Алматыда көпшілік "Шайтан базар" атап кеткен орын бар. Атына сай жын-жыбыр мекен ететін жер ме? Неге аты мұндай? "Massaget.kz" тілшілері аталмыш базарға арнайы ат басын бұрды.
Біртүрлі қуыршақтар
Жануарлардың ілулі басы және қару-жарақ.
Түсініксіз бетперделер
Әрине, атын естіп біздің де төбе шашымыз тік тұрды. Қиял шіркін "шайтан" сөзін естігенде қураған орман арасындағы қорқынышты мекенді көз алдымызға алып келді. Бірақ, ол жай қиял екен. Бұл да бір кәдімгі жайма базар. Тек, әдеттегі базардан жаңаны арқалап үйіңе қайтсаң, мұндағылар ескіге қарай ұмтылады екен.
"Түсінген адамға бағалы зат көп" дейді осындағы саудагерлер.
Базар ішінде әдеттегі ығы-жығы халық жоқ. Ешкім асықпайды, құдды бір уақыт ағыны бұл жерге өзгеше әсер ететіндей. Бір қызығы базар тек сенбі-жексенбі күндері ғана жұмыс жасайды.
Ал, сөрелердегі заттардың әр алуандығынан көз сүрінеді. Көрем деп ойламаған заттарды осы жерден табасың.
Кларнет сыртқы қорабымен. Нарықтағы құны 7 000 - 70 000 теңге аралығында.
Скрипка. Нарықтағы құны 6 000 теңгеден басталады.
Балаларға арналған фортопиано. Өткен ғасыр бұйымы. Бағасы жағдайына қарай әртүрлі.
Үрмелі керней, бағасы 10 000 теңге көлемінде.
Нагаев Шамиль Барисович, коллекционер және сатушы
Шамиль Барисович Алматының тумасы. Ол бұған дейін шағын кәсіппен айналысқан. 9 жасынан Комиссионкадағы (ескі заттар сататын Кеңестік дүкендер атауы) заттарға қызығып, уақыт өте әдеті хоббиге айналған. Зейнет жасына жеткен кейіпкеріміз соңғы 10 жылда осы істі дөңгелетіп жүр екен.
Шамиль Барисовичтің коллекциясынан: Персей және Пегас мүсіні. Әйгілі француз мүсіншісі Эмиль Луи Пиконың еңбегі. 1863 - 1909 жылдар. Құны 700 000 теңге
Мини субұрқақ. Ескі зат демесеңіз кәдеге асып-ақ тұр.
Дүкен ішіндегі Мысыр бұрышы
Дүкеннің екінші қабаты, толық көрініс.
Саудагерді тыңдай, сатылымдағы заттардың бағасын сұрай келе пайда да қомақты болар деген ой келді. Қанша пайда табасыз деген сауалымызға Шамиль Барисович "Швецарияда оқып келген немерем, жақсы пайда табатын іс болса қасыңызға келем деп еді, сол күйі мұнда аттап баспады. Бұл пайда көзі емес, жүрек қалауы" деп жауап қатты. Кейіпкеріміз кей-кездері жалдау құнын төлеуден де қысылатынын жасырмады.
Кейіпкеріміздің дүкені Канаданың көрнекті орындар тізіміне енген екен. Ал бұндағы заттардың көбі дүкенге түрлі жағдайлармен түседі. Мысалы кейбірін өздері көріп сатып алса, өзгелерін адамдар әкеліп тастайтын көрінеді. Сондай заттардың бірі Дінмұхамед Қонаев қолданған шкаф екен. Бұл затты Шамиль Барисовичке Дінмұхамед Қонаевтың туысы сыйға тартыпты. Сатып алушылар да бірден табылған соң, бұйым жаңа егесіне жөнелтілген.
Максим Горький мен бульдог мүсінінің қатар тұрғанын тек осы жерден көресіз.
Ленин мен пілдің контрасты да осы санатта.
Ескі заттар арасындағы арыстанның бейнесі "Ханшайым және құбыжық" анимациялық фильмін еске түсіреді.
Осы телефондар кімнің есінде? Сарыла күтетін қоңырау мен сағына сөйлесетін кездер.
Тек Америкалық фильмдерден көретін таксафон ше, естеріңіздер ме?
Ата-әжелеріміз қолданған телефон да кезігеді мұнда.
Халық арасында "Непробиваемый" атымен танылған атақты ФЭД фотоаппараты. Альбомдағы ақ-қара суреттердің көбі осы аппаратқа тиесілі.
"Фотокор" фотоаппараты. 1930-1941 жылдары шығарылған.
"Люби́тель" фотоаппараты. 1950-1956 жылдары шығарылған. Бұл фотоаппараттарда халық есінде жақсы сақталған.
1960 жылдары 3 рубльге 2-3 келі ет келетін. Осы ақшаны уысқа қысып, өткенге сапар шексең қалай болар екен?
Дегенмен, осы тұста базардағы медальдарды көріп көңіліміз түсті. Фотодағы дөңгелек пошымды төс белгілер көп балалы аналарға берілген "Материнская Слава", "Мать героиня" медалі. Ал крест формасындағы "Железный крест" төс белгісі көптің өмірін жалмаған соғыс сарқыншағы.
Бұл медальдар да соғыс кезінен.
Өткенді өзгерту мүмкін емес. Дегенмен, одан сабақ ала білген жөн. Кітап - осы мақсаттағы таптырмас құрал.
Шайтан базарда кітап ағыл-тегіл. Сондағы жұрт шайтандар ақылды болады деп қағытады.
Десе де, әзіл-қалжыңды былай қойып, анығына бойласақ мұндағылар да базар атының неге бұлай қойылғанынан бейхабар.
Кітап арасында жүріп керосин шамдарының жарығымен оқыған кездерді еске алады екенсің.
Ретро ойыншық.
"Қазақстан" қонақ үйінің макеті.
Ардагерлер арасындағы футболда үздік ойыншыға берілген марапат.
Пәкістандық бұйым, саудагер бұл затты сатпаймын дейді.
Шын қару емес, десе де декорға тамаша зат.
Осылайша әрдеңені бір қызықтап, кештің қалай батқанын біз де байқамай қалдық. Бір жағы аяқ тартып қорқақтап келген жеріміз осыншама ыстық естеліктерге толы болғаны жанымызды жадыратты ма, әлде өзге ме, бұл жерді қимай ұзақ айналдық. Саудагерлер мен сатып алушылар арасындағы қазақтардың да көптігі "біздің жұрт бұндайға қызықпайды" деген таптаурынды бұзып жарды. Десе де, шеттен келген туристер қатары өзгелерден бір сыпыра көп. Кино түсіруге декорация іздеп жүргендер де осы базарды жағалайды екен.
Сөз соңында "Ескіні есіңе алмай, жаңа жадыңа түспейді" демекші, бұл жерді ой дәптерге түртіп алыңыздар дегіміз келеді.