"Күніне он рет шақыратындар да бар". Жедел жәрдем қызметкерінің бір күні қалай өтеді?

"Біз соғыстағы барлаушылар секілді ең алдыңғы шептеміз"... Жедел жәрдем бригадасының бұрынғы мүшесі, қазір Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы халыққа қызмет көрсететін №11 қосалқы станцияның меңгерушісі Айдын Сармалаев жедел жәрдем қызметкерлері туралы осылай дейді.
Айдын Сармалаев жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыс күні қалай өтетінін, олар қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінін әңгімеледі.
"Өзімді хирург ретінде көретінмін..."
Айдын Сармалаев Алматыдағы медицина университетін 1997 жылы тәмамдаған, содан бері ол қызметіне адал әрі ешқашан мамандығын өзгертемін деп ойламапты.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
"Мен оқып жүрген кезде кеңестік білім беру жүйесі сақталған еді: оқу небәрі алты жыл, оның бес жылы жалпы тәжірибеге, бір жылы нақты мамандыққа арналған. Мен "хирургия" бағытын таңдадым. Өзімді ота жасайтын хирург ретінде көрдім. Өзім Оралданмын, оқу бітіргеннен кейін Алматыда қалғым келді, өйткені әйелім де осында оқыды. Сол кезде маған қаладағы ауруханалардың бірінде реаниматолог болып жұмыс істеуді ұсынды, мен келістім. Ал біраз уақыттан кейін достарым ауруханалардың бірінде хирургтың орны босағанын айтты. Қуанып, жұмыстан шығып кеттім, ал ол аурухана бұл бөлімді таратып жіберіпті. Кейін жедел жәрдем станциясына уақытша жұмысқа орналастым. Маған шұғыл жұмыс істеу ұнады. Уақыт өте келе жедел жәрдемдегі жұмысты жақсы көріп кеттім, тіпті хирургия қажет болмай қалды", - дейді дәрігер.
Айдын Сармалаев жедел медициналық жәрдем бригадасында 15 жыл жұмыс істеген, кейін жедел жәрдем станцияларының бірінің меңгерушісі болған.
"Жас ұлғайған сайын шаршайсың, сондықтан дәрігерлер біртіндеп оқытушылыққа немесе әкімшілік бөлімге басшы, бас дәрігер ретінде барады. Бірақ әлі күнге дейін демалыстарымда шақыруларға барамын. Біріншіден, кеңседе зерігесің, екіншіден, маман ретінде бабыңда болуың керек", - дейді дәрігер.
Оның сөзінше, кейбір кезде көмектесуге барған мамандарды қорлайтындар да кездеседі.
"Мәселе мынада: халық өз құқығын біледі, ал жауапкершілік пен міндеттерін білмейді. Жұрт жедел жәрдем қашан шақырылатынын, учаскелік дәрігер қашан шақырылатынын түсінбейді. Кейбіреулері терапевтке баруға және кезекте тұруға ерінеді, сондықтан шұғыл медициналық көмек қажет емес жағдайда да жедел жәрдем шақырады", - дейді Айдын Сармалаев.
Маманның сөзінше, түсетін қоңыраулардың жартысынан көбі негізсіз.
"Халық кейде өзімшіл, содан жиі дау туындайды. Мысалы бірінші күні адамның аздап қызуы көтерілсе, жедел жәрдем шақырады да, оны қабылдау бөліміне апаруды, КТ, рентген жасатып, жүз сынама алуды талап етеді. Сертификатталған фельдшер оған ауруханаға апару үшін ешқандай себеп жоқ екенін түсіндіреді, ал адамдар жанжал шығарып, айғайлай бастайды. Елестетіп көріңізші: көмектесемін деген ниетпен келген жоғары білікті дәрігерсіз, ал науқас немесе оның туыстары себепсізден себепсіз агрессия көрсете бастайды. Бұған ұзақ уақыт шыдау қиын, сондықтан дәрігерлер емханаларға немесе жеке ауруханаларға кетеді, ал ол жақта науқастар өз үйлеріндегідей әрекетке бармайды. Сондықтан дәрігерлер "ол жақта сыйың бар" дейді", - деді Сармалаев.
Дәрігердің айтуынша, күніне он рет жедел жәрдем шақыратын адамдар да болады. Дәрігерлер мұны білсе де, шақыруға бармай қала алмайды.
"Заң бойынша бас тарта алмаймыз. Біз бармай қалып, Қарағандыдағы жағдай секілді оған бірдеңе болса ше?! Дәрігерлер шақыру бойынша балаға үш рет барған, төртіншісінде диспетчер: "бір сағат бұрын барғанбыз" деген. Ал бала қайтыс болды", - дейді ол.
"Бастысы - ниет пен мінез"
Осы тұста дәрігер әріптестері кінәлі болатын жағдайларды да жоққа шығармады. Ол жедел жәрдем қызметкерлерінің бәрі бірдей жоғары білікті емес екенін мойындайды. Шақыруға келген кейбір фельдшерлер науқастың жағдайының ауырлығын дұрыс бағалай алмай жатады немесе диспетчер қоңырау бойынша шағымды тыңдап, оны санаты бойынша дұрыс көрсетпейді.
Сармалаев болашақта мұндай жайттарды болдырмау үшін қатемен жұмыс істейтіндерін жеткізді.
"Біз мамандардың құзыретін арттыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ауысымнан кейін бригадалармен әр жағдайды талдаймыз, қатемен жұмыс істейміз, жағдайды қалай жақсартуға болатынын, науқасқа тиімді көмектесу жолын түсіндіреміз", - дейді №11 станциясының меңгерушісі.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Оның сөзінше, қазір жұмысқа орналасуға келген жас мамандардың білім сапасын бағалау қиын. Бұрын фельдшерлер мемлекеттік мекемелерде оқыса, қазір көптеген жеке колледж ашылған, онда студенттерге қандай білім берілетіні белгісіз.
"Бізге диагностика және шұғыл көмек көрсету бойынша дағдылары жетпейтін жас мамандар келеді, бірақ олардың көзі жанып тұрғанын, үйренгісі келетінін көреміз. Мұндай жас мамандарға әрқашан көмектесуге және үйретуге дайынбыз. Ата-анасы бұл мамандыққа түсуге мәжбүрлегендер де бар. Олар ешқандай ынтасыз оқыған, жұмысты да солай істейді. Ал медицинада ең бастысы - мінез бен ниет", - дейді дәрігер.
Айдын Сармалаевтың айтуынша, жедел жәрдем жұмысына жарамайтын адамдар мұнда келмейді, ал келгеннің өзінде физикалық және эмоционалды ауыртпалықты көтере алмай, жиі жұмыстан шығып кетеді екен.
"Дәрігерлерді жұмысқа, соның ішінде жедел медициналық жәрдем қызметіне кадр комиссиясы қабылдайды. Үміткерлер білім бойынша емтихан тапсырады, сонымен қатар, олардың психологиялық тұрақтылығы бағаланады, тіпті адамның сыртқы келбеті оның алдағы жұмысқа деген көзқарасын көрсетеді. Емтиханға шолақ шалбармен келетіндер де бар. Мұндай адамдар өтпейді. Өйткені жедел жәрдем - ең алдымен өзін-өзі бағалау, тәртіп, өзіне және басқаларға деген қарым-қатынас. Біз халықпен бірінші болып бетпе-бет келеміз. Сырт келбетіміз соған сай болуы керек. Дәрігер өзін рұқсат етілген шекте ұстай білуі және науқастардың сеніміне селкеу түсірмеуі қажет", - деп түсіндірді дәрігер.
Әр бес жыл сайын дәрігерлер сертификатты ұзарту және медициналық салада одан әрі жұмыс істеуге құқылы болуы үшін өз біліктілігін растайды. Жедел жәрдем жүргізушілері де бұдан өтеді.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Сондай-ақ, жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері медициналық бригаданың толыққанды мүшесі болуы үшін фельдшерлерге арналған дайындықтан өтеді. Қажет болған жағдайда жүргізуші зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсете алады және дәрігерге дефибриллятор сияқты қажет құрылғыны тез алып бере алады.
"Алғашқы жылдары қиын болды, бірақ үйреніп кеттім"
Аружан - фельдшер, ол - жедел жәрдемге бар ынтасымен жұмыс істеуге келген студенттердің бірі. Ол бала кезінен дәрігер болуды, адамдарға көмектесуді армандаған екен. Аружанды ауыр жұмыс та, төмен жалақы да, науқастардың оғаш мінез-құлқы да үркітпеген.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Аружан жедел медициналық жәрдем бригадасында 2019 жылдан бері жұмыс істейді, оның сөзінше, бұл жылдар ішінде түрлі жағдай болған.
"Алғашқы шақырту есте қаларлықтай болды, өйткені асылып, суицид жасаған адам болды. Бұған дейін, оқу кезінде қайтыс болған адамдарды көргенбіз, сондықтан қорықпадым. Бірақ көпке дейін қаннан қорқатынмын. Дегенмен тәжірибе арқылы психологиялық және моральдық тұрғыдан да төтеп беруге болады", - дейді ол.
Бұл салада жұмыс істеген жылдар ішінде Аружан науқастардың агрессиясына қарсы психологиялық тұрғыдан да дағдыланған.
"Оларды түсінемін. Адамдар жақын жанының жағдайы нашарлағанда уайымдайды, сондықтан шақыруға келген дәрігерге агрессия көрсетіп жатады. Мұндай кезде жауап беріп ұрыспаймын. Керісінше тыныштандыруға, науқастың жағдайын түсіндіруге тырысамын", - дейді ол.
"Ертең мереке, ертең "шайқас"
Аружан жұмыс істейтін бригаданың да, басқа жедел жәрдем бригадаларының да ауысымы 24 сағатқа созылады. Осы уақыт ішінде дәрігерлер аз уақыт қана демалып үлгереді, кейде тіпті тамақ ішуге де уақыт болмай қалады. Сөйтіп тез жүрек жалғап алады.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Жедел жәрдем станциясында гараждың маңында бригадаларға арналған демалыс бөлмесі бар, бірақ ондағы жатын орындар анау айтқандай ыңғайлы емес. Бұл дәрігерлер демалуы үшін, бірақ ұйықтап кетпеуі үшін жасалған, өйткені олардың жұмыс тәртібі ұйықтауға рұқсат бермейді. Бес минут тынығып, баспалдақпен тоғызыншы қабатқа дейін жаяу көтеріліп шаршаған аяғыңды созып алсаң, әрі қарай жұмыс істеуің қажет.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Әсіресе, бұл саланың мамандарына мереке күндері қиын өтеді. Халық демалып, көңіл көтеріп жатқанда, дәрігерлер барлық шақыруға бару үшін тынбай еңбек етеді.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
"Өз арамызда "ертең мереке, ертең "шайқас" деп күлеміз. Мысалы қала күні адамдар серуендеп жүреді де, кешкі сағат 17.00-18.00-ден кейін ішімдікке масаю, төбелес, пышақ жарақаты, жол апаты болады. Барлық бригада мен қосалқы станция диспетчерлеріне жүктеме артады... Кез келген мереке біз үшін демалыс емес, "шайқас", - дейді Айдын Сармалаев.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
№11 жедел медициналық жәрдем станциясында 18 бригада жұмыс істейді: оның ішінде төртеуі - дәрігерлік бригада, қалғандары - фельдшерлік бригадалар.
Дәрігерлік бригадаға жоғары білікті дәрігер, фельдшер және жүргізуші-фельдшер кіреді.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Фельдшерлік бригадалар екі фельдшер мен жүргізушіден тұрады. Олар 3 және 4-санаттағы шақыртуларға қызмет етеді.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Ал 103 диспетчері азаматтардан келетін қоңырауларды қабылдайды. Оның да медициналық білімі бар. Диспетчердің жұмысына шағымды тыңдау, шұғыл санатты анықтау және оқиға орнына ең жақын жедел жәрдем бригадасын жіберу кіреді.
© Tengrinews.kz / Әлихан Сариев