Көктем келгенде табиғат ана тіріліп, барлық тіршілік иесі жаңарады. Бірақ биыл анамыз кеш оянған тәрізді, көктемнің келуі тосын сыйға толы болды. Қардың қарқынды еруіне қуанып жүргенде қысқа қайырылған жарнамадай болып, борап қар жауып қоя берді. Наурыздың соңғы күндерінде жауған қарды тұрғындар ұмыта қоймаған болар. Көктем қаншалықты кеш жеткенімен, айналамызға әсемдік сыйлап үлгерді. Демалыс парктері де жұмыстарын бастап, халыққа бар ықыласымен қызмет көрсетуде. Сіздерге көктемнің жайма-шуақ бір күнінен үзінді көрсетуді жөн көрдік. Қаланың қай көшесіне барсаңыз да, осындай әдемі бейненің куәсі боласыз.Жайылған кілемдей жол жиегіндегі әдемі гүлдер жанынан өткен жолаушыларды хош иісімен баурайды. Табиғаттың жаңаруымен қатар, түсірілім алаңдары да жаңартылған тәрізді. Әрине жайқалған бақ ішіндегі кадрлардың ерекше болары анық. Саябақта демалғанды ұнататын жандар үшін бүгінгі ауа райы өте тамаша болып тұр. Бүгін бақ ішінде естелік суреттерін жинап жүрген қонақтар саны да аз емес екен. Қаланың әр жеріне арнайы қыдырушылар үшін осындай шағын үстелдер қойылған. Шаршадың ба, кел, жайғас дегендей мен мұндалап тұр. Бақ іші ертегі әлеміне тұнып тұр. Маша мен Аю да осы баққа келген сәбилерді құшақ жая қарсы алуда. Күннің лезде ысып кетуін ешкім де күтпеген болар. Бала күнінде өздері асыр салып ойнаған әжелеріміз енді немерелерін жетектеп келіп, жастық шағын еске алуда. Сәбилер алаңсыз ойнауда. Бұл бейнелерді көріп, біздің де балалық шағымыз көз алдымыздан жүгіріп өткендей болды. Балалардың бірі сығанақ теуіп жүрсе, енді бірі шар қуып, асыр салып жүр. Жүздеріне күлкі ұялап, нағыз бақытты шақтарын өткізуде. Кішкене ғана періштелер де көк шалғын үстінде ойнап жүр. Сірә, бұл сәбилердің тәй-тәй басқалы көрген алғашқы көктемі шығар. Ғашықтарымыз да назардан тыс қалмады. Олар орталық саябақ ішіндегі шағын көл үстінде осылай катамаран, қайықтармен жүзіп, бірге көңілді уақыт өткізуде. Қыстың тонын шешкен әткеншектер алғашқы қонақтарын тербетуде. Әкімшілік қызметкерлері де барынша жұмылып, жол жиектерін гүлдендіруде. Қаламыздың таза әрі әдемі болып тұруы осы кісілердің еңбегі. Көктөбеге қарай аттандық. Аңызға айналған аймаққа бірі қоғамдық көліктермен барып жатса, енді бірі велосипедпен көтерілгенді жөн көріпті. Телескоптан Алматы бейнесін көруге асыққандар саны көп, әсем қаламызды биіктен көргенге кім қызықпасын?! Біз де өз кезегімізде қаламызды бақылап, әр қиылысына үңілдік. Қала тіршілігі толассыз қайнап жататыны анық, міне, бүгін де қайнаған қала өмірін бақылауды осы Көктөбе биігінен аяқтадық. Сурет:Massaget.kz