Қостанай облысында бір отбасы 24 қыз тәрбиелеп отыр

Қостанай облысында бір отбасы 24 қыз тәрбиелеп отыр

Қазақстандағы ең көпбалалы отбасында 24 қыз тәрбиеленіп жатыр. Ерекше отбасының әңгімесі Massaget.kz тілшісі материалында.

Бұл үйдің тыныс-тіршілігі кіреберістен бастап сезіледі: қап-қап картоп, әртүрлі күртеше ілінген киім ілгіш. Үйдегі әрбір зат бұл отбасы шынында да үлкен екенінен белгі береді.

Көпбалалы отбасы Қостанай облысы Лисаков қаласында тұрады. Рустам Шукуров пен Муаззама Мансурованың 55 баласы бар. Жуырда олардың қуанышы еселене түскен, ұлдары үйленіп, келін түсірген. Енді үлкен отбасы одан да үлкейе түсті.

Бұл үй баланың шат-шадымен күлкісіне, шуылдап ойнаған дауысына толы. Оның үстіне отбасының қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.

2017 жылы Рустам Шукуров пен Муаззама Мансурова қыздары үшін балалар үйінен бала асырап алуды ұйғарған. Ал өздерінің екі ұлы мен қызы бар.

"Қызымыз үшін, ол ер балалармен зерікпесін деп осындай шешімге келдік. Екі-үш қыз аламыз деп ойладық, нәтижесінде 24 қызымыз бар", - деп еске алды Рустам.

Бұл отбасының отағасының айтуынша, жанұяларында қыздардың орны ерекше. Ерлі-зайыпты оларға ерекше мейіріммен қарайды.

Олар жуырда өткен 8 наурыз мерекесін де ерекше атап өткен.

"Бұл күні қыздарды еркелетеміз. Барлық отбасында солай шығар. Ешкім тамақ дайындамайды, бұл жұмыс ер балалардың мойнына түседі. Олар аспаз ретінде өнерлерін көрсетіп, бургер, суши дайындайды. Бәріміз үйдегі нәзік жандарға қамқорлық көрсетеміз, көмектесеміз", - дейді Рустам.

Бұл отбасының қалыптасқан дәстүрі де бар: алдымен дастарханға қыздар отырады, содан кейін ғана ұлдар отырады. 

"Біздің қыздар ерекше. Олар әкелеріне жақын, әкелерімен сыр шертіседі, керек жерінде ақыл сұрайды. Олар үшін әкелері - психолог, әрқашан кеңес береді. Мен қыздарыма басқаша қараймын, себебі олардың жүрегі нәзік. Ал ұлдар - көмекшілерім, олармен оңайырақ", - дейді балалардың анасы.

Рустамның айтуынша, қыздар әрқашан қорғаны барын сезінуі қажет.

"Балалар ертеңгі күніне сенімді болуы қажет. Олар артында қорғаны бар екенін, біз оларды әрқашан қолдайтынымызды білуі керек. Біз ата-ана ретінде бірінші кезекте сенім ұялата білуіміз қажет. Бұл - біздің басты міндетіміз", - дейді ол.

Балалардың анасының айтуынша, ержеткен балалары мерекелерге орай үнемі үйге келуге тырысады.

Бұл отбасы күн сайын 14 бөлке нан, 5 литр сүт және бірнеше келі ет жейді. Бір айға шамамен 10 қап картоп, 3 қап қант және 20 литрден аса май кетеді екен.

Үйде балмұздақ жасайтын құрылғы да бар, әр демалыс сайын балалар тәтті жейді.

"Бұрын үш күн сайын азық-түлік сатып алуға баратынмын. Кейін аптасына бір рет сатып ала бастадым. Ал жаңа жылға ерекше дайындаламыз. Ол кезде балалардың тәттісінің өзіне миллион кетеді", - дейді Рустам.

Бұрын бұл отбасының өз фермасы болған, сөйтіп сүт, сүзбе, қаймақ және майды өздері жасайтын. Рустам Шукуровтың айтуынша, кейін ерлі-зайыпты ферманы сатуды ұйғарған.

"Балаларды алған кезде шаруашылықпен айналыса бастадық. Олар табиғи тамақ ішкенін қаладық. Бірақ кейін "біз балалардың еңбегін пайдаланып жүр" деген әңгімелер айтылды. Алайда еңбекпен тәрбиелеу пайдасын бермесе, зиянын бермейді. Бірақ артық сөзден аулақ болу үшін ферманы сатамыз деп шештік. Шынымды айтсам, қазір дүкеннен сүт сатып алу әлдеқайда арзан әрі оңай", - деді Рустам.

Қазір ерлі-зайыпты немереміз болса деп армандайды.

"Үш қызымыз тұрмысқа шықты, бірақ әзірге ешқайсы жиен сыйламады. Біз сәби күтеміз. Ал олар әлі ерте дейді", - деп күлді Муаззама Мансурова.