Алматы облысының тумасы Қанағат Есқали бүгінде Қытайдағы циркте жұмыс істейді. Желі жұлдызы бұл салаға қалай келгенін, неліктен Қытайда жұмыс істеп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, төрт жасында атқа алғаш отырған, бес жасында құлап, бұл қорқынышы 19 жасына дейін созылған. Бірақ уақыт өте қорқынышын жеңіп, жылқыға деген қызығушылығы қайта оянған. 2020 жылы ат үстінде трюктер жасау өнеріне қадам басқан.
"Кастингке дейін оның не екенін мүлде білмедім. Бірақ кірген бойда қатты қызығып, трюктерді үйренуге ынта пайда болды", - дейді ол.
Қазір Қанағат Қытай Халық Республикасының Цзяньси провинцасы Наньчан қаласында "ВейМей" халықаралық циркінде жұмыс істейді.
Қанағат бала кезінен Джеки Чан мен Джет Лидің фильмдерін көріп өсіп, каскадер болуды армандаған.
"Актер бола алмадым, бірақ қазіргі мамандығым - сол арманға ең жақын жұмыс", - дейді ол.
Оның айтуынша, отбасында ат спортымен айналысатын адам жоқ.
"Қазақ болған соң әкем мен ағаларымның атқа деген қызығушылығы бар, бірақ кәсіби деңгейде емес. Бастапқыда отбасым менің бұл жолымды құптай қоймады. Дегенмен еңбегімнің арқасында олардың сенімін ақтап жүрмін", - дейді Қанағат.
Оның сөзінше, цирктегі күн тәртібі қатаң: екі сағат ат үстіндегі трюктерге арналған дайындық; үш сағат дене дайындығы. Бұл төзімділік, жылдамдық, ептілік және күшті дамыту үшін жасалады.
"Атпен жұмыс істеудің басты шарты - қорықпау. Ол адамның көңіл күйін сезеді, кішкентай бала секілді, еркелейді, кейде қорқады. Соған үйренсең, бәрі жеңіл", - дейді Қанағат.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!