"Күйеуім мені тауып ала ма деп қорқамын". Қиын жағдайға тап болған әйелдердің жүрек сыздатар тағдыры

"Күйеуім мені тауып ала ма деп қорқамын". Қиын жағдайға тап болған әйелдердің жүрек сыздатар тағдыры

Алматыдағы "Жан-Сая" дағдарыс орталығы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен олардың балаларының қауіпсіздігі үшін ашылған. Massaget.kz тілшісі Дағдарыс орталығына барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Айтылған мекен-жайға барғанымызда қақпа алдынан күзетші апай қарсы алды. Мекен-жайы құпия сақталатындықтан, аты-жөнімізді тексеріп кіргізді. Аула ішінде үш қабатты зәулім үй орналасқан. Ойын алаңшасынан күннің шуағында шаттанып жүрген бірді-екілі балалар мен ананы байқадық. 

Зәулім үйдің алдынан бізді Дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зульфия Байсақова қарсы алды. Күлімдеген жайдары басшымен бірге біз де мекеменің ішіне кірдік.

Аналардың таңғы асты енді ішіп болған кезі екен. Есік алдынан кездесіп, амандасып алдық. Орталық басшысының айтуынша, мемлекеттік мекеме елу адамға арналған төсек-орынмен қамтылған. Қазір орталықта 16 әйел, 33 бала бар.

"Қарап отырсаңыздар балалар аналардан екі есе көп. Себебі олардың арасында бес-алты баласы бар аналар да бар. Мұнда отбасынан, жақындарынан зорлық-зомбылық көрген жандар келеді. Орталықта 8 түрлі қызмет көрсетіледі. Атап айтсақ, ең алдымен тегін тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етеміз. Әйелдер үйінен қашқан кезде кейде киімсіз келетін жағдайлар болады. Бір рет киюге арналған жұқа халатпен келген қыз-келіншектер болды. Тіпті кейбір балаларды полицей қызметкерлері өзінің формасына орап әкелген сәттер кездесті. Күйеуі үйінен қуып шыққан кезде киімсіз келетіндер көп. Олар осы орталыққа келгеннен бастап жатын орын, тамақтану және керек заттары, киім-кешекпен қамтамасыз етеміз", - деді Зульфия Байсақова.  

Орталықта қыз-келіншектерге 5 мезгіл дайын тамақ беріледі. Асхана қызметкерлері өзі дайындап, жинап алады. 

"Бізде дайын бес мезгіл тамақ беріледі. Бастапқыда жаңа келгендер нан мен су, арзан тәттілерді сырттан әкеліп жүретін. Кейін үйренді. Қыз-келіншектер тек қана өз бөлмесін жинайды, тамақ ішкен үстелін жинастырады. Одан бөлек құқықтық, психологиялық кеңес алады, білімін шыңдайды, қолөнермен айналысады, балаларын сабаққа апарып-әкеледі. Жұмысқа шығып, табыс табады. Біздің қызметкерлер барлық жағдайды жасайды", - деді Дағдарыс орталығының басшысы. 

Мекемедегі медицина қызметкерлері аналардың денсаулығына жауап береді. Түрлі жұқпалы аурулар, денсаулық жағдайы - бәрін тексереді. Тіркелген емханасына апарып, қажетті сынамаларын тапсыртады.

Сондай-ақ, бос уақытында қыз-келіншектер еңбек терапиясына қатысып, қолөнер үйренеді. Себебі орталық көмегіне жүгінетіндер өз нәпақасын табу үшін өзіне ұнайтын кәсіпті меңгереді. Тіпті кейбірі қолынан шыққан бұйымдарын әлеуметтік желі арқылы сатып, табыс табады. 

"Біз үшін балалардың оқығаны, білім алғаны маңызды. Мұнда келгендердің ішінде бір ай мектепке бармаған балалар болды. Білім беру орындары да мұндайға мән бермейді. Біз оларды жақын жердегі мектептерге орналастырамыз. Ал қыз-келіншектер үшін мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырамыз. Біздің аналарды театр, концерт, мәдени кештерге жиі шақырады, тегін билет таратады. Жақында Республика сарайындағы концертке балалар барып, керемет демалып келді. Кейбір реабилитациялық орталықтар да ұсыныс айтып жатады. Алдағы уақытта аналары келіссе, балаларды апаруымыз мүмкін", - деді Зульфия Байсақова.

Баласын мектепке орналастырған соң аналар орталық көмегімен қолынан келетін әртүрлі жұмысқа орналасады. Жұмыс істеп, ақша жинағаны мекеме үшін маңызды. Сондай-ақ, мұнда аналарға құқықтық консультация беретін заңгерлер жұмыс істейді. Түрлі отбасылық мәселелерді, құжат алу бойынша барлық сұрақтарды шешіп береді. 

"Қыз-келіншектер келген соң психолог маманмен тікелей жұмыс істейді. Көптеген әйел мұнда келгенде есеңгіреп қалады. Біз екі күн бойы оны мазаламауға тырысамыз. Себебі ол өз-өзіне келіп, қауіпсіз жерде екенін сезінуі керек. Содан кейін ғана жағдайын сұрап, мән-жайын білеміз. Психологпен жұмыс олардың еңсесін көтеріп, сенімділігін арттыруына көмектеседі", - деді ол.

Орталықтағы әлеуметтік қызметкерлер әр қыз-келіншектің ата-анасымен арасындағы қарым-қатынастарын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмысқа кеткен кезде балаларын алып қалады. 

"Біз барлық жастағы қыз-келіншектерді қабылдаймыз. Мұнда 18 жастан бастап еңкейген қарияға дейін бар. Тіпті, орталығымызда 78 жастағы қария болған. Ол өзінің ұлынан таяқ жеп, бейіт жақта тығылып жүрген. Солай мекеменің көмегіне жүгінді", - деді Зульфия Байсақова.

Орталыққа қыз-келіншектер 150 сенім телефоны арқылы хабарласуына болады. Мамандар Қазақстан бойынша демалыссыз кеңес береді. Мұнда келгендердің 30 пайызын полицей қызметкерлері әкелсе, 15 пайызы өздері келеді екен. Ал 15 пайызы денсаулық сақтау ұйымдары мен білім беру ұйымдарынан, қалғандары ортақ таныстары немесе көршісінің көмектесуі арқылы түсіп жатады.

Дағдарыс орталығында келісім-шартта көрсетілгендей жарты жыл ғана тұра алады. Орталыққа келген әйелдерге киім-кешегінен бастап жеке гигиеналық заттарына дейін тегін беріледі. Олар мекеме мекенжайын айтпау, өзара дау шығармау туралы келісімшартқа қол қояды. Қауіпсіздік үшін бірден олардың смартфонындағы геолокация функциясын өшіру талап етіледі.

"Біз әр әйелдің жағдайына қарап, 1-3 ай немесе 3-6 ай деп айтамыз. Көпшілігі әрі қарай тұра беруге болады ғой деп ойлайды. Бірақ бұл қонақүй емес. Әркім әр түрлі мерзімде, біреулер 1-2 айда, кейбіреулер жарты жылда кетіп жатады. Мотивация беріп, білім алғызып, ақша жинатып, отбасымен байланыстырған соң оларды шығарып салуға тырысамыз. Ең бастысы - бізде құпиялық сақталады. Олардың рұқсатынсыз қыз-келіншектердің отбасына, туысқандарына ештеңе айтпаймыз, хабарласпаймыз", - деді ол.

Үшқабатты зәулім үйдің бірінші қабатында асхана және конференция залы орналасқан. Ал екінші, үшінші қабаттарында жатын бөлмелер бар.

 "7 балам болса да, некеге тұрмағанбыз"

40 жастағы Сабрина мұнда екі апта бұрын келген. Орталық көмегіне бұған дейін де жүгінген.

"Алдымызда жаз келе жатыр, үйге жөндеу жұмысын жасайық деп жоспарлап отырғанбыз. Күйеуіммен ақылдасып, оның келісімімен жұмысқа шықтым. Жолдасым ІІІ топ мүгедегі, бір көзі көрмейді. Сол үшін үйде қалған еді. Балаларым бір ай мектепке бармаған. Мектеп әкімшілігі полицияға хабарласып, олар үйге келді. Қазір осы жағдай үшін бізді ата-ана құқығынан айырайын деп жатыр. Сот процесі басталды. "Бала-шағаңды мемлекет алып қояды" деп мені қорқытып жатыр. Бірақ қандай жағдай болмасын, біз балаларымызды аш қалдырмадық. Егер жаман ана болсам, олар бірден айтушы еді ғой. Негізінде осыларды асырау үшін жұмысқа шыққанмын", - деп көзіне жас алды ол.

Сабринаның жеті баласы бар. Ең үлкені - 14-те, кішісі - 2 жаста.

"Қазір бес баламмен осындамын, екі үлкен қызым анамның қолында. Негізі бұдан бұрын Дағдарыс орталығына келгенмін. Күйеуім ұрып-соғып, денемнің сау тамтығын қалдырмады. Балаларды алып, осында 2-3  ай тұрдым. Кейін пәтер жалдап, 2,5 жыл күйеуімнен бөлек өмір сүрдім. Бірақ бізде әлі күнге дейін неке куәлігі жоқ. Тек бір ұлыма ғана тегі берілген. Қалғандарының өз атыма жазылған. Пәтер жалдап жүргенде қайырымдылық қорынан үй алдым. Сосын жолдасыммен қайта қосылдым. Мені бұл жерге полиция қызметкерлері әкелді. Үйімнің жағдайын көріп, баратын жеріміз болмағанын білді. Негізі ата-анамның үйіне барғым келген. Бірақ сол кезде анаммен кикілжің болып қалды да, сосын осында келдім", - деді ол.

Сабрина жолдасымен хабарласқысы келетінін айтып, көзіне жас алды.

"Күйеуімді жаман адам деп айтпаймын. Мені ұратыны рас. Бірақ бала-шағасын аш қалдырған емес. Онымен қайта қосылғым келеді. Не дегенмен балаларымның әкесі ғой. Сүйіп қосылмадым, мені алып қашып кетті. Жұмыста тек 1-2 рет көргенмін. Ол ішкен кезде ғана ұратын. Ішпесе, одан жақсы адам жоқ. Тамақ пісіреді, үй жинайды, маған көмектеседі.

Мұнда келгелі жолдасыммен әлі хабарласпадым. Телефоны өшіп тұр. Балаларды алып осы жаққа әкеткенде күйеуім "баласыз өмір жоқ, өзімді өзім өлтіремін" деп видео жіберді. Кейін "өзіме қол салмақ едім, бірақ өле алмадым" деп хабарлама жазды. Өзінің айтуы бойынша, сол қайырымдылыққа берген үйіміз телефон қуаттағышы күйіп, біраз аумағы өртеніпті. Содан кейін екеуміз сөйлеспедік. Күйеуіммен сөйлесіп, жағдайын білгім келеді. Оның туыстары жоқ. Күйеуімде тек мен бармын", - деді ол.

"Анам екеумізді аяусыз соққыға жықты"

22 жастағы Эльмира да мұнда күйеуінен қысым көріп, көмек сұрап келгендердің бірі. Талдықорған қаласынан осы филиалға ауысқан ол қызы мен өзінің болашақ өмірі үшін алаңдайды.

"Күйеуіммен 1,5 ай қыз бен жігіт болып жүріп, үйлендік. Ішімдікке әуестігі жоқ. Бірақ қызғаныштан мені аяусыз ұрып-соғатын. Алғашқы жылдары басылатын болар деп ойладым. Жыл өткен сайын үдей түсті. Аяғым ауыр кезде басымнан ұратын. Екінші балама жүкті кезімде ішімнен теуіп, түсік тастадым. Тек анам бар еді. Содан басқа ешкімім жоқ екенін білді. Анам араша түсуге келсе, оны да ұратын. Соңғы рет отбасылық жанжал туындаған кезде учаскелік полицей қызметкері келді. Бұған дейін де көршілер ұрыс шыққанда шақыртатын. Күйеуімді уақытша ұстау изоляторына қамайтынын айтты. Маған "баратын жеріңіз бар ма?" деп сұрады. Сөйтіп, өз қаламдағы дағдарыс орталығына апарды. Бірақ күйеуім шыққан соң мені тауып ала ма деп қорықтым. Екі аптадан соң Алматыға ауыстым", - деді ол.

Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі қызғаныштан құжаттарын да тартып алған.

"Бұл жанжал 3,5 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Қанша рет себебін сұрауға тырыстым. Бірақ адам құсап жауап бермейді. Қызғаныштан көзі көрмей қалатын. Негізі бұл жерге келмей ата-анамның үйіне баруға болатын еді. Бірақ менде құжат жоқ, бәрін тартып алды. Диплом, әскери билет, баланың куәлігі бәрін алып қойды. Құжат болмаған соң жолға да шыға алмаймын, жұмысқа да орналаса алмай қалдым. Мұнда заңгерлердің арқасында құжатарым қолыма тиетін болды. Кейде мұндағы көпбалалы аналарды көріп, ерте құтылғаныма қуанамын. Жалғыз ұл болса да, күйеуім әке-шешесін тыңдамайтын. Себебі қайынатам ішіп алып, енемді ұратын. Ол да мен сияқты бас сауғалап қашып жүретін. Мұны көрген күйеуім оларға "әуелі өздеріңді жөндеп алыңдар" деп айқайлайтын. Қыздарға тұрмысқа шықпас бұрын жігіттің ата-анасына деген сыйластығын, құрметін қараңыздар деп айтар едім. Өз әке-шешесіне құрметі бар азамат әйел затын сыйлайды, оған қолының ұшын да тигізбей аялап өтеді", - деп күрсінді Эльмира.

Кейіпкерлермен сөйлескеннен кейін ұнжырғам түсіп, біраз уақытқа дейін еңсемді ауыр мұң басты. Мұндағы әр әйелдің өз ақиқаты бар. Жан жарасын өзінен басқа ешкім сезіне де, емдей де алмайды. Зорлық-зомбылық көрген олардың тәні де, жаны да қорғаныш пен жылулық іздейді. Сол іздегенін аз уақыт болса да осы мекеме бере алса - мақсаттың орындалғаны...Қоштасып шығып бара жатып, ойын алаңшасындағы сәбилердің алаңсыз мәз болып ойнап жүргені еңсемді тіктегендей болды. Әйел бақытты болса - әлем бақытты. "Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған..."