Қазақстанда 23 адам тұратын ауыл бар

Қазақстанда 23 адам тұратын ауыл бар

Ақтөбе облысында 23 тұрғын қалған ауыл бар. Ауылдағы мектепті әлдеқашан жапқан, дүкен деген атымен жоқ, ал қыста жедел жәрдем ауылға жете алмайды, өйткені жолдарды қар жауып тастайды. Осынша қиындыққа қарамастан, қарттар жағы Ақсаздыдан көшкісі келмейді. 

Ауыл облыс орталығынан небәрі 25 шақырым жерде орналасқан, бірақ жету оңай емес. Мұнда 13 үй мен 23 тұрғын қалған.

Ауылдың жолдары әбден бұзылған, көктем мен күзде батпаққа айналады, ал қыста қар бітеп тастайды. Соңғы рет кеңес заманында жөнделген.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Diana Alina (@diana.alina.50552)

Біреу ауыра қалса, тұрғындар жедел жәрдемді көрші ауылдан шақырады. Бірақ қыста дәрігерлер Ақсаздыға жете алмайды.

"Қыста бір тұрғын ауырып қалып, ТЖМ арнайы техникасын шақыруға тура келді. Кәдімгі көлікпен жете алмайсың. Өзімізде амбулатория да жоқ", - дейді жергілікті тұрғын Гүлнар Сарқұлова.

Ақсаздыдағы мектеп 2016 жылы жабылып қалған. Содан кейін тұрғындар бұл жақтан көшіп кеткен. Негізінен қарттар жағы қалған, олар үшін бұл жер - Отан.

"Қыста балаларым қалаға алып кетеді. Өйткені бірдеңе бола қалса, мұнда жете алмайсыз. Бірақ жазда қайта ораламын. Мұнда ауа таза. Жол болса, ешқайда кетпес едім", - дейді 91 жастағы Николай Карпов.

Дүкендер, газ құбырлары, су құбырлары. Ауылда мұндай ештеңе жоқ. Тұрғындар суды құдықтан алады, пешпен жылынады, зейнетақыны Ақтөбеден немесе жақын ауылдардан алып, керек-жарағын да сол жақтардан сатып алады.

"Жазда жол бар, далалықпен жүруге болады. Ал көктемде және күзде жағдай қиын", - дейді ауыл тұрғыны Галина Сезова.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Diana Alina (@diana.alina.50552)

Үшқұдық ауылдық округінің әкімі Берік Ақдәулетов айтуынша, билік Ақсазды тұрғындарына жақын жердегі Жерұйық ауылына көшуді ұсынған. Ол жақта 60 үй, асфальт, мектеп, байланыс және инфрақұрылым бар. Бірақ халық бас тартқан көрінеді.

"Оларға көшуді ұсындық, бірақ ешкім көшкісі келмеді. Олар: "Бұл - біздің үйіміз. Осында туып-өстік, осында өмір сүргіміз келеді" дейді", - деді жергілікті әкім.

Ауылдағы жолды жөндеуге не кедергі? Шенеунік былай жауап берді:

"Жолдың аудандық маңызы жоқ, сондықтан жөндеу жұмыстары қарастырылмаған. Кеңес заманынан бері жасалмаған", - деп түсіндірді Үшқұдық ауылдық округінің әкімі.

Тұрғындар осындай қиындықтарға қарамастан, туған ауылынан кеткісі келмейді. Мұнда олардың түп тамыры, өткені мен естелігі жатыр. Бірақ Ақсаздының болашағы бар ма, оны тұрғындардың өздерінен басқа біреу есіне түсіре ме, жоқ па? Бұл жағы белгісіз.

Суреттер: Tengrinews.kz

Айта кетейік, екі жыл ішінде Қазақстан картасынан 80 ауыл жойылған. Ал кейінгі 10 жылда елде 600-ге жуық ауыл жойылып кетті.