Қазақтың ежелгі аспаптары қандай? Ұлттық музейден репортаж

Қазақтың ежелгі аспаптары қандай? Ұлттық музейден репортаж

Алматыда тарихи-танымдық және әдеби-мемориалдық 30-ға жуық мұражай бар. Соның бірі – Орталық Азия елдеріндегі бірегей ғимарат Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі. Мұнда қазақ халқының ғана емес, 50-ге жуық елдің ұлттық аспабы бар. Massaget.kz тілшісі халық музыкалық аспаптар музейіне барып, қазақтың қолданылмай кеткен ұлттық аспаптарымен танысып қайтты.

Мәдени орын алматылықтар мен қала қонақтарының жиі баратын демалыс орны 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябағында орналасқан. Музейдің ашылу тарихы мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен тікелей байланысты. Деректерге сүйенсек, 1908 жылы атақты сәулетші Андрей Зенковтың "Ропетовский" стиліндегі жобасымен тұрғызылған.

Бізді экспонаттарды жете таныстырушы музей қызметкері Арна Бекболатова қарсы алды. Жылы жүзді, күлімдеген Арнаны біраз күтуге тура келді. Себебі біздің алдымызда келген шетелдіктерге музей ішін аралатып, ағылшын тілінде экспонаттарды таныстырып жатты.

Арнаның айтуынша, музей қорында ұлттық музыкалық аспаптармен қатар түрік халықтары, сондай-ақ әлемнің 50-ден астам елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1500-ден аса экспонат бар.

"Музейде 9 экспозициялық зал жұмыс істеп тұр. Олар кіріспе залы, үрмелі, ұрмалы және шулы музыкалық аспаптар залы, мемориалдық музыкалық аспаптар залы, қобыз залы, шеберлер залы, түркітілдес халықтардың музыкалық аспаптары залы, Азия және Африка, Еуропа халықтарының музыкалық аспаптар залы", – деді музей қызметкері.

"Жалпы қазақ аспаптарын бірнеше топқа бөлеміз. Соның ішінде алдымен шулы және ұрмалы аспаптарға тоқталайық. Олардың ішінде кең танылғаны – дабыл. Дауысы қатты шығатын болғандықтан, соғыс кезінде, яғни жау шауып келе жатқанда, қандай да бір жаңалықты хабарлау мақсатында пайдаланып отырған. Дабылға ұқсас аспаптар көптеген халықтарда сақталған. Атап айтқанда, әзербайжандарда – табль, қырғыздарда – дообул, өзбектерде – даул, т.б. айта берсек көп", – деді Арна.

Қазақтың шертпелі аспаптарының ішінде ең танымалы – домбыра. Музейде атақты күйшілер қолданған көптеген домбыра бар.

"Негізінен мұнда домбыраның түпнұсқалары, тек Құрманғазы Сағырбайұлы домбырасы ғана көшірме. Оның түпнұсқасы Ресейдегі Астрахань қаласында орналасқан. Себебі Құрманғазы атамыз сол жақта жерленген және Астрахань облысында, Алтынжар ауылында оның музейі бар. Ал домбыралардың ішінде ең ескісі – ақын, күйші, композитор Махамбет Өтемісұлының домбырасы. Бұл домбыраның шамамен 200 жылдық тарихы бар", – деді музей қызметкері.

Бұдан бөлек, бұл залда Ақан Сері мен Біржан сал, Естай ұстаздың, Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбайұлының, Қазанғап, Шәкәрім Құдайбердіұлының домбыралары бар. Домбыралардың пішіні әртүрлі болған сайын, дауыстары да әртүрлі шығады.

"Домбыралардың пішіндері әр аймақта әртүрлі жасалған. Мәселен, қайық, қалақ пішінді домбыралар Шығыс Қазақстанда жасалса, жұмыр пішінді домбыралар Батыс Қазақстанда жасалған. Бұл залда жалғыз әйелге тиісті болған аспап – Дина Нұрпейісованың домбырасы. Шанағында Жамбыл Жабаевтың суретін байқауға болады. Жалпы Дина Нұрпейісованың бірнеше домбырасы болған", – деді ол.

Бұдан бөлек, Науша Бөкейханов, Кенен Әзірбаевтың домбырасын байқадық. 

Музейде қазақтар ғана емес, бүкіл түркітілдес халықтардың танымал аспабы, шаңқобыздың бірнеше түрі бар.

"Шаңқобыз алғашында өңделген ағаш таспалардан, кейін темірден жасалған. Шаңқобызға жіп байланып, сол жіпті серпіп тарту арқылы дыбыс шығады. Өзі де, тілшесі де металдан жасалынады. Бұл аспапта көбінде әйел адамдар ойнайтын болған. Қазақтардан бөлек, шаңқобыз орыс, украин, татар, башқұрт, жалпы түркітілдес халықтары арасында кеңінен танымал", – деді Арна.

Домбырадан кейін кең тараған аспаптың бірі – қобыз. Арнаның айтуынша, мұнда үш қобыздың көшірмесі түпнұсқаға ұқсатып жасалған.

"Біріншісі – қобыз алғашқы әйелмен бірге жерленген аспап. Түпнұсқасы Ресейдегі Саратов облысындағы музейде тұр. Екіншісі – Украинадағы қыпшақтардың қобызы. Үшіншісі – Алтай тауларынан табылған қобыз. Түпнұсқаларын алдырту мүмкін болмағандықтан, көшірмесі жасалып, музейге қойылды", – деді музей қызметкері.

"Қобыз көбінесе өрік ағашынан ойылып жасалады. Астыңғы жағы терімен қапталады. Кезінде түйенің терісі пайдаланылған, ішектері аттың қылынан жасалған. Сол кездегі қобыздарға зер салсақ, ерекше әрлеген. Яғни сыртынан бөлек, ішіне айналар салған. Қобыз бақсылардың аспабы болғандықтан, сол айналар арқылы болашақты болжаған, түрлі жын-рухтармен сөйлескен, адамдарды емдеген. Кейде айналарды тіл-көзден сақтану немесе ауруларды осы айнаның ішіне жинау мақсатында пайдаланған", – деді ол.

Залда 300 жылдық тарихы бар Жарас бақсының нар қобызы қойылған. Музейге Жарас бақсының жетінші ұрпағы сыйға тартқан.

"Жарас бақсының нар қобызы XVIII ғасырда тұтас өрік ағашынан ойып жасалған. Шанағы нар түйенің терісінен тартылып, ішегі аттың қылынан жасалған. Нар қобыздың ұзындығы – 1 метр, шанағы – 29 см, шанақ ені – 37 см, шанақ аумағы – 1 метр, сылдырмағы үшеу. Жарас бақсының қобызын – Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғыны Бижан Сауырбаев 1983 жылы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне тапсырған. Қазіргі таңда музей жәдігерлерінің арасындағы ең көне және тарихи маңызы бар аспап. Аспап Жарас бақсының алты ұрпағына дейін сақталып, бірінің қолынан екіншісіне өтіп отырған. Байқап қарасаңыздар, аспап өте ескірген, қобыздың өн бойы әбден ысталып, қарайған", – деп таныстырды Арна.

Залда археология барысында табылған музыкалық аспаптармен де таныстық. Мысалы, мына сазсырнай 12 ғасырда жасалған. Басында баланың ойыншығы ретінде қолданылған бұл аспап кейін музыкалық аспапқа айналған. 

Қазіргі таңда қолданылмайтын сырт пішіні өзгеше үрмелі аспаптарды көріп, таңғалдық.

"Мәселен, мына аспап керней деп аталады. Мұны кезінде әскери жорықтарда атой шақырушы, хабар беруші ретінде, сондай-ақ хандар мен әскер басыларын күтіп алу салтанаты кезінде қолданған. Керней аспабының ел арасында болғандығын белгілі аспаптанушы Болат Сарыбаев ең алғаш ғылыми негізде дәлелдеді. Керней әртүрлі көлемде жасалады. Жұмыр ағашты дәл ортасынан қақ бөліп, өзегін ойын шығарып, іші тегістеліп тазартылады. Тегістеліп болған соң, біріне-бірі желімделеді. Жұмырланып келген шанағынын сырты жылқы қылынан жасалған шашақпен әшекейленеді. Шашақ арнайы жасалған қайысқа бекітіледі. Ең алғаш керней аспабы "Қыз Жібек" фильміне қолданылған. Кейін керней Орта Азия халықтарында әскери музыкалық аспабы ретінде таралған. Атап айтсақ, өзбектерде — карнай, ұйғырларда — супнай, най деп аталады", – деді Арна.

"Бұл желбуаз аспабы. Көбісі біле бермейді. Сыртқы пішіні жағынан Шотландиядағы волынкаға ұқсайды. Кезінде ешкінің терісінен, кейде түрлі жануарлардың асқазанынан жасалған. Қарап тұрсаңыздар, екі жағында таяғы бар. Бірінші таяқтың ойығымен үрлеп, үрлеген теріні қолмен басып отырған. Ал екіншісінен дыбыс шыққан. Желбуазды көбінесе адам жерлегенде, қайтыс болғанда, қаралы хабар кезінде пайдаланған. Қазір қолданысқа ие емес. Желбуаздың қай өңірде таралғанын нақты айту қиын. Себебі бұл аспаппен ойналған туындылар біздің күнге дейін жетпеген. Тек жазбаша түрде қалдырылған. Желбуаздың дыбысы шыққанда әйелдер беттерін тырнап, жылаған деген аңыз бар", – деді ол.

Шулы музыкалық аспаптардың ішінде қоңырау бізге қызық көрінді.

"Қоңырауды қазақтар той-думан, қыз қуу кезінде өте жиі қолданған. Бұрын халық өнерпаздары халық әндері мен күйлерін сүйемелдеу үшін қолданған. Домбырашылар мен қылқобызшылар қоңырауды аспаптың басына, мойнына немесе шанақтың ішіне іліп қоятын болған. Сондай-ақ малды өріске жібергенде мойнына қоңырауды іліп, қай жерде келе жатқанын біліп отырған", – деді музей қызметкері.

"Қазақтың тұрмыс-салтында үні ерекше музыкалық аспаптың бірі – тұяқтас. Тұяқтастың дауысын тыңдасаңыз, шауып келе жатқан аттың дүбірі құлаққа келеді. Яғни бірінші тұяқты екінші тұяққа ұрған кезде аттың шауып келе жатқан дыбысы шығады. Мұны кәдімгідей аттың тұяғынан жасайды. Яғни тұяқты алып, суда қайнатады. Екі апта бойына кептіріп, ары қарай безендіреді. Мұны қазір барлық концерттерде пайдаланады, өте танымал аспап", – деді ол.

"Бұдан бөлек, зырылдауық, сақпан аспаптарын сілкіту арқылы малды өрістен қайтарған. Ал даңғара және кепшік аспабын егін шаруашылығында түрлі жануарлар мен құстарды қорқыту мақсатында пайдаланған", – деді Арна.

"Мына көріп отырғандарыңыз, "ортеке" деп аталады. Бұл музыкалық аспап емес, қосалқы аспап ретінде пайдаланады. Оның арнайы жібін қолына байлап, домбыра ойнайды. Қолы қозғалған сайын жіп тартылып, жануар қозғалып отырады. Ал қалған екі жануарды педаль арқылы басқарады. Ортеке театр қойылымы ретінде ойлап табылған", – деді ол.

"Адырна алғашқыда батырлардың басты қаруының бірі – садақ секілді болып, кейін келе бұғы, марал, киік, бөкен сынды аңдарға ұқсап жасалған. Қазақтың шертпелі аспабына жататын адырнаның дауысы арфаға ұқсайды. Оны тізенің үстіне немесе екі аяқтың ортасына қойып, иыққа тіреп, шертіп ойнайды. Қазір қару пішінінде жасалынған түрі көп қолданылмайды, алайда жануар пішіндес адырнаны оркестр құрамында байқауға болады", – деді музей қызметкері.

Залдағы медиаэкраннан атақты тұлғалардың түпнұсқа домбыраларымен күй тартқан күйшілердің бейнежазбасы көрсетіледі. Құлақ құрышын қандырар күйдің дыбысы ерекше сезімге бөлейді.

Арнамен бірге ұлттық аспаптар залын аралап болған соң, өзге ұлттың аспаптары қойылған залға кірдік.

"Музейге келген кез келген қонақ аспапты сый түрінде ұсынып, тастап кетуіне болады. Мәселен, өзге халықтардың аспаптары залында түрлі мемлекеттің елшілері біраз аспапты сыйға тартқан. Бұл залда Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұрстан, Тәжікстан аспаптары қойылған", – деді ол.

"Мәселен чанг  – өзбек, тәжік халықтарының ішекті-ұрмалы аспабы. Ішектері металдан жасалып, бас және дара ішектен басқасы үш-үштен біріктірілген. Ал артқы жағында тұрған өзбек, тәжік, қарақалпақ, ұйғыр халықтарының ішекті-ыспалы музыкалық аспабы – гиджак. Гиджакта халық әндері мен әуендері, аспаптық пьесалар, макомдар ойналады", – деді Арна.

"Жалпы өзбек, тәжік халқының аспаптарынан байқасаңыздар, әшекей бұйымдар таққанды жақсы көреді. Мұны олар тіл-көзден сақтану барысында қолданған. Әрі музыканттардың өздері де безендіру жағынан жарысатын болған", – деді музей қызметкері.

 

"Үнді халқының киноларынан жиі байқайтын ситар аспабын таныстырып өтейін. Бұл – көпішекті музыкалық аспап, үнді халқының классикалық музыкасын орындау барысында қолданылады", – деді ол.
 

"Бұл залдағы аспаптардың барлығы сыйға берілген. Бізге туристер жыл мезгіліне қарамастан, Үндістан мен Қытай, Австралия, Англиядан жиі келеді. Мәселен, қазір туристер сезоны басталды. Яғни күз, қыс, көктемде музейде қонақтар өте көп болады. Тіпті лауазымды адамдар да қонақ болып кетеді. Мысалы, осыдан бір ай бұрын Конгоның президенті келіп кетті. Алматы қаласының музейлер бірлестігі ұжымы жылына үш рет өзге мемлекетке шығып тұрады. Биыл Чехияға барып, 1 ай бойы көрме ұйымдастырдық. Сонда Абай Құнанбаевтың домбырасын қойдық. Алдағы уақытта Венгрияға бару жоспарда бар. Бұған дейін Ыстамбұл, Корея, Италияда көрме ұйымдастырдық. Жақында Якутиядан келген қонақтар көрме ұйымдастырып, бізге аспаптарды сыйға тартқан болатын", – деді Арна.

Алматы қаласы музейлер бірлестігі құрамында 8 қалалық музей қызмет етеді: Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д.А. Қонаев музейі, Д.А. Қонаевтың мемориалды пәтері, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Н.Тілендиевтің мемориалды музейі, А.Байтұрсынұлы музей-үйі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, Райымбек батыр музей кешені және Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркі. 

Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, музей жастарды, өскелең ұр­пақты тәрбиелеу негізі ретінде үлкен рөл атқарып келеді. 

"Рухани азық алмаған адам рухани дертке ұшырайды. Жас ұрпақты әдепті де са­налы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымыз­ды, дінімізді, ата-бабалардан қалған наси­хат-мұраларды жастардың санасына сіңіре білуіміз керек. Музейге келген жастар му­зейден өздеріне қажетті ақпарат алып, білімдерін толықтырады, рухани қуат алады. Демек, музей – өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттырып, елін сүю­ге тәрбиелейтін бірден-бір құрал екені сөзсіз", – деді ол.

Қазір бірлестік музейлерінің қорында 66 024 жәдігер бар. Биыл бірлестікте 2778 бірлік экспонат цифрландырылған.

"Қала әкімдігінің шешімімен биылдан бастап бірлестік музейлері оқушылар үшін тегін қызмет ете бастады. Музейлерге 8 айда (қаңтар-шілде) 60 370 оқушы тегін келген, бұл жалпы келушілердің – 60 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ атап өтетін жетістіктеріміз де көп. Биыл Алматы музейлер бірлестігі Түркі әлемінің "Ең үздік музейі" атанды. Сертификатты ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев табыстады. Одан бөлек, Оңтүстік Корея астанасы Сеул тарихы музейінің «Сеул ғажайыптары» көрмесін өткіздік. Алматы мен Прага музейі ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, Прага қаласында «Уақыт керуені» көрмесін аштық. Қазан айының басында Мажарстан елінде «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» көрмесін ұйымдастыру жоспарда", – деді Ләззат Сағындықова.

Музейге кіру құны – ересектерге 1000 теңге, шетел қонақтарына 1500 теңге, студенттерге – 500 теңге, зейнеткерлерге – 300 теңге, оқушыларға тегін. Қонақтарға музей қызметкерлері үш тілде, қазақ, орыс, ағылшын тілінде музейдегі жәдігерлерді таныстырады. Жыл соңына дейін 15 тілде аудиогид енгізу жоспарда. Қазіргі таңда қытай және түрік тілдері енгізілуде. 

Сұхбатымызды аяқтаған соң ғимаратқа кіреберісте шетелден келген туристермен жолығып қалдық. Олардың таңғалып, әрі тамсанған эмоциясын көріп, бойымызды мақтаныш кернеді. Ұлттық аспабымыздың мерейі қашан да үстем болса екен деген тілекпен ғимараттан шықтық.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз