"Кино үйі" қалай түнгі клубқа айналды? Киелі мекеннің бүгінгі көрінісі

Тәуелсіздік алғалы нарықтық қоғамның ырқына шыдамаған киноматографистер одағының "Кино үйі" бүгінде қаңырап бос тұр. Алматы шаһарының дәл жүрегінде орналасқан нысанның барын дүйім жұрт ендігі ұмытып бастаған.  Шәкен Аймановтың идеясымен, Дінмұхамед Қонаевтың пәрменімен 1971 жылы ашылған бұл үй соңғы 10 жылдықта рухани азықтың мекені емес, жын-ойнақтың ортасына айналған. Мәселеге қатысты "қайтсек көненің көзін жаңғыртамыз" деген Одақ мүшелерінің базынасын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Кино үйінен - жын-ойнақ ордасына дейін

Шәкен Аймановтан бастап Олжас Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов, Әкім Тарази, Рашид Нұғымановтар төрағалық еткен кинематографистер одағының "Кино үйі" Кеңес одағы ыдырағалы құты қашып барады. Кейінгі басшылар ғимараттың коммуналдық шығынын жаба алмай, нысанды бөлшектеп сатып, қалғанын жалға беріп күнелткен. Ораз Рымжанов ғимараттың 40 пайызын сатып бастап, Максим Смағұлов тағы 20 пайызын жекенің қолына өткізіп, басқа басшылар қалған 40 пайызын жылма-жыл жалға беріп отырған. 

Дегенмен кезекті басшы жас маман Ахат Ыбыраев тұсында кинематографистер үйінің маңдайшасында "King club" жазуы жылт етіп, "Кино үйінен" қолда қалған 40 пайыз бір сәтте түнгі клубқа айналып кеткен. Бұған дейін жалға берілсе де ара-тұра жиын-шаралар өтіп тұрған "Кино үйі" осыдан кейін жын-ойнақ ордасы атанған. 

Осыншама қорлықтан шыдамы шегіне жеткен кинематографистер одағының мүшелері 2018 жылы кезектен тыс съезд өткізіп, ғимаратты жалға алған кәсіпкерлерді сотқа берген. Іс 2,5 жылға созылып, нәтижесінде, Қазақстан кинематографистер одағы жеңіске жетті. 

Жеңіске жетуі жетті-ақ, бірақ киногер қауымы жемісті жұмыс бастай алмай әлі де әлек. Оған себеп – ғимараттың қазіргі жағдайы.

© Суретте: Кино үйінің сыртқы қасбеті

© Суретте: Кино үйінің кіреберісі

© Суретте: Кино үйінің 1-қабаттағы үлкен залы, сахна

© Суретте: Кино үйінің 1-қабаттағы үлкен залы, көрермендер орны

© Суретте: Кино үйінің 1-қабаттағы үлкен залы, толық көрініс

© Суретте: Қазақстан кинематографистер одағының басқарма төрағасы Абай Әбділда

"Ешбір сөзсіз барлық жағдай көзге көрініп-ақ тұр. Бұл да киногерлер үшін киелі мекен. Шәкен Айманов бұл үйдің ашылуын көрмей кеткен еді. Тарихи сәттерге толы киелі мекен. Біз енді осы ғимаратты жөндеуден өткізсек дейміз. 2 ай бұрын Аида Балаевамен кездестік. Сонда министр ғимаратты кинематографистер одағының символы ретінде қалдырамыз деді. Елімізде бірде-бір мемлекеттік кинотеатр жоқ. Барлық дерлік кинотеатрлар жекенің қолында болғандықтан, отандық туындылардың тұсаукесерін жасау біршама қаржы талап етеді. Егер осы ғимаратты қалыпқа келтірсек, халыққа қолжетімді кинотеатр пайда болар еді", – дейді Қазақстан киногерлер одағының қазіргі басқарма төрағасы Абай Әбділда.

Басқарма төрағасы ғимаратты жөндеуге кетер қаражатты есептеуге де қаражат керек екенін айтады. Десе де, өз ішкі есептерімен жөндеу жұмысы мен жиһаздарға 500-600 миллион теңгедей қаражат керек екен. Ал нысанды толық қайта сатып алып, жөндеу үшін одан көп сумма қажет болмақ. Абай Әбділда әзірге қолда бар ғимараттың 40 пайызын жөндеп алсақ тамаша болар еді дейді.

2 қабатты ғимараттың 40 пайызына: 1 қабаттағы үлкен зал және 2 қабаттағы үш бөлме кіреді екен. Соттан кейін жеңілген компания ғимараттың ішін талқандап, құжаттарды жарамсыз етіп кеткен екен.

Бүлінген архивтер

© Суретте: 2 қабаттағы  1-бөлме

© Суретте: 2 қабаттағы  1-бөлме, актерлердің 3х4 суреттері

© Суретте: 2 қабаттағы  1-бөлме, актерлердің ақ-қара суреттері

© Суретте: 2 қабаттағы  1-бөлме, одақ мүшелерінің құжаттары

© Суретте: Текеев Сатыбалды

"Бұл кабинетте біздің бірінші хатшымыз Олжас Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов отырған. Менің өзім 1992 жылға дейін осында "Бюро пропаганды советского киноискусствада" 8-9 жыл директор болып қызмет атқардым. 1992 жылы Кеңес одағы құлаған кезде біз киностудияға кеттік, мұнда бәрі жабылды. Кейінгі басшылар бәрін сатты. Енді астында осы зал мен мұндағы 2-3 кабинет қалды. Бұл жерде күнде кешкі 18:00-ден кейін кино көретін едік. Барлық кинотуындылардың тұсаукесері осында өткізілетін. Басқа түгіл,!қазір өзіміз примерия жасай алмаймыз. "Кино үйінде" бұрындары халықаралық симпозиумдар,  “Еуразия-98” сынды кинофестивальдер өтетін. Қайран кездер-ай", – деді кинематографистер одағының хатшысы Сатыбалды Текеев.

Текеев Сатыбалды "осындағы құжаттың бәрін бүлдірген түнгі клуб қызметкерлері" дейді. Дегенмен нақты есеп болмаған соң, сотқа бере алмай отырғандарын жеткізді.

Уәдесі орындалмаған 5 министр, 3 әкім

© Суретте: Клубтың мерекелік бағдарламасы

© Суретте: Кино зал

© Суретте: Белгілі тұлғалар ілінген стенд

© Суретте: Ерлан Төлеутай

"2018 жылғы басшылық ғимаратты ЛЛБТ клубқа жалға берген. Олардан ғимаратты соттасып жатып әрең алдық. Енді, міне, жасап кеткендерін көзбен көріп отырсыздар. 5 Мәдениет министрі мен Алматының осыған дейінгі 3 әкімімен де сөйлестік. Олар көмектеспек ниеттерін білдірген. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай, нәтиже болмай тұр. Сол үшін осынау шараны ұйымдастырып отырмыз. Мына ғимарат қазақ киносының жағдайын сипаттайды. Біз тырыстық, іздедік, жағдайы бар кәсіпкерлерді алып келдік. Олар бізге 8 қабатты бизнес орталық салайық, соның  2 қабаты сендердікі деді. Бірақ біз қарсы болдық. Өйткені Шәкенов атамыз іргесін қалап кеткен бұл ғимараттың өз киесі бар. Артымдағы суреттегі ағаларымыздан ұят.  Жетім баланы да асырайды ғой, сол секілді осыны да қолға алса, ғимаратты мемлекет меншігіне өткізсек деген ниетіміз бар дейді", – дейді кинематографистер одағының мүшесі Ерлан Төлеутай.

Аймандай болған Аймановтың ордасын бұндай хәлде көру кім-кімге болсын ауыр тиері анық. Асылдан қалған бұл ғимараттың мүсәпір кейпі шынында да қазақ киносының жағдайын сипаттайтындай. Амалы құрыған кинематографистер тарихты сақтап қалу үшін ендігі сенері мемлекет болып тұр. Олар тек ғимаратты қалыпқа келтіруді ғана емес, ұлттық кинотеатрды қалыптастыруға шақырып отыр.



Бөлісу: