"Қазақстан оны ұмытпайды". Алматыда Талғат Мұсабаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті
Алматыда офицерлер үйінде ғарышкер Талғат Мұсабаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
Қоштасу рәсіміне Талғат Мұсабаевтың туыстары, жақындары, әріптестері мен достары, сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері жиналды.


Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыды. Мемлекет басшысы хатта Талғат Мұсабаев қайтыс болуына байланысты көңіл айтып, оны өз елінің патриоты деп атады.

Ерлан Қарин Талғат Мұсабаев ғарышты үш рет бағындырып, Қазақстанның атын шығарғанын және отандық ғарыш саласы дамуына елеулі үлес қосқанын айтты.

Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров те Талғат Мұсабаевтың қазасына байланысты көңіл айтты.
"Қазақстан оны ұмытпайды", - деді Тоқтар Әубәкіров.

Ғарышкер Талғат Мұсабаев Кеңсай зиратына жерленеді.


Еске салайық, 2025 жылы 4 тамызда ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден өтті.
Суреттер: ©Tengrinews.kz / Никита Данилин
Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол - кеңестік және қазақстандық ғарышкер, саяси қайраткер, Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы (2008), авиация генерал-лейтенанты (2007). Талғат Мұсабаев Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттiгінің төрағасы (2007-2016) және ҚР Парламенті Сенат депутаты (2017-2023) болды.