Қыс сиқыры: Қапшағайдағы мұзқырқа

Биыл коронавирус пандемиясының салдарынан шетел асып, теңіз жағасында демалатындардың саны азайды. Өйткені көп елдің шекарасы жабық. Есесіне өз жеріміздегі көрнекі мекендерге деген қызығушылық артты.

Қыс түсіп, қар жауғалы Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында түсірілген үлкен мұз кесектерінің суреттері желіге жиі жүктеле бастады. Айрықша мұзқырқалар көп адамның қызығушылығын оятты.

Қыс уақытында жел мен толқын әсерінен осындай әдемі мұзқырқа қалыптасады. Бұл үлкен су қоймаларында жиі кездесетін құбылыс. 

Дәл қазір Қапшағай қаласындағы жағажайда мұз сеңі байқалмайды. Әр шеттен ат терлетіп келген қала қонақтары Қапшағайдың солтүстік жағалауына барады. 

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қапшағайдағы мұзқырқаны көруге келетіндерден қауіпсіздік ережесін сақтап, абай болуын сұрайды. 

Құтқарушылар жағадан алыс кетпеуге, тек тексерілген жермен жүруге кеңес береді. Мұз қозғалғанда тек ең ірі мұз кесектерімен жүру керек. 

Жергілікті тұрғындар бұл құбылыстың жылда болатынын айтады. Тек биыл карантин шектеулеріне байланысты мұзқырқаны көруге келетіндердің қарасы көп.

Алматыдан мұзқырқаны көруге келетіндер көбейген. 80 шақырым жол жүріп келген соң көбі таза ауада ыстық тамағын қойып, кішігірім дастархан жаяды.

Мұзқырқаның аясында естелікке фотоға түскен соң коньки теуіп, шанамен сырғанап жүргендер де бар. 

Мұзқырқаға бір қарағанда төбесіне шыққың-ақ келеді, дегенмен мұндай "шыңды" бағындыруға тәуекел еткендер өте аз. 

"Табиғат – ең керемет суретші" дейді емес пе?! Мұзқырқаның ең "танымалы" – ою салынған осы мұз кесегі.



Бөлісу: