Алматыдағы ХХVIII қысқы Универсиада ойындары да аяқталды. 12 күнге созылған жарысты Алматы Арена мұз сарайында өткен жабылу салтанаты қорытындылады. Салтанатты шара барысында Халықаралық студенттік спорт қауымдастығының Туы келесі Универсиада ойындарын өткізетін Ресейдің Красноярскі қаласына табысталды. Қош бол, Алматы! Армысың, Красноярск! Универсиаданың ашылуы жиналған қауымды көп күттірмеді. Жоспарланған уақытында ашылды. Жабылу салтанатында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Красноярск қаласының мэрі Этхам Акбулатов құрметті қонақ болды. Кеш фолк, этно және рок жанрлары араласқан Ұлы дала сырлары музыкалық қойылымымен ашылды. Ардақ Балажанованың орындауындағы халық әні, Ұлы тау тобының рок әуені мен Жәмилә Серкебаеваның скрипкадағы шеберлігі ерекше композиция болып шықты. Ұлы дала сырлары музыкалық қойылымы150 барабаншының ойыны арқасында жаңа музыкалық реңге бөленді. Музыкалық қойылымнан кейін салтанатты шара мемлекеттік Әнұранмен жалғасты. Салтанаттың ресми бөлімі Қазақстан Республикасының Әнұранын Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының хоры мен халықаралық конкурстардың лауреаты Әсет Балғазиннің орындалуымен басталды. Әрі қарай Универсиадаға қатысушы командалар шеруі өтті. Қазақстандық спортшыларды жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. Спортшылар да жанкүйерлерге қол бұлғап, ыстық ықыластарына өз алғыстарын білдірді. Канадалық спортшылар Алматыға рахмет! - деп жазылған баннер алып шығып, айрықша ықыластарын жеткізді. Универсиада ойындарына қатысқан 57 елдің Туы тізілген сәт. Ашылу салтанатында барлық елдің спортшылары кез келген жарыста бастысы бәсеке емес бірлік екендігін көрсетіп бірге шықты. Жабылу салтанатын еліміздің ірі арналары тікелей эфирде таратты. Бұл тұста операторлардың да еңбегін ерекше атап өтуге болады. Беларусь елінің спортшылары да алаңнан көтеріңкі көңіл-күймен жүріп өтті. Олар Универсиада қорытындысы бойынша үздік ондыққа енген болатын. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған - Ресей құрамасы. Француздар шеру соңына қарай шығып, кішігірім флешмоб ұйымдастырды. Салтанаттың арнайы блогы Универсиададағы еріктілердің жұмысына арналды. Алматыдағы Бүкіләлемдік студенттер ойынына Қазақстан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Украина мен т.б көптеген елдерден 3000 ерікті жұмылдырылды. Еріктілерге арналған Қанатыңды кең серпі әні орындалды. Еріктілер блогынан кейін Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) туы келесі қысқы Универсиаданың астанасы Красноярскіге табысталды. Ту Алматы әкімі Бауыржан Байбектің қолынан FISU президенті Олег Матыцинге, ол оны Красноярскінің басшысы Эдхам Акбулатовқа берді. FISUдың байрағы табысталғаннан кейін Красноярскінің театрландырылған таныстырылымы көрсетілді. Көрермендерге сібірдегі мегаполистің өмірі мен келесі Универсиаданың концепциясы таныстырылды.Сібір тайгасынан шыққан шамандардың мәдениетін мәнерлеп сырғанаушылар мен бишілер керемет шоу етіп көрсетті. 2019 жылғы қысқы Универсиаданың ресми танымбелгісі. Ал мынау бұл доданың басты маскоты - сұр қасқыр. Универсиада Алауы сөндірілгеннен кейін Алматыдағы студенттік ойындар ресми түрде жабылды. Салтанат шара Али Оқапов, Адеми, Джа Калиб т.б орындаушылардың концертімен аяқталды. Әншілермен бірге түрлі елден келген спортшылар да билеу шеберлігін көрсетті.