"Кезінде осы жерден билет алып, автобусқа отырып, ұшаққа дейін баратынбыз". Алматыдағы Аэровокзалдың тарихы
"Осы жұрт Алматыдағы Аэровокзалдың тарихын біле ме екен?" Қаланың ортасындағы Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан Аэровокзалдың бүгінгі тыныс-тіршілігі көпке белгілі. Алайда көпшілік оның бұған дейінгі тарихына қанық емес. Әр бұрышы, әр көшесі ескіден сыр шертетін Алматының өткен ғасырдан қалған тағы бір нысаны Аэровокзалдың тарихына Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Жібек жолы көшесін бойлай жүре берген кез келген жанның көзіне Аэровокзал оттай басылады. Бұл ғимарат 1976-2000 жылдары қала тұрғындары мен қонақтарына әуе қызметі саласында қызмет көрсеткен.
Аэровокзал жобасын салған сәулетшілер А.Котов, И.Щевелева және А.Леппик болса, инженері Н.Кривошейн болды. Жоба авторлары Алматыдағы өзге де танымал ғимараттардың, соның ішінде "Көк базардың", Жазушылар одағы басқармасының, Орталық неке сарайының да құрылысына қатысқан.
Алматы аэровокзалында осыдан 40 жылдан аса уақыт бұрын билеттеп сатылып, жолаушылар тіркелген. Одан бөлек мұнда жүктер рәсімделіп, жолаушылар ұшақтарға дейін арнайы автобустармен тасымалданған. Яғни аэровокзалға келген жолаушыларға билет кассалары, тіркеу есептегіштері, багажды тапсыру пункті қарастырылған.
Ғимаратқа кіргеннен-ақ тарихи нысан екені байқалады. Ол екі қабаттан және жертөледен тұрады.
Екі қабатта да кең зал бар. Бірінші қабатта күту залы орналасқан.
Ал екінші қабатта байланыс торабы, қызмет көрсету бөлмелері орналасқан. Бірінші қабаттан екінші қабатқа көтерілетін кең баспалдақ та ерекше дизайнмен жасалған.
Ғимараттың еденінен бастап есіктеріне дейін, сыртындағы әрбір тасы тарихтан, кеңес дәуіріндегі стильден сыр шертеді.
2000 жылдардың бірінші жартысында терминал жұмысын тоқтатты. Содан бері терминал ғимараты сауда нысаны мақсатында пайдаланылады.
Бүгінде бұл нысанның екі қабатында да, тіпті жертөлесінде де сауда нүктелері орналасқан.
Мұнда негізгі тауар - ұялы телефондарға арналған аксессуарлар. Алайда бір жерде ғана билеттер сататын дүңгіршек жұмыс істеп тұр. Өйткені біраз уақытқа дейін бұл жерде түрлі бағыттағы билеттер сатылған.
Ғимараттың сыртында "Қазақстан Республикасы Сәулет және қала құрылысы ескерткіші, Қалалық әуевокзал 1967 жыл, мемлекет қорғауында" деген жазу бар.
Бүгінде ғимаратты жалға алып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері 2014 жылдан бері осы жерде жұмыс істеп отырғандарын айтады.
"Басты жалға алушы ретінде 2014 жылдан бері осы жердеміз. 2014 жылға дейін қандай жағдай болғанын білмейміз. Ол кезде әуе кассалары жұмыс істеген. Бірақ карантин уақытынан бастап көп әуе кассаның саудасы тоқтап қалды. Себебі карантин кезінде жұмыс істемей, жабылып қалдық. Сол кезде халық онлайн режимге ауысып, бәрі телефон, қосымшалар арқылы билеттер ала бастады. Сондықтан әуе билеттерін сататын жалға алушылар шығынға ұшырап, бізден кетті. Қалғаны телефон сату, жөндеумен, ноутбук жөндеумен айналысады, түрлі аксессуарлар сатады", - дейді ғимаратты басты жалға алушы Ерлан Бақытжанұлы.
Ерлан Бақытжанұлының сөзінше, қаланың байырғы тұрғындары бұл ғимараттың тарихын жақсы біледі екен.
"Бұрынғы тарихын тек естуім бар. Осы жақты жалға алып келмес бұрын баратын жеріңді сұрастырасың ғой. Сол кезде естігенбіз. Одан кейін де жұмыс барысында бұрынғы алматылықтар келген кезде "кезінде осы жерден ұшаққа билет алып, автобусқа отыратынбыз, автобус ұшақтың алдына дейін апарып, ұшып кететінбіз" деп жатады. Тек естуім бойынша. Өз көзіммен көрмедім", - дейді Ерлан Бақытжанұлы.
Ғимаратты жалға алушылар нысанға күрделі өзгеріс енгізбегендерін мәлімдеді.
"Ғимаратқа келгелі аса үлкен өзгерістер енгізбедік. Бізге дейін қалай болды, сол қалпы. Тек жыл сайын өз уақытында ішін әктеу, сырлау жұмыстарын жүргіземіз", - дейді ол.
Алматы тұрғыны, фотограф Юрий Съедин де бұл аэровокзалдың кезінде дәурені жүріп тұрғанын еске алды.
"Касса, ұшу аймағы, жүкті қабылдау, жүкті қаптау орындары, кафе болды, газет-журналдар сатылды. Автобус тұрағы да болды. Сол автобустар әуежайға дейін апарып тастайтын. Өйткені аэровокзалда тіркеуден өтіп қоятын едік", - дейді ол.
"Ескірмеген ескі Алматының" есті естелігінің бірі дәл осы - Аэровокзал. Ал Алматының тарихына бойлағысы келетіндер үшін ғимарат есігі әркез ашық.