"Қашпау керек еді". Полиция қызметкерлерімен бірге түнгі рейдтен репортаж

Патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы түрлі қиындықтарға толы. Жолда ана мен балаға көмектесіп, алғысын алып, көтеріңкі көңіл-күйде басталған жұмыс күнінің өмір мен өлім арпалысымен бітетінін кім білсін?!  Бұл түнгі рейдке бірге шыққан экипаж мүшелерінің әсерлі оқиғасы. Толығырақ Massaget.kz тілшісі баяндасын.

Ауа райы жаңбырлы, біршама орын жұмысын тоқтатып қойған.

Бірақ бұл полиция қызметкерлеріне сылтау емес. Сол түні біздің журналистік топ Бостандық ауданындағы патрульдік топқа қосылып, олардың жұмысын іштен көріп, ең қызық сәттерді бейнеге түсірді. 

Алматының жаңбыры үстіңнен шелектеп су құйғандай бірнеше секундта малмаңдай етеді. Соған қарамастан біз келген аудандық басқарманың алдында халық қарасы әлі сирей қоймаған. Бір орында осыншама қызметтік көлік пен формадағы адамдардың шоғырын көргенде оқыс оқиға болғандай беймаза күйге түсесің. Бірақ жылы жүзбен қарсы алған офицердің байсалды кейпі бәрін сейілтті.

Бізбен бірге түнгі рейдке Аға лейтенант Бектұров пен Аға лейтенат Рысқанов Аян шықты. Олар Бостандық ауданы бойынша 56, 57, 58 нөмерлі аумақтарды аралайтынымызды жеткізді. Экипаж нөміріміз "Боран-129". 

- Ғабдуллин- Әуезов жол-көлік оқиғасы
- "Боран-129" байланыста
- 129, айта беріңіз
- Жол-көлік оқиғасы Ғабдулин - Әуезов бойынша кері байланыс сұраймыз
- Телефонын айтамын жазып алыңыз +7 700 .....
- 129, түсінді

"Қашпау керек еді"

Қызметтік көлікке отырып үлгерместен алғашқы шақырту да түсті. Сырттағы нөсер жаңбыр да, себелеп барып тоқтауға таяу. Оқиға орнына келсек, тұрақта тұрған көліктің артынан соғып, кінәлі қашып кетіпті. Көлік иесі оқиғаның шамамен 19:00-20:00 арасында болғанын айтады. Досымен дәмханада тамақтанған ол жағдайды алдыңғы әйнекке қалдырылған өз көлігінің нөмерін көргенде бір ақ байқаған. Соққыдан көлік нөмірі құлап, артқы бамперге зақым келген.

Полицейлер тез арада өлшем алып, хаттама толтырды. 

"Ғабдуллин - Әуезовте жол көлік оқиғасына келдік. Бұл жағдай 610 баптың 1 бөлігі бойынша және 611 баптың 2 бөлігі бойынша рәсімделді. Яғни, жол қөлік оқиғасына қатысы бар екінші тараптың қашып кетуі бойынша. Сызба өлшемдері жасалды. Іске қатысты енді көлік егесіне іздеу бөлімінен 3 күн ішінде хабарласады" , - деді Аға лейтенат Бектұров.

Көлік егесі полицейлердің жұмысын оң бағалады. Бірақ қашып кеткен жүргізушіге біз арқылы сәлемін жолдады.

"Мәселені екі жақты келісіммен-ақ шешуге болар еді. Асығыс болсаңыз, алдыңғы әйнекте телефон нөмерім жазылып тұр. Енді заң алдында жауап бересіз. Қашпау керек еді" , - деді көлік иесі Дастан.

Келесі шақырту да көп күттірмеді. Байтұрсынов көшесінің оңтүстік бағытында Lexus және Bentley автокөлігі соғысып қалған.

"Кінәмді мойындаймын"

Екі бірдей қымбат көліктің бір-біріне қатты соқтығыспағаны көрініп-ақ тұр. Дегенмен, келтірілген шығын көлемі миллион теңгенің айналасы. Оқиғада Bentley автокөлігі кінәлі екен. Жүргізушісі де оны мойындап отыр. 

"Байтұрсынов көшесінің оңтүстік бағытында кептелісте тұрғанмын, Bentley автокөлігі менің жолағымнан көрші жолаққа ауысып бара жатты. Дегенмен, көлігіндегі техникалық мәселеден ол артқа жүріп кетіп мені соқты. Bentley жүргізушісі де оны мойындады" , - дейді Lexus жүргізушісі

 Полиция оқиғаны тіркеудің стандартты процедурасын жүргізді.

Жол көлік оқиғасын сызбаға түсіру сәті

Хаттама толтырып жатқан полиция қызметкері

Зақымдалған көліктер

"Жүргізушілер кінәсін мойындамаған жағдайда екеуін де айып тұрағына қоятын едік. Бұл жағдайда Bentley жүргізушісі айыбын түсініп тұр. Жағдайды ресми тіркеп, хаттама толтырдық" , - деді аға лейтенат Рысқанов Аян.

Батырдың аты өлмейді

Жол көлік оқиғасын бір жақты етіп, келесі шақыртуды күтіп, қалаға патруль жасап жүрген кезде офицерлермен тілдесіп, аға лейтенант Бектұровтан бастан өткен оқиғаларын сұрап көрдік. 

- Қызмет бабындағы ең қиын шақырту қандай болды?

- Әріптесім болған, аға лейтенант Мұсабаев. 102 пультіне хабарлама түсті. Керемет тұрғын үй кешенінде бойжеткен қыз 5-қабаттан секірмек екен. Өз пәтерінің терезесінен шығып тұрған қызды біз де байқадық. Бойды қорқыныш биледі. Өзіміз үшін емес, бойжеткен үшін. Үлгерер ме екенбіз, секіріп кетпеспе екен деп... Бірақ әріптесім жоғарыдан жіппен түсіп, дер кезінде құтқарып үлгерді.  

Ол кісі қайда қазір?   

 - 1 сәуірде қайтыс болды. Аяқ асты дерт шалып, кете барды. Тағдырдың жазмышынан озмыш жоқ қой.

Осы сәтте көшеде қол арбасы аударылып қалған ана мен баланы көріп қалдық. 

Офицерлер қарап тұрмады. Бірден ана мен балаға көмекке асықты. Бақытымызға орай, зардап шеккендер жоқ. Сұрай келе түсінгеніміз такси шақыртып, шығып бара жатып, құлап қалған көрінеді. Әйел адам полиция қызметкерлеріне алғысын жаудырып жатты.

"Кінәмді мойындамаймын"

Абай көшесінде жол ережесін бұзған мопед жүргізушісін тоқтаттық. Алғашында жүргізуші хаттамаға қол қоюдан бас тартқанымен, полицейлердің түсініктемелерінен кейін ол келісті.

- Хаттамаға қол қоймаймын.

- Келіспейтін болсаңыз, онда мопедіңізді айып тұрағына қояйық. Сіз жол ережесін бұзып отырсыз. Оның дәлелі де, куәгерлер де бар.

"Абай даңғылымен шығыс бағытында келе жатып, Байтұрсынов көшесі қиылысына жетпей, мопед тоқтылды. Мопед жүргізушісіне ағымдағы жылы 3 айдың 12 күні 615 баптың 1 бөлігімен хаттама толтырылған. Қазіргі таңда 615 баптың 3 тармағы бойынша, яғни бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанғаны үшін хаттама толтырып бердік" , - деді аға лейтенант Бектұров.

Полиция қызметкерлері бізді мопед жүргізушілеріне полициядан қашпауды хабарлауға шақырды, себебі бұндай әрекеттің соңы апатқа әкелуі мүмкін. 

"Мүмкін соңғы отырыс"

Көп уақыт өтпей рация қайта шулап қоя берді. Сатпаева, Масаншы көше қиылысынан шақырту келді. "Жастар шулап жатыр" деп тұрғындар арызданып жатыр екен. 

Себебін сұрау үшін, қалың топтан бір жігітті сөзге тарттық. Әңгімесін тыңдай келе студенттік шығымыз есімізге түсіп кетті.

"Бүгін диплом алдық. Салтанатты шарадан шығып, таза ауамен жүріп, өткен-кеткенді еске түсірсек дегенбіз. Өйткені университетті тәмәдадық, бұл біздің мүмкін соңғы отырыс. Дауыстарымыз кей естеліктерді еске түсіре мәре-сәре болғанда қатты шыққан болар.  Тұрғындардан кешірім сұраймыз"  , - деді топта тұрған балалардың бірі. 

Бірақ, заң бәрінен жоғары.

"Оқиға орнына келдік. Ақпарат расталды. 437 баптың 1 бөлігімен, сағат 22:00-ден тыныштықты бұзу бойынша 2 адамға әкімшілік хаттама толтырдық" , - деді аға лейтенант Бектұров.

Қорқорға рұқсат жоқ

Патрульдік аумақты аралап жүріп, қорқордың түтінін будақтатқан дәмханаға шақырту алдық.

Дәмханада адамдар тобы тәртіп бұзып отыр екен. Оларға полиция қызметкері 441 баптың 1 бөлігімен қоғамдық орында қорқор тартқаны үшін әкімшілік хаттама толтырып берді.

Қоғамдық тәртіп бақылауда

Экипаж "Буран 129"

 Аға лейтенат Рысқанов

Аға лейтенат Бектұров

Мамандар күнделікті кезігетін түрлі жағдайлардан жиналған стресті жұмыс уақытынан тыс уақытта отбасының қасында болу арқылы, кітап оқып, сүйікті іспен шұғылданып шығарады екен. Мысалы аға лейтенант Бектұров жылқы малын қатты жақсы көреді екен. "Жылқыны баптап, кең далада көсіле шапқанға жетері жоқ" дейді.

Патрульдің жұмысы өте күрделі және жан-жақты болып шықты. Полиция қызметкерлерінің қандай жағдайларға тап болып, қала тұрғындарына қалай көмектесетінін көрдік. Ел тыныштығы үшін шапқылап жүрген офицерлердің абыройы тасып, мерейі өсе берсін дейміз. Ел аман, жұртыш тыныш болсын!



Бөлісу: