Алматының Көк базарында орналасқан кішкентай ғана мына аяқ-киім жөндеу дүңгіршегі талай елдің ризашылығына бөленіп тұр. Аз уақыт ішінде халық назарын өзіне аударта білген етікшімен Massaget.kz тілшісі тілдесіп қайтты.
Бүгін біз өз жұмысын өнерге айналдырған нағыз еңбек адамы Самат Мырзағалевпен жолықтық. Ол қарапайым етікші. Дегенмен өзінің Instagram блогының арқасында 4 ай ішінде бүкіл елге танымал болған кейіпкеріміз көрермендерін етікшілік өнері мен қызықты әңгімелерді тамаша баяндау қабілетімен баурай білген.
Кейіпкерімізге бұл кәсіпті әкесі үйретіпті. Әкесі өз кезегінде ауыл ақсақалының бірінен тәлім алған. Болашақ шебердің әкесі қолөнерді тез игеріп, шеберханасын ашып, бауырлары мен ұлдарын осы іске баулыған. Осылайша жаңа кәсіп уақыт өте ұрпақтан-ұрпаққа берілер ата кәсіпке айналған.
"Етік тігіп, оны жөндеуді ауылдағы үйден бастап едік. Ол кезде баламыз, жасымыз 13-14 ке енді толған. Әкем де етікші. Өзі жұмыста аяқтап үлгермеген аяқ-киімдерді үйге алып келетін. Сонда бізге “мынаны тігіп қойыңдар, мынаны желімдеңдер” деп айтып кетуші еді. Біз сол айтқандарын екі етпейміз. Бірақ не керек әкемнің жұмыс жағына баруға балалық қой, ұялатынбыз. Артық көзге түскіміз жоқ. Уақыт өте әкем екі бөлмелі шеберхана ашты. Ендігі уақытта біз де сол шеберхананың төргі бөлмесінен орын алдық. Тапсырыстардың дені біздің қолдан өтетін болды. Әкем тек келушілерді қабылдап, аяқ-киімдерін қарайтын. Сол себепті де бала кезден қолдан балға түспеді десем артық болмас", - дейді Саламат Мырзағалев
Кейіпкеріміз, осы кәсіпте жүрген 20 жыл ішінде ешқашан басқа мансап туралы ойламағанын айтады. Тіпті мамандық алып, колледжді бітіргеніне қарамастан, дипломы сандықта, өзі шебарханада жүрген жайы бар.
Саламат Мырзағалевтың әлеуметтік желідегі блогының арқасында оған аяқ-киімін жөндетуге тек Алматыдан ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де көптеп тапсырыс келеді екен. Тіпті бәріне уақыт жеткіліксіз болған кезде, аяқ киімдердің кейбірін үйіне апарып, жұмысын сонда жалғастырады. Тапсырыстың көптігін біз де үстел шеберханасының аяналысында үйілген түрлі етік, туфли, биік өкше, мәсі салынған түйіндерден байқадық.
Күніне Саламат орташа 15-20 аяқ-киім жөндейді екен. Осындай жұмыс көлеміне қарамастан, оның табысы күніне 20-30 мың теңгені құрайды. Бір тапсырысқа орташа алатын ақысы 2 мың теңгенің айналасы. Бұл сома Алматыдағы басқа шеберлердің қоятын бағасымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бірақ кейіпкеріміз өзінің төмен баға қоюуын халықтың тұрмысымен түсіндіреді.
"Халыққа кішкене болса да пайдам тисе екен деймін. Қайбір ерікеннен адамдар мұнда аяқ-киім тіктіруге келеді дейсіз. Жағдай жетсе жаңасын барып алар еді. Жұмыссыз азаматтар негізі аз. Көбі әйтеуір аз тапса да нәпақасын адалынан айырып жүрген азаматтар. Олар бірінші өзін емес баласын, үй жайын ойлап, әйтеуір етігі кәдеге жараса болғаны дейді. Артылған ақшасына бала-шағамды қуантсам деп жүргендер. Мен оны жақсы түсінемін, - дейді Саламат Мырзағалев.
Етікшінің кең жүрегі мен мейірімділігі туралы осындағы жұрт та ауыз толтыра баян етеді. Солардың бірі, Лися есімді шетел азамтшасы. Оның бұл шеберханаға үшінші рет келуі екен. Лися етікшіміздің ұсақ жұмыстарға ақы алмайтын айтады. Ісмер жігіттің бұл кеңшілігі шынында да қайран қалдырады.
"Мен осында жақын маңда жұмыс жасаймын. Саламаттың адамгершілігі мол, өте мейірімді адам. Алдында аяқ-киімімді жөндетуге алып келгенде тіпті ақы да алмады. Маған "бұл ұсақ түйек қой, игіліңізге киіңіз" деп шығарып салды. Иә, шынында да кішігірім ғана жері ашылып кетіп еді, десе де бүгінгі қоғам да бұндай мәрттік сирек", - дейді Лися.
Кейіпкеріміздің отбасы бар. Аяулы жарымен екі ұл және бір қыз тәрбиелеп отыр. 10 жастағы үлкен ұлы әкесі сияқты етікші болғысы келеді екен. Басқа мамандықтар жайлы мүлде ойламайды. Саламат ұлының етікші болғанына қарсы емес. Бірақ оқып-тоқып, мамандық алса екен деген ішкі арманын жасырмады.
Етікшіміздің құрал сайманы сай, бәрі қол астында. Бірақ артық аппараттар байқамадық. Барлық жұмыс - қол еңбегі. Саламат өзінде аппараттардан тек тігін машинасының барын жеткізді, "қалғаны ептіліктің арқасы" - дейді.
Болашақта Саламат елдің әртүрлі аймақтарында аяқ киім жөндеу шеберханаларының желісін ашып, адамдарды оқытуды жоспарлап отыр. Оның шәкірттерінің бірі ерекше қажеттілігі бар болса да қазір Талғарда жұмыс істейді.
Құдай берем десе бір ғана сәт қой. Менің әлемжелідегі блогым аяқ асты үлкен танымалдылыққа ие болды. Кейбірі сұрайды "кім жүргізеді парақшаңды" деп. Шыны керек, оны тек өзім салам. Оның өзінде бейнелерімді әспеттеп те жатпаймын. Қалай бар, сонысымен кетіп жатыр. Бұл маған берілген нығмет шығар. Алға қойға мақсат-ниет баршылық, қайсыбірін айтып жатамыз. Десе де, осы базар маңынан үлкендеу орын алып, дамытсам деймін. Үйренемін деушілер шығып жатыр, соларды үйретсем деймін. Алдында бір бауырымыз арбаға таңылған екен "еңбек етсем, кәсіп үйретші" дейді. Келістім, қазір Талғарда өз ісін дөңгелетіп отыр. Осы бастамамды жалғастырмақ ойым бар", - дейді Саламат Мырзағалев.
Бұл оқиға өз ісіне деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық пен мейірімділік адамды қарапайым етікші болса да, қоғамда қандай танымал және құрметті ете алатынының жарқын мысалы...