Көкжайлаудан Көктөбе алақандағыдай көрінеді
Кейде қаланың қарбалас тіршілігінен шаршағанда біз алыс шетелді аңсаймыз, Альптерге барып шаңғы теуіп, Гималайдың асқар шыңдарын бағындырғымыз келеді. Бірақ табиғаттың кереметін көру үшін соншалық алыс сапарға шығып, қатты шығындалудың қажеті жоқ екенін біріміз білмесек, біріміз ойлай бермейміз. Расында, біздің елде де сұлулығымен тамсандырар демалыс орындары көп. Сіздерді сондай көрікті мекендердің бірі Көкжайлаумен таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Көкжайлау - Іле Алатауында орналасқан, бүгінде Алматы қаласы тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып үлгерген мекен. Бір қарағанда қалаға өте жақын орналасқандай көрінеді, алайда ол жаққа жету үшін біраз тер төгу керек. Себебі Көкжайлауға дейін көлік бармайды, сондықтан жолыңыздың көп бөлігін жаяу жүріп өтуге тура келеді.
Белгіленген жерге жету үшін шамамен 5.5 км жүресіз. Жолдың дені биік жоталарға көтерілумен өтетіндіктен, шаршауыңыз заңдылық, бірақ ол соған тұрарлық екенін де білгейсіз. Жол-жөнекей табиғаттың сұлулығына сүйсініп, ғажап көріністердің куәгері боласыз.
Бұл сапарға дайындаларда тауға шығудың бірнеше қағидасын ескерген жөн:
1. Киім міндетті түрде спорттық үлгіде болуы керек. Онсыз алғашқы асудан аса алмай қаларыңыз сөзсіз.
2. Өзіңізбен бірге дорба алып, оған су мен тойымды азық-түлік салып алыңыз. Тауда дүкен жоқ.
3. Қауіпсіздік шараларын ескеріңіз. Түрлі келеңсіз жайттарға мейлінше дайын болыңыз (жаңбыр жауу, жарақат алу, кене шағу).
4. Ең бастысы алған бетіңізден қайтпаңыз. Өзіңді жеңу - ең ұлы жеңіс екенін ұмытпаңыз.
Көкжайлау жылдың төрт мезгілінде де өзінің көркін жоғалтпайды. Сол себепті қай кезде де ол жерге адам көп барады.
Табиғат аясында сізге жеті жасар баладан, жетпістен асқан қарияларға дейін кезігеді. Олардың өмірге деген құштарлығын, қоршаған ортаға деген махаббатын көргенде, рухани күш алғандай боласыз.
Мәди де солардың бірі. Ол Көкжайлауға велосипедін арқалап бара жатыр. "Тауға велосипедпен шығу қиын, алайда қайта түскен - нағыз экстрим. Төмен қарай үлкен жылдамдықпен зулағанды жаным жақсы көреді", - дейді ол.
Алыстан 1998 жылы "Нұрсұлтан" атауы берілген 4376 метрлік шың көрініп тұр. Ол шыңды бағындырар күн қашан туар екен?
Қалың орманның арасында келе жатқанда күннің ыстығы да байқалмайды. Көлеңке, салқын.
Белгілі бір биікке жеткенде тал арасынан әсем қала Алматы да көрінеді. Бұл көріністен алатын алғашқы әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Күнде көшелерін аралап жүрген қаланы бұндай биіктіктен көрудің өзі бір ғанибет.
Төменде қарбалас тіршілік, у-шу, көлік кептелісі. Мұнда тыныштық, жан рахаты, күлімдеген бейтаныс адамдар. Екі орта бір-біріне қаншалықты жақын болса, соншалықты алыс...
Ал бұл 2011 жылдың мамыр-маусым айларында болған үлкен дауылға төтеп бере алмай құлаған ағаштар. Ресми мәлімет бойынша, сол кезде аймақта 100 мыңға жуық ағаш құлаған екен.
Арада 4 жыл өтсе де ағаштар сол қалпы жатыр. Тек жолға бөгет болғандары ғана кесіліп, шетке жинастырылған.
Сандық көрсеткішті жазып, айта салу оңай болғанымен, дауылдың зардабын көзбен көру жүрекке бататыны рас. Бір кездері жап жасыл болып тұрған шыршалы жоталар бүгінде қураған ағаштардың үйіндісіне толы.
Бәрінің қайта жанданатынына үміт сыйлайтын жаңа өсіп келе жатқан жас талдар ғана.
Дәл сол жас талдар сияқты, жолымызда серуендеп жүрген жас балалар кезікті. Олардың табиғатты аялайтынын көріп, көңіліміз бір желпініп қалды. Ел болашағы жастардың қолында.
Баласын жастайынан салауатты өмір салтына баулыған әкені көріп, тағы бір қуандық.
Тауда неше түрлі адамды кезіктіруге болады. Біреулер жоғары шығып бара жатса, енді біреулер төмен түсіп бара жатады. Алдыңнан шыққан адаммен амандасу - бұл жерде сыпайылықтың белгісі ретінде қалыптасып кеткен. Амандаспасаң - адамдардың біртүрлі қарайтыны да бар.
Кезекті велосипедші жігіт. Биіктік бұрышы кейбір жерде 80 градусқа дейін жететін тауда велосипед арқалап жүргендерді көріп таңданасың.
Жаз ортасына таман шыңдарда жатқан қалың қар еріп, тау етегі жап-жасыл түске боялады.
Еріген қар су болып сай-саланың ішімен, жолындағы бөгеттерге қарамай төмен қарай ағады. Тауда осындай сарқырамаларды жиі кезіктіресіз.
Қар суынан бөлек тауда бастаулар да көп. Суы мөлдір, таза келетін бұл бастаулардан шөліңізді қандырсаңыз болады.
Міне, Көкжайлау деп аталған көрікті мекенге де жеттік. Бұл ғажап жерді көрген кезде жол бойы шаршағаныңызды ұмытып кетесіз. Сонау бала кездегідей: "Ехэ-хэ-хээээй!" деп айқайлап жібергіңіз келетіні де рас.
Жайлауға жеткенде әркім өзіне ыңғайлы жер таңдап, жүрек жалғап алады да, артынша түрлі ойындар ойнап, серуен құрады.
Міне, кезекті демалысын тауда өткізіп жүрген жастар. Олардың клубты, шулы кафені таңдамай, тауға келгендеріне риза болдық. Бұл жерде желі ұстамайтынын ескерсек, отырыстары қызықты өтіп жатқанына шүбә жоқ.
Кең дала. Көкжиекке көз жетпейді. Көкжайлау - Алатау етегіндегі әсем қалаға қарап, ойға шомып, армандап, өз-өзіңмен қалуға таптырмас орын.
Бұл жерден бәрі көрінеді. Қала халқының жиі баратын "Mega" сауда-ойын-сауық орталығын таныған боларсыздар?
Ал мынау еліміздегі ең биік ғимараттардың бірі - Esentai Tower. Оның артында КазҰУ қалашығы да көрініп тұр.
Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді дейді, ал Көкжайлаудан Көктөбе алақандағыдай көрініп тұр.
Осымен біздің фоторепортаж аяқталды. Енді табиғаттың әдемі көрінісіне сүйсініп, қала көрінісін тамашалап, демалайық. Суреттер ұнаған болар?