"Құралай салқыны": Киік қашан төлдейді?
Әлемдегі киіктің 90%-ы Қазақстанда мекендейді. Қалған 10%-ы Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия және Ресейде. Елімізде бұл жануардың 3 популяциясы бар, олар — Орал, Үстірт және Бетпақдала.
2019 жылғы санақ бойынша киіктің Қазақстандағы саны 334 400 басқа жеткен. 2020 жылы пандемияға байланысты санақ жүргізілмеді. Ал 2021 жылғы санақтың қорытындысы жыл соңында белгілі болады. Бірақ қазірдің өзінде өсім бары байқалады дейді мамандар.
Массагет порталының тілшілері оқырмандарына киікке қатысты қызықты ақпарат ұсыну мақсатында Ақмола облысындағы Жақсы ауданының аумағына барып қайтты. Бұл өңірдегі Тайкеткен деген жерде дәл біз барған шақта киіктер төлдеп жатқан болатын. Сапар кезінде жиналған деректер мен суреттерге назар салыңыздар.
Қорықшылар Тайкеткенді "киіктер перзентханасы" деп атап кеткен. Себебі ақбөкендердің Бетпақдала популяциясы жылда көктемде осы Тайкеткенге келіп төлдейді екен.
Төлдеу уақыты қазақ даласындағы "құралайдың салқыны" деген табиғи құбылыспен тұспа-тұс келеді. Бұл сәйкестіктің де өз мәні бар.
"Құралайдың салқыны" кезінде ауа райы күрт бұзылады. Жел тұрып, жаңбыр жауады. Осы шақта аналықтар төлдеу уақыты жеткенін түсінеді. Әбден әлсірегенше желге қарсы жүгіріп, толғағын шақырады.
Қолайсыз ауа райы жаңа туған құралайды жыртқыштардан қорғайды. Ал соққан жел төлдің аяқтанып кетуіне мүмкіндік береді және кіндігінің тез түсуіне әсер етеді.
Табиғаттың бұл құбылысы негізінен мамыр айының алғашқы жартысына тұспа тұс келеді. Ол бір аптадан он күнге дейін созылады.
Осы уақытта киіктер толықтай төлдеп үлгереді. Әдетте, бір аналық екі, кейде үш төлге дейін туады.
Енесі алғашқы сағаттарда құралайын емізген соң, біршама қашықтыққа ұзап, оны алыстан бақылап жүреді. Жыртқыштар тарапынан қауіп төнсе, төлінің маңынан аулаққа қашады. Сол арқылы жыртқышты ол жерден алып кетуге тырысады.
Сақтану түйсігі қанында бар құралай енесі қасында жоқ кезде ешқандай тіршілік нышанын сездірмей, белгі берместен жатады.
Оның қоңыр бұйра терісі топырақтың түсімен бірдей болып көрінетіндіктен шөп арасындағы бір төмпешікке ұқсап қалады.
Мыңдаған жылдар бойы жан сақтауға әбден бейімделген киіктердің тағы бір ерекшелігі — жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Кез келген киік жолынан маңырап шыққан құралайды емізіп, өзімен ертіп кетеді.
Киіктің төлі бірнеше сағатта аяқтанып, екі-үш күнде отығады. Алғашында ол көзіне түскен шөпті талғамай қармайды, бір аптадан соң ғана таңдап жеуге көшеді.
Он күндей құралай тек енесінің сүтін ішеді, бір жарым аптадан соң енесімен суатқа келіп, судың дәмін татады.
Айта кетерлігі, кішкентай болғанына қарамастан құралайлар сағатына 30 км жылдамдықпен жүгіре алады. Ал өсе келе олардың жылдамдығы сағатына 80 км-ге дейін жетеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылға дейін Қазақстанда киік атуға мораторий жарияланған. Биыл табиғатты қорғау құрылымдарының қатысуымен (ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК, ҚР ЭГТРМ) кең ауқымды "Киік" акциясы өткізілуде. Ақбөкен мекендейтін және төлдейтін аймақтарға блок-бекеттер қойылып, қорғау іс-шаралары күшейтілді. Акцияға Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК-нің 200-ден астам инспекторы жұмылдырылған.