. Соның бірі киіз үйі бар құмыра.
Әлеуметтік желіде дәл осы құмырам көп сұранысқа ие болып, көпті таңғалдырды. Өзім сурет те саламын, алайда әзірше тек бір суреттен қарап саламын.
- Әңгімеңізге рақмет!
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!