"Кітаптар да ауырады": Кітап емшілері жұмыстарының құпиясын бөлісті

Көпшілік Алматыда Ұлттық кітапхана барын білгенімен, ондағы кітап қорының көлемі бір басы Желтоқсан көшесінен бір басы Бәйсейітова көшесіне дейін созылып жатқанын біле бермейді. Ұлттық кітапханада Қазақстан кітаптарының бай қоры, сирек кездесетін кітаптар, қолжазбалар, тіпті ең алғашқы баспа басылымдары, грампластинкалардың бірегей қоры сақталған. Мұнда 123 тілде 7 миллионнан аса құжат бар.

Тағы бір қызық кейс: Ұлттық кітапханада кітапты "тірі жан секілді организм" деп санайтын мамандар бар. Олар - кітап емшілері. Massaget.kz тілшісі Ұлттық кітапханаға барып, ерекше мамандық иелерімен тілдесті.

Ұлттық кітапхананың астында қандай "байлық" сақтаулы?

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында 40 мыңнан аса сирек құжаттар, қолжазбалар, қазақ кітаптарының топтамасы, шығыс баспа кітаптары, орыс кітаптары, батысеуропалық көне баспа кітаптары, алғашқы мерзімді басылымдар (қазақ, орыс тілдеріндегі мерзімді басылымдар, Ресейдегі революцияға дейінгі мерзімді басылымдар, шығыс тілдеріндегі мерзімді басылымдар) сақталған.

Қорда сақталған қолжазбалардың ішіндегі ең құндылары - куфа жазумен жазылған XIІ ғасырдағы Құран, Фирдоусидің шағатай тіліндегі "Шахнаме" (XVIII ғ.) туындысы, XVI-XIX ғасырларда жазылған Қожа Ахмет Йассауидың "Диуани Хикмет", "Диуани", "Рисала", "Насабнама: Қожа Ахмет Ясауидің ата-тегі туралы шежіре" қолжазбалары және оның ізбасары Сүлеймен Бақырғанидың "Хикметтері". Сондай-ақ, Құран топтамаларының ішінде араб тіліндегі "насх" жазуымен жазылған XVIII ғасырдағы ең үлкен Құран (1042 бет, салмағы 9100 грамм) бар.

Алғашқы қазақ баспа кітаптарынан қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектері, қазақ ағартушыларының көзі тірісіндегі басылымдары, мысалы, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, М.Дулатовтың шығармалары бар. Қазақстанның алғашқы мерзімді басылымдары - "Түркістан облыстық ведомстволары" (1879-1917), "Қазақ" (1913-1918), "Еңбекші Қазақ" (1923-1932) және т.б. газеттер, "Айқап" (1911-1917), "Абай" (1918), "Шолпан" (1922) және басқа журналдар сақталған. Өнер қорындағы қазақ музыкасының фонотека қоры 3700 күйтабақ болады, олардың ішінде қазақ музыкасының сирек жазбалары - Дина Нұрпейісованың, Дәулеткерейдің, Жаяу Мұсаның, Ақан Серінің, Мәдидің шығармалары, Әміре Қашаубаевтың, Күләш Байсейітованың, Манарбек Ержановтың, Қанабек Байсейітовтің, Жүсіпбек Елебековтің, Бибигүл Төлегенованың, Роза Бағланованың және т.б. дауыстары сақталған.

Кітапханадағы мамандар да ғимараттың төменгі екі қабатында үлкен кітап қоймасы бар екенін айтады.

"7 миллионнан аса құжат деген - өте көп дүние. "Егемен Қазақстан" "Социалистік Қазақстан" болып шыққаннан бергі бүкіл данасы сақтаулы. Түркістанда, Қызылордада шыққан газеттердің түпнұсқасы өздерінде болмауы мүмкін, бірақ бізде бар", - дейді кітапхананың баспасөз хатшысы. 

"Олар да тыныс алады, тірі жан сияқты".

Кітап емшілері немен айналысады?

Кітап емшілері "Қалпына келтіру, консервация және түптеу" бөлімінде жұмыс істейді. Бұл бөлімде көпшілік біле бермейтін түрлі процестер жасалады. 

Мамандардың сөзінше, консервация дегеніміз - кітап ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ету, бұған қалпына келтіру, түптеу, тазалау, т.с.с. жұмыстар жатады. Бұл бөлімнің өзінде екі түрлі жұмыс істеледі. Біріншісі - кәдімгі зертхана жұмыстары, екіншісі - механилық жұмыстар бөлімі. 

Зертханада ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан маманның бірі - Бақытгүл Ештайқызы. "Жас күнімде келіп едім, содан бері осы жердемін" деген кітапханашының еңбек өтілі 40 жылдан асады. Негізгі мамандығы - кітапханашы. Оның айтуынша, "кітап емдейтін" ғылыми зертхана 2001 жылы ашылған. Сол уақыттан бері ол бұл бөлімнің ашылуына мұрындық болған Ботакөз Шағалиқызымен бірге жұмыс істеп келіп жатыр. 

"7 миллионнан аса құжатты сақтау кітапханашылардың әрекетіне тікелей байланысты. Кітапты су күйінде, сүртпей қойса да зақым келеді. Оның үстіне бізде орын аз, кітаптар тығыз тұрады. Мұның бәрі қағазға әсер етеді. Кез келген кітапханашы сөреде бос орын тұруы керек екенін біледі. Кітаптар да тыныс алуы керек. Олар тірі жан сияқты, емін-еркін тұруы қажет. Кітапты жарық жерде сақтауға болмайды. Мұндай жағдайда терезені қараңғылау керек. Жарыққа жақын тұрса, кітаптар сарғаяды. Адамды да күнге қойып, су бермесе, ауа жетпесе, сарғайып, қап-қара болып кетеді. Тура сол сияқты. 2007 жылдан бастап компьютерге температура мен ылғалдылықты өлшейтін арнайы құрылғы енгізілді. Тәуліктің кез келген уақытында қай жерде қандай температура, ылғалдылық екенін көріп, үш уақыт қағазға түсіріп, тоқсанның соңында басшылыққа есеп беріп отырамыз", - деді Бақытгүл Ештайқызы.

Ал Ботакөз Шағалиқызы - кітапханадағы қалпына келтіру, консервация бөлімінің негізін қалаушы, химия ғылымдарының кандидаты.

"Ботакөз Шағалиқызы сияның құрамын, қағаздың құрамын, оның сақталу мерзімін, шыққан кезін - бәрін зерттеген. Қалпына келтіру жұмысы үшін бұл өте маңызды. Себебі қағаз қай кезде жасалғанын, онда қандай сия екенін білуіміз керек. Өйткені қалпына келтіріп жатқан кезде құжатқа зақым келтіріп алмауымыз қажет. Ол шүберектен жасалған қағаз ба, ағаш қағаз ба - бәрін зерттеп, содан кейін қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз", - дейді Бақытгүл Ештайқызы.

Кітап емшісінің сөзінше, бұл бөлімге келгенге дейін "кітап ауыратынын" білмеген.

"Осы бөлімге келгенімше "кітап көгереді, кітап ауырады" деген нәрсе үш ұйықтаса миыма кірмейтін. Бір кісі "Известия Академии наук" журналының 1955 жылғы басылымына тапсырыс берген. Кітапханашылар алып берсе, арасы 1977 жылға дейін көгеріп кеткен. Соны бізге алып келді. Содан басталды. Бірақ оған дейін 1997 жылы Қазақстан бойынша кітапхана съезі болған. Оған кітапханашылар, архив, музейдің сақтаушылары келген. Сол жерде кітаптарды сақтау мәселесі көтеріледі. Осылайша 1999 жылы осы ұлттық кітапханада кітапхана құжаттарын сақтау орталығы ашылады. Бұл орталық құрамында сирек қор, қалпына келтіру, түптеу секторы болды. Ал 2001 жылғы ақпанда бүкіл Қазақстан кеңістігінде ең алғаш ғылыми зертхана осы ұлттық кітапханада ашылды. Бұл зертхананың мақсаты - жазба құжаттарын, бұрынғы дүниелерді қалпына келтіру, сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу. Алғаш басталған кезде ешкім ештеңе білмейтін. Ресейдің кітаптарын оқып, солардың тәжірибелерін өз тәжірибемізде қолданып үйрендік. 2000 жылға дейін кітаптардың құрып кету қаупі өзекті мәселе болған", - деді маман.

"Кітаптар көк шалып ауырады"

Біз барған сәтте Бақытгүл Ештайқызы 1926 жылы жарық көрген "Ауыл тілі" газетін қалпына келтіріп жатыр екен.

"Сирек қорда сақталған газетті бұрынырақта конденсаторлық қағазбен екі жағынан да жауып тастаған. Бұрын осындай конденсаторлық қағазбен құжаттарды беріктендіретін. Жалпы бұл зертханада биологиялық тұрақтандыру, химия-физикалық тұрақтандыру секілді жұмыстар жүзеге асырылады. Бізге актімен кітаптар, құжаттар келеді. Оларды арнайы тимолды камерада ұстаймыз, оның ішінде бес пайыздық тимол бар. Осы жерде құжаттар зарарсыздандырылады, камерада 72 сағат, яғни үш күндей тұрады. Иісі бар, бірақ зиянсыз", - деді кітап емшісі.

Ал екінші процесс ауа сорғыш шкафта жасалады екен. Яғни тимолды камерадан шыққан кітапты ауа сорғыш шкафта ұстау арқылы артық иістен арылтады.

"Бұл жерде щетканың, өшіргіштің көмегімен тазартамыз. Дұрыс болмаған жағдайда кітаптар көк шалып ауырады. Мұны "биологиялық тұрақтандыру" дейді. Жәндіктердің нәжісі болса, скальпельмен тазалаймыз. Кейін биоцидпен өңдейміз, этанол құйып, тазалаймыз. Бұл - екінші процесс. Оған қоса қағаздың қышқылдығын тексеретін заманауи қарындаш пен буферлік ерітінді бар. Мұны сирек қордың қолжазбаларына тұрақтандыру үшін себеді. Мысалы, сирек қордағы қолжазбаларға кішкене су тисе, сиялары ағып кетеді. Буферлік ерітіндіден ағып кетпейді. Бұл құрал Америкада жасалады. Оны Франциядан Мәскеу арқылы алдырады. Қағаздың қышқылдығы дегеніміз сарғайып кеткенін білдіреді. Сарғайып кеткен қағазды суға салсақ, қарапайым суды да сарғайтып жібереді. Бұдан кейін суық сумен шайқаймыз. Сол кезде қағаз қатая түседі.  Қышқылдығын кетіру үшін суда 3-5 минут ұстаймыз. Бұл - физика-химиялық процесс", - деді Бақытгүл Ештайқызы.

Оның сөзінше, кітапты қалпына келтірудің өзіндік қалыптасқан әдісі бар.

"Қазір оқырмандар кітапты тапсырған кезде жыртық болса, скотчтап өткізуі мүкін. Бұл өте зиян. Скотчты алған кезде мәтін түгел алынып кетеді. Ол да осы зертханада химиялық ерітіндімен алынады. Сонымен қатар, парақтарды жуу, ағарту, дақтарын кетіру - барлығы осы жерде жүргізіледі. Үлкен кітап болса, сөгеміз. Дәптер әдісімен жасалған кітап болса, әрбірін дәптер-дәптер ретінде бөлеміз де кейін дәптер қылып тігеді. Оны басқа мамандар істейді. Егер жыртық болса, реставрацияның да өзінің ережесі, ұстанымы бар. Бірінші бетін ашқан бойда реставрация жасалмайды. Араб тілінде жазылған кітаптарда соңғы бетінен бастап жасалады. Әрқайсының жолы бар", - дейді Бақытгүл Ештайқызы.

2013 жылдан бастап ұлттық кітапханада жазба құжаттарын қалпына келтіру, түптеу мектебі жұмыс істейді. Оған бүкіл Қазақстан бойынша кітапханалардан кітап сақтаушылар келеді.

"Қазір 5 адам оқып жатыр. Екі апта оқып, сертификат алады, үйренеді, біліктілігін арттырады. 2008 жылдан бері ұлттық кітапхана IFLA аймақтық орталығы болып саналады. Яғни Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан секілді бес елмен тәжірибе алмасады. 2011 жылы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының қолдауымен ең бірінші рет Францияның ұлттық кітапханасынан тренерлер келіп, бір ай бойы осы ұлттық кітапханада дәрістер өткізді. 15 күн бүкіл облыстан келген мамандарға дәріс берді, 15 күн Алматының ішіндегі музей, архив мамандары оқып, тәжірибе алды. Одан кейін Түркиядан, Мәскеуден мамандар келеді. Өзіміздің мамандарымыз жыл сайын Армения, Иран елдеріне барып үйреніп тұрады. Биылдың өзінде мамандар 3-4 рет тағылымдамаға, конференцияларға барды. Зертхана ашылған 20 жылдан аса уақыт ішінде көптеген жұмыс атқарылды", - дейді кітап емшісі.

Жер астында жатқан, текемет, киізге оралған қағаздарды "емдейміз"

Кітап емшілері кітапты сақтау үшін қолдан келген түрлі айла-тәсілді жасайды. Сондай құралдың бірі - киіз.

"Киіздің үстінде жуылған қағаз жақсы кебеді. Бұрын ешқандай құрал жоқ кезде даладағы кірпіштерден пресс жасаған. Осылайша алғашында кіп-кішкентай кабинеттен құрылғанбыз.  ...Ал Мәдениет жылы болған кезде Қызылордадан әкелінген, жерде текеметке, киізге оралған күйде сақталған кітаптарды қалпына келтірдік", - дейді Бақытгүл Ештайқызы.

Мамандардың айтуынша, бүгінде Қалпына келтіру, консервация және түптеу бөлімінің қызметкерлері тоқсан сайын 750 кітапты қалпына келтіреді.

"Қағазды шайға малып, шай қағазын дайындаймыз"

Зертханалық бөлімде өңделген кітаптар қалпына келтіру және түптеу секторына әкелінеді. Бұл жерде мамандар механикалық зақымдалған құжаттармен жұмыс істейді. Яғни жыртылған, шеттері жоқ, түбі түскен, мұқаба қаптамалары ескірген құжаттарды ретке келтіріледі. Қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің жетекшісі жетекшісі - Аида Шоманова.

"Лабораторияда биологиялық, химиялық зақымдалған құжаттармен жұмыс істейді, бейтараптандыру жұмыстарын жүргізеді. Ал бұл жақта механикалық зақымдалған құжаттармен жұмыс істейміз. Жоғалған, жыртылған жерлерін желімдейміз. Мұқаба қаптамалары болмаған жағдайда жаңалаймыз. Біздің жасаған процесіміз неғұрлым қайтарымды болуы керек, өз бетімізше ештеңе ойлап таппаймыз, қоспаймыз. Біз жасап болғаннан кейін, 20 жылдан соң табиғи материалдар шықса, біздің жасағанымызды жаңалауы мүмкін, яғни біздің істегенімізден кейін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік болуға тиіс", - дейді ол.

Аида Шоманованың мәдениет саласында еңбек еткеніне 20 жылдай уақыт болған. Ал кітапхана ісіне 2009 жылы келген. 

"Негізгі мамандығым - кітапханашы. Қалпына келтіру саласына 2010 жылдан бастап кедім. Осы ұлттық кітапханада, біздің қызмет базасында жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру деген мектеп өз қызметін атқарады. Ол кезде Қызылорда облыстық әмбебап кітапханасында жұмыс істеп жүрдім. Сол жақта "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында сирек кітаптарды қалпына келтіру және сақтау секторы ашылған болатын. Сол кезде мамандар керек болды. Үш адам осы жаққа келіп, бір апта көлемінде білім алдық. Мен Ботакөз Шағалиқызының шәкіртімін. Негізі қалпына келтіру күнделікті тәжірибе, әртүрлі қағаздармен жұмыс істеу арқылы шыңдалады. Ал Ұлттық кітапханаға 2022 жылы жұмысқа орналастым", - дейді Қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің жетекшісі Аида Шоманова.

Аида Мұратқызы бұл салаға ерекше қызығушылықпен келгенін жасырмады.

"Реставрация дегенді алғаш естігенде қалай болады екен деп таңғалдым, келіп үйренген соң осы мамандықты ұнаттым. Қазір консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің жетекшісімін. Менің алдымда Ботакөз Шағалиқызы осы қызметті басқарған. Осы бөлімнің басы-қасында болып, жолға қойған. Сия, қағаз құрамын, кітап қорының микроклиматын зерттеген. Ауаның құрамында қағазға, былғарыға кері әсер ететін қандай заттар барын - бәрін анықтаған. Мұның бәрін білу өте маңызды. Нанның көгергенін бәріміз білеміз. Пакетке салып, бірнеше күн ашпасақ, көгеріп шығады. Ал кітап көгеретінін көбі біле бермейді. "Кітап тамақ емес қой, қалай көгереді?" деп ойлайды. Қағаз - целлюлоза полимері. Шаңның құрамындағы бактериямен, ылғалдылық көтерілуімен қолайлы жағдай жасалады. Осылайша кітап көгере береді", - дейді маман.

Ұлттық кітапханада түптеу шеберханалары 1935 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр екен. Мұны Архив мәліметтері дәлелдейді.

Аида Мұратқызының айтуынша, қағаздың да түрі сан алуан.

"18 ғасырдан бастап қағаз өндірісі серпінді дами бастады. Ол кезде сарғыш, ағаш массасы көп, әртүрлі қоспалар қосқан қағаз өндірісі дамыған. Одан кейін сирек кездесетін кітаптардағы, қолжазбалардағы шүберек қағаздармен жұмыс істейміз. ХVІІІ ғасырларға дейін шүберекті қағаз болған. Егер қолымызда ешқандай қосалқы бөлшектер болмаса, қағаз шүберекті қағаз ба, әлде ағаш массасы қосылған қағаз ба, қалай анықтаймыз? Қағазды жарыққа ұстаған кезде жолақтар пайда болуы мүмкін. Содан анықтай аламыз. Ол қолға да білініп тұрады. Кезінде шүберек талшықтарын майдалап, содан өте сапалы қағаздар жасаған. Мұны білу маңызды. Қолжазбаларды суға жумаймыз, өйткені сиясы ағып кетуі мүмкін. Тек баспа түріндегі құжаттарды суға саламыз, өйткені ол суға ағып кетпейді. Оның қышқылдығы жоғары болған жағдайда спреймен өңдеп шығамыз, бірақ қолжазбаның қышқылдығы қатты жоғарылаған жағдайды байқаған жоқпын. Қышқылдығы жоғары болған сайын беріктігі төмендеп, сынғыш болып келеді. Қышқылдық қайдан пайда болады? Көзге көрінбейтін нәрселер, температура, ылғалдылық режимі сақталмаса, уақыт өте келе қағазға әсер етеді. Оның бәрі - қағаз бен микроклиматтың арасындағы көзге көрінбейтін физика-химиялық деструктивті процесс", - дейді маман.

Кітаптарды қалпына келтіруге жапон қағазы, шай қағазы секілді түрлі қағаздар қолданылады.

"Кезінде жапсырылған конденсаторлы қағаз, басқа да қағаздарды құжаттың түпнұсқасына кері әсерін тигізбеуі үшін алып тастап, жапон қағазына, шай қағазына, 100 пайыз табиғи қағаздарға ауыстырамыз. Мәселен, мынау - 1792 жылғы кітап. Әрбір бетін парақтап тексереміз де, түпнұсқа қағазға түстес, тығыздас қағаз таңдап аламыз. Көбіне жапон қағазымен, қалпына келтірілетін, 100 пайыз жасұнықтан (целлюлоза) тұратын қағаздармен жұмыс істейміз. Шай қағазы деген де болады. Қағаздың түсін келтіру үшін шайдан ерітінді дайындап, соған қағазды малып аламыз. Ерітінді сәл қоюлау болса, қағаз сарғыштау болады, ерітіндінің түсі қалыпты болса, қағаз да біркелкі реңкке боялады, аппақ болып тұрмайды. Қағазды бояуға табиғи, өлшеніп сатылатын шайлар пайдаланылады", - деді ол. 

"Өз қолымызбен ұннан желім дайындаймыз": кітап емшілері қандай қызық процестер жасайды?

Кітап емшілері кітапты сақтау үшін қолдан түрлі құралдар да жасайды. Соның бірі - желім. Олар күріш, бидай крахмалынан да желім дайындайды.

"Желімделген кітаптар зақымдалған жағдайда тігіп шығамыз. Жіп - табиғи материал. Ал кітапты степлермен қатайтсақ, уақыт өте келе температура, ылғалдылық режимі сақталмаса, тат басып, қағазға кері әсерін тигізеді. Бұл бөлімде құжаттың неғұрлым ұзақ сақталуын қамтамасыз ететін шараларды қолданамыз. Желімді де өз қолымыздан дайындаймыз. Кейде кітаптарды ұн желімімен қалпына келтіреміз. Су, ұн қосып, отта қайнатамыз, үй жағдайында 4-5 тамшы спирт тамызып жіберуге болады. Өйткені ұн тағам болғаннан кейін жәндіктер үйір болады. Оның алдын алу үшін спирт қосылады. Не үшін ұн желімі қолданылады? Өйткені суға салса, түсіп қалады, қайтарымды процесс. Мұқаба қаптамасы болса, арнайы PBA желімін пайдаланамыз", - дейді Аида Шоманова.

Мамандардың айтуынша, сирек кітаптар, қолжазбалармен жұмыс істеудің ерекшелігі бар. 

"Сирек кітаптар мен қолжазбаларда ешнәрсе өзгертпейміз. Ойымыздан ештеңе қосуға, оны жаңалауға немесе басқа түске әрлеуге болмайды. Өйткені қалыптасқан қағида: өзінің түпнұсқасы қалуы керек. Қаптамасы жыртылған жағдайда ұқсас былғарыны таңдап, желімдейміз. Бірінші оны майлаймыз. Ол кеуіп қалғаны теріні икемге келтіреді", - дейді Қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің жетекшісі.

Ал ең бастысы мемлекеттік нормаға сәйкес құжаттар 18+/-2, яғни 18-20 градус аралығында сақталуы керек екен. Ылғалдық - 50+/-5, 50-55. Ал былғары 55-60 аралығында сақталады.

"Құжаттың сақталуына ең маңызды фактордың бірі - температура, ылғалдылық, жарық, санитариялық-гигиеналық режим. Біздің дабыл қағатын себебіміз - сол. Күннің астында қағаздарды сақтауға болмайды. Мысалы, терезеге 3-4 күн газет іліп қойса, қағаз сарғайып кетеді. Ол нені білдіреді? Ол түсіп тұрған күн сәулесі арқылы физика-химиялық процесстер жүріп жатқанын көрсетеді. Тозу, ескіру процестері жүріп жатқанын дәлелдейді. Сол себепті кітап сақтайтын бөлімдерде терезе болмайды. Кітап міндетті түрде шаңнан таза болуы керек. Шаңның құрамында бактериялар, көзге көрінбейтін нәрселер болады. Мәселен, сөреде көп кітап тұр делік, ылғалдылық көтерілді, оның құрамында бактериялар бар, сонымен қолайлы жағдай жасап алады да, кітап көгере бастайды. Көгергеннен кейін кейбір қағаздар жабысып қалады, кейін ашылмай қалады, бетіндегі сурет, жазулар өшіп кетуі де мүмкін", - дейді Аида Шоманова.

Кітаптарда тазаланбайтын тағы бір нәрсе болады. Ол фоксинг деп аталады.

"Кітапқа манипуляция жасаған сайын артық қыламыз деп тыртық қылып алмауымыз мүмкін. Сол себепті адамның әрекеті өте минималды болуы керек. Фоксинг деген нәрсе де тазаланбайды. Ол - кітаптың бетіндегі кішкентай дақтар. Ол - қағаз шығып жатқан кездегі дефект, уақыт өте келе қағаз бетіне шығады", - дейді маман.

"Операция жасағандай боламыз"

Бүгінде кітап ұзақ сақталуына қызмет ететін мамандар "кітап дәрігері", "кітап емшілері" атанып кетті. Оның өзіндік себебі де бар.

"Біз кітапқа анализ жасаймыз, бірнеше процестен өткізіп қалпына келтіреміз. Скалпельмен де жұмыс істейміз. Операция жасағандай боламыз. Зергерлік жұмыс десе де болады. Бұл жұмыстарды бар жан дүниеңмен беріліп жасамасаң, өз нәтижесін бермейді", - дейді Аида Шоманова.

Қазақстанда кітап дәрігері мамандығына даярлайтын оқу орындары жоқ екен. Дегенмен Алматыда полиграф колледжі бар. 

"Полиграф колледжін бітірген түлектер қағаздың қыр-сырын біледі, қағазбен жұмыс істеу тәртібін меңгереді. Біздің бөлімде жұмыс істейтін Айман мен Меруерт полиграф колледжін бітірген, бүгінде 20 жылдан аса уақыт осында жұмыс істеп келе жатыр. Бәрінің қыр-сыры бар. Қағазбен жұмыс істейтін, оның ерекшеліктерін білетін маман болғаны дұрыс", - деді Аида Шоманова.

Кітап емшілерінің айтуынша, бұл мамандыққа келгісі келетіндер ең бастысы кітапты жақсы көруі керек.

"Қалпына келтіру жұмысына сабырлылық керек. Жұмыс ауыр. Қалпына келтіру жұмысына дейін кітап парақталып тазаланады, кейін парақтап отырып қалпына келтіріледі, кітап блогына жиналады, мұқаба қаптамалары қалпына келтіріледі немесе желімделеді. Осылайша пресстің астына қойғанға дейін қаншама уақыт өтеді?! Сондықтан бұл салаға ұқыпты, сабырлы адамдар келе алады", - деп түйіндеді әңгімесін маман.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!



Бөлісу: