Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға пана болатын ауыл бар

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға пана болатын ауыл бар

Павлодардан 220 шақырым жерде Кузьмино атты ауыл бар. Бұл ауылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашқан балалы әйелдер жаңа өмір бастайды. Олар қарапайым үйлерден тыныштық табады, болашаққа деген үміт отын қайта жағады.

Қонақтарды ауылға кіреберісте "Кузьмино" деген жазу қарсы алады.

"Ауыл жолдан көрініп тұруы үшін жанатын әріптер қойғымыз келеді", - дейді жергілікті тұрғын Айжан Қаркенова.

Ауылда көпшілік оны "Сен жалғыз емессің" жобасының авторы ретінде біледі, ол мұнда көшіп келген жалғызбасты аналарға көмектесіп қана қоймай, ауылға жаңа дем сыйлаған.

"Өзім үшін де, балаларым үшін де қорқыныш жоқ. Есік қағылған сайын қорқуды қойдым. Бұл жерде мені ешкім ренжітпейтінін білемін", - деп бастады әңгімесін 36 жастағы Айсұлу.

Ол Кузьминоға төрт баласымен көшіп келген. Бірнеше жыл бұрын ол күйеуімен бірге Алматы облысындағы өз үйінде тұрған, ерлі-зайыпты бала тәрбиелеп, болашаққа жоспар құрған. Бірақ бұл бақыты ұзаққа созылмапты... Айсұлудың күйеуі құмар ойынның торына іліккен. Алдымен ол жалақысын жұмсаған, кейін қарызға батып, үйінен айырылған, сөйтіп ішімдікке құмар болған.

"Жүкті болдым, ол ішіп алып ұратын, қорлайтын, үнемі айғай-шу болатын, балалар түнде "әкеміз келіп қала ма?" деп қорқып оянатын. Бірде бұдан әрі шыдай алмайтынымды түсіндім. Біздің ауданда бір әйел күйеуінің ұрып-соққанына көніп жүре берді де, кейін шыдай алмай, асылып қайтыс болды, үш бала жетім қалды. Мен де шегіме жетіп жүрдім, бірақ бар күшімді жинап, балаларды алып кетіп қалдым", - деп есіне алды әйел.

Айсұлу Алматыға жетіп, дағдарыс орталығында тұрған, бірақ күйеуі оны сол жерден де тауып алған. Кейін Қостанай облысына қашуға мәжбүр болған.

"Жергілікті тұрғындар бізді қабылдамады, "Ұят болады, неге балалармен жалғыз жүресің? Күйеуіңе бар" деді. Біз тіпті бір аптаға шыдай алмадық, кетіп қалдық", - дейді Айсұлу.

Айсұлудың Кузьминоға келуіне Айжан мен оның жұбайы Иззат Қамзиннің видеосы әсер етіпті. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желілерде қиын жағдайға тап болған балалы әйелдерді өз ауылдарына шақырған.

"Олар алтынмен аптаймыз деп уәде етпеді, керісінше бар қиындықты жайып салды, қыстың ызғарын да ескертті, өзіміз пеш жағып, қар тазалауымыз керек екенін, күзде, көктемде жол жоғын айтты", - дейді әйел.

Айжан мен Иззат ауыл өте кішкентай екенін де жасырмаған. Жергілікті көрнекі орындардан мектеп, ойын алаңы - өткен ғасырдан бері сақталған нәрселер ғана бар.

Бірақ осынша кемшіліктің арасында бір үлкен артықшылық бар. Қорқыныш көлеңкесінен шыққан әйелдер мұнда тыныштық табады, баспанаға ие болады.

"Климаты қатал, бірақ адамдары өте мейірімді. Мені бірден қабылдады, баспана берді, атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеуге көмектесті, жергілікті тұрғындар алғашқы күннен бастап көмектесе бастады, кейбіреулері азық-түлік, енді бірі жиһаз әкелді. Пеш жағуды үйрендім, мектепте тазалаушы болып жұмыс істедім, дүкен ашылған кезде сатушы болдым. Балалармен бірге тұрамыз, бақыттымыз. Ең бастысы - қауіпсіздік пен тыныштық", - деді Айсұлу.

29 жастағы Лизаның оқиғасы да осыған ұқсас.

"Бәрі болды: махаббат, сүйіспеншілік... Кейін балалар дүниеге келді. Оның маскүнемдігіне көз жұма қарадым, ақыл кіреді деп сендім. Бірақ жыл өткен сайын бірге өмір сүру қиындай түсті", – деді әйел.

Ол Кузьминоға былтыр келген. Лиза тек мектеп бітірген, бірақ оның қолынан кез келген жұмыс келеді.

"Мұнда келе жатқан кезде іштей қорқыныш болды, уайымдадым. Айжан қарсы алып: "Үйге қош келдіңіз" деді. Басында қорықтым, адам да соншалық көп емес еді. Бірақ біртіндеп үйрене бастадым, қазір тұрғындардың бәрі құдды туыстарым сияқты. 13, 10 және 7 жастағы балаларым оқитын мектепте жұмыс істеймін. Балалардың әкесі көмектеспейді, алиментке арыз бергім келді, бірақ ол жұмыс істемейді. Мұнда Владимирмен таныстым, балалар да оны жақсы көріп кетті, ол да балаларға барын береді", - деді Лиза.

Лизаның үйі мектептен екі аттам жерде. Оның жаңа баспанасы жанға жайлы, душ, теледидар - керектің бәрі бар.

"Жақында қаз алдым, болашақта тағы бір мал сатып алғымыз келеді, өз шаруашылығымызды дамытсақ дейміз. Маған бұл жақ қатты ұнайды, Кузьмино - менің бақытым деп үнемі айтып жүремін, осында өмір сүргім келеді", - дейді әйел.

Жыл басында ауыл тағы бір отбасымен толыққан. 35 жастағы Елена да үш баласымен осында көшіп келген. Тұңғышы биыл жергілікті мектепте тоғызыншы сыныпты бітірген, енді Павлодардағы колледжде оқуын жалғастырмақ.

"Өмірімде алғаш рет баспаналы болдым. Өзім ауылдың қызымын, шаруашылықтың бәрі қолымнан келеді. Шаштараз мамандығында оқыдым, бірақ оны тастауға тура келді. Бұл жақта құстарға күтім жасайтын жұмыс ұсынды. Жаңа нәрсені байқап көру өзіме де қызық", - дейді Елена.

Әйел күйеуімен әлі ажыраспаған, бірақ оған оралғысы келмейді.

Бірақ кейбір әйелдер Кузьминода бірнеше ай тұрғаннан кейін күйеулеріне оралады екен.

"Оларды ұстамаймыз. Бір әйелдің күйеуі келіп, осы уақыт ішінде бәрін ой елегінен өткізіп, отбасы керек екенін түсінгенін, әйелі мен балаларын қайтарғысы келетінін айтты. Тағы бір әйел әпкесіне кетті, бірақ жақында қайта оралды. Бізге келгенге дейін ол құлдықтағыдай өмір сүрген, шалғай жерде 20 сиыр сауған", - дейді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету жобасының негізін қалаушы Айжан.

Тағдырдың теперішін көрген әйелдердің жылы ұясына айналған Кузьмино бір жыл бұрын жойылып кетуі мүмкін еді. Тіпті 200 орындық жергілікті мектепте бір ғана оқушы қалған.

Енді жергілікті мектептің директоры Ләззат Симон алдағы 10 жылда мектеп жабылмайтынына сенімді.

Дереккөзі, суреттер: Tengrinews.kz/Анна Уралова