Қазақ, қайда барасың?

Қазақ, қайда барасың?

Мейірім – жаратылысты уыздай ұйытқан ең басты құндылық. Мейірім болмаса, күллі әлем мағынасыз өмір сүрер еді. Өйткені ғаламдағы барлық нәрсе мейірімнен жаратылған және мейірім саясында белгілі бір тәртіп пен үйлесім арқылы мән табады. 

Тарихшыларымыз бен жазушы­ла­рымыз, этнографтарымыз «Қазақ халқы – та­би­ғатынан мейірімді, жомарт халық» дегенді жиі ай­тады. Расында, қазақтың жомарттығын дә­лелдейтін деректер жетіп-артылады. Қазақтың бойында сол бұрынғы мейірімі мен жомарттығы әлі күнге бар екенін білмек болып тәжрибелік сынақ жүргізген болатынбыз. 

Ең алдымен бізге көмектесу үшін актер таңдап алдық. Еш алаңсыз саябақ ішінде келе жатқан Нұрқанаттың жағдайы бірден нашарлай түсіп, жүруге шамасы болмай қалады. Осы кезде Нұрқанаттың айналасынан өтіп жатқан адамдардың іс-әрекетін байқамақпыз. 

Түсірілімді Саяхат мешіті маңындағы саябақтан бастадық. Алғашында адам аз болды, бірақ біраз уақыттан соң адам қарасы артып, саябақ іші қыза түскендей.

Қазіргі таңда қала тұрғындарының көпшілігінде күнкөріс деңгейі төмен. Сондықтан таңның атысымен жұмысқа асығып, ақша табуға тырысады. Телефонын құлағына қыстырып мойын бұрмастан өтіп кетті.  Бұл кісілер асығыс бара жатқан болар деп көп мән бермедік.

Енді бірі тіпті алдындағы адамға қараған да жоқ. Екеуара болып жатқан әңгімелері қызық болды ма, әлде көрсе де байқамағандай өте шықты ма белгісіз. Біз бұл кісілер байқамаған шығар деп, ары қарай жалғастырдық.

Нұрқанат дұрыс жеткізе алмай жатқан болар деп, түрін аянышты етіп, барынша ауру адам болуын сұрадық, мұнымыздан да нәтиже жоқ. Тіпті адамдардың алдына да дәл алдына шығарып көрген едік, олар айналып өтіп, кете берді. Ана мейірімі шексіз, ана барлығын да өз баласындай көреді демеуші ме еді? Бұл кісілерге қандай сылтау айтарымызды білмедік. Өзіңіз ойланып көріңіз.

Саябақ ішінен ағылып жатқан жандардың, біз кезіктірген 20-сынан біреуінің мойын бұрып қарағаны бізді қатты қуантты. Дегенмен мойын бұру көмектесу емес. Барлығын ақтап шығар болсақ, сылтау да таусылатын тәрізді. Егер осы жерде ерлер үшін бір жақсы көліктің, әйел қауымы үшін әдемі көйлектің суреті ілініп тұрса қаумалаған адамнан көз ашпас едік. Ауылда аталарымыздың айтып отыратын ақыл өсиеттері қалаға келіп ұмыт болатынына көзіміз жеткендей. Халқымыздың бойындағы жомарттық пен мейірімді өткен шақтың құндылығына жат­қызғанымыз дұрыс болар.

Әрине, барлық адам және оларға берілген тәрбие де бірдей емес. Арамызда үлкендердің өсиетін жадында сақтап, қайда жүрсе де қол ұшын беруге дайын азаматтар да бар екен. Бұл азаматты жолықтырғанда қатты қуанып, тіпті қолын алдық. Айжарқын есімді бұл жігіт үзілген үмітімізді қайта жалғап кете барды.

Мейірімді адамдарды іздеп, орталық саябаққа келдік. Адам қарасы көп болғанымен мейірімдісі мұнда да жоқ сияқты. Мойын бұрмастан кете барған бейнелер. Түрлері бөлек болғанымен қимылы бір. Әттең сол қимылдары жақсылыққа бағытталса бізден бақытты ел болмас па еді?

Өз балалары бар аналар Нұрқанаттың хәлін біліп, жағдайын түсінгендей. Орындыққа отырғыза сала жедел жәрдемге қоңырау шала бастады. Біз бұл жай түсірілім екенін айтып, әрең деген де тоқтаттық. Осындай мейірімі шексіз ананың шуағына тойып өскен балаларының да болашақта қамқор болып өсері хақ.

«Менің ойымша, алдағы 5-7 жылдың ішінде біздің үстеліміздің үстіндегі барлық темірлер қоқысқа тасталады. Бүкіл әлемде темір шығаратын зауыттардың барлығы қайта бейінделеді. Өйткені, біз бүгінгі күні жаңа өтпелі кезеңдегі техникалық революция алдында тұрмыз. Қазіргі таңда жаңадан пайдаға асып жатқан «i-Pad» секілді басқа да қолымызға түскен планшеттердің бәрі ақпараттық технологиялардың құрылымын түбірімен өзгертеді», - деді К. Мәсімов. Бұл жағдай тек технологияны ғана емес адамды да түбегейлі өзгертетін тәрізді. Айналасында не болып жатқанына да мән бермейді.

Жақсылық жасау жасқа қарамайды. Жаны қиналып қасыңда келе жатқан адамның хәлін сұрап, көмек беріңіз. Сіздің бұл ісіңізден ауырған кісі жазылып кетпесе де, сол қиналған сәттегі сіздің жасаған жақсылығыңызды өмір бойы есінде ұстайды.

Адам адамға жақсылық жасау үшін жаралған. Жақсылық пен игі іс жасау - үлкен адамгершіліктің белгісі. Басқа адамдарға көмектесіп жүрген көптеген абзал жандар бар. Бірақ олардың аз болғаны сіздердің де көңілдеріңізді қозғап, ойландырып отырған болар?

Өзгенің нашар қылығына кешіріммен қарау да жақсылықтың нышаны. Өйткені тек кешіріп қана қоймай, оған жақсылық жасау әлгі кісінің көңілін жаулап, жақсылыққа деген махаббатын оятады. Бұл әрекеттің жағымды нәтижесі мол. Сізге де қиналған шағыңызда қол ұшын бермеген кісілер болса кешіріммен қарап, сізден көмек сұрағанда аянып қалмаңыз.

Ашу мен қаһар, шын мәнісінде, адамның бойындағы әлсіз және жағымсыз қасиетке жатады. Ал жақсылық сүйгіштік пен биязылық жұрттың көңілін жаулап алатын, сол кісі жайлы жылы пікір қалыптастыратын қасиеттер. Аталған жақсы және жаман қасиеттер тайталасқа түскен сәтте жаман қасиетті емес жақсы қасиетті таңдап, соның айтқанымен жүретін адамдар айтарлықтай аз. Ал жақсы қасиет пен жаман қасиеттің бір деңгейде еместігі тағы талассыз.

Бұл әжей Нұрқанаттың күйін көріп: "Балам қайда тұрасың, әке-шешең қайда?" деп жан ашырлықпен хәлін сұрап, ауырып тұрған баланы тастап кете алмай біраз тұрды. Бұл әжейдің ауырған адаммен бірге қиналып тұрғанын көрген біз әжейдің заттарын көтеріп саябақ маңындағы үйіне қарай жол тарттық. Жолда әжейден әңгіме сұрап, балалары туралы сөз еттік. Немерелерімен қуанып жүрген бақытты әже екенін айтты. Бірақ қазіргі жастардың мейірімсіздігіне күйзеліп, бізге сәл жымыйып: "Жастар, сендер қайда кетіп барасыңдар?" деп қоштасып, үйіне кіріп кетті. Барлығын баласындай көретін нағыз мейірбан аналар осы әжелеріміз екеніне көзіміз жетті. Өкініштісі осындай асылдарымыздың күн санап азаюы бізді қынжылтады.

Құрметті оқырмандар! Арамызда жүрген мейірімді адамдардың аз екеніне сіздердің де көздеріңіз жеткен болар? Барынша жақсылық жасауға асығыңыздар.

Сурет: Massaget.kz