"Картадан қарасаңыз, шығыстың шығысында тұр": Қазақстанның ең суық ауылында 18 шаңырақ тұрады

"Картадан қарасаңыз, шығыстың шығысында тұр": Қазақстанның ең суық ауылында 18 шаңырақ тұрады

Біреу Қазақстанның Швейцариясы дейді, енді біреу жұмақ мекен дейді. Қалай десек те, Шығыс Қазақстанның табиғаты таңдай қақтыратыны рас. Шығысқа арнайылап ат басын бұрған танымал ерлі-зайыпты блогер Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы да мұны растайды. Алайда олар бұл жолы шығысты өзге қырынан көрсеткен. Дәл Оралхан Бөкей шығармаларының ізімен жүріп өткендей...

Ерекше контентімен желіні жаулаған жұппен тілдесіп, бұл жолғы сапардың ерекшелігін сұрадық. 

Ернар Алмабектің айтуынша, бұл - Қатонқарағай ауданына төртінші рет баруы. Әр сапарда Оралхан Бөкейдің ауылына соғуға тырысады екен. 

"Осы уақытқа дейін барған кезде ауыл жайлы видео контент түсіргенмін. Ал Жазираның Шығыс Қазақстанға алғаш рет баруы. Керемет әсер алдық, ауыл өте тамаша. Шыңғыстай деген таудың баурайында, өзеннің жағасында орналасқан әдемі бір ауыл. Халқы да қонақжай. Көбіне бұл ауылға Оралхан Бөкейдің музейі үшін барады ғой. Шығармаларын оқып, табиғаты мен адамдарын танығаннан кейін ол ауыл бізге өте ыстық. Сондықтан барған сайын ерекше сезіммен барамыз. Ауылды көрген кезде бір толқыныс болады. Оралхан Бөкей есіңе түседі. Алтайға барған кезде өз басымыз Алтай мен Оралхан Бөкейді қатты байланыстырамыз, біз үшін екеуі - егіз ұғым. Бізге Алтайды таныстырған, оған ғашық еткен Оралханның шығармалары ғой. Сондықтан біз үшін ол кісінің ауылына бару өте маңызды болды. Одан кейін Оралхан Бөкейдің музейіне бардық. Музейі өте керемет. Ерекше жасаған. Ішіндегі атмосферасы адамды 50-60-жылдарға жетелеп әкетеді. Үйдің іші бұрынғы күйінде сақталған. Кейбір жерлеріне реставрация жасаған шығар, бірақ адамға жылы сезім сыйлайды", - деді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yernar Almabek (@yernar.almabek) 

Саяхатшының сөзінше, осы жолғы сапарда иелерін білмейтін, таныс емес үйлерге қонақ боп түскен.

"Биыл қызық эксперимент жасадық. Қонақүйге жатпай, ауылдарға құдайы қонақ боп түсіп жүрдік. Оралхан Бөкейдің ауылында бізді екі үй күтіп алды. Екі үйге құдайы қонақ боп түсіп, екі-үш күн сол жерде қонып, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстық. Ұнады, ерекше әсер алдық", - деді ол.

Ернар Алмабек биыл шығыстан қандай ерекшелік байқағанын да айтты:

"Қазақстанның әр өңірінің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Аралап жүргенде неше түрлі қызық жайттарға тап боласың. Әр жақтың өз мәдениеті бар. Тілінде, дәстүрінде болсын, ерекшелік өте көп. Басқа өңірлерге қарағанда нақты бір ерекшелікті баса айту қиын шығар. Қазаққа тән ортақ бір ерекшелік бар, ол - қонақжайлық. Қазіргі заманда біреудің үйіне тұрмақ, танысың мен туысқаныңның үйіне бару қиындап кетті ғой. Ол жақта бейтаныс адамдарға құдайы қонақ боп түстік. Ешкім бізге "кет" демеді, күтіп алды, тамағын беріп, әңгімесін айтты. Шығысқа барған кезде ерекше бағалайтын нәрсеміз осы болды".

Әр өңірдің дәмі демекші, шығыстың дәмі тіпті бөлек. Мұны блогер ерекше атап өтті:

"Шығыстың тағы бір өзгешілігі: ол жақ орманды жер болғандықтан, орманнан шығатын неше түрлі өнім бар. Қатонқарағайда керемет дүкенге соқтық. Ішінде бал да, балқарағайдың дәні де сатылады. Неше түрлі шөптен жасалатын дәрі-дәрмек, сабын, иіссу деген сияқты нәрселер де бар. Тіпті балдан жасалатын кремдер де бар екен. Сол жайлы видео да түсірдім. Негізі бүкіл Қазақстанға таратып, сататындай дүние екен деген ой түйдік".

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yernar Almabek (@yernar.almabek)

Саяхатшы ерлі-зайыпты ең суық ауылға да сапарлаған. Блогердің сөзінше, ол - Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында орналасқан Шанағатты деген ауыл.

"Біз барған кезде -58 деген температура тіркелді. Жергілікті жұрт "үш күн қатарынан -56 болды" деді. Электрон термометр -58-ді көрсетіпті. Көп адамның термометрі істен шыққан, өйткені өте суық болған. Ол ауылға біз суықты іздеп бардық. Рекорд көрсеткіш 60-жылдардың соңында -62 боп тіркелген", - деді блогер.

Ернар Алмабектің айтуынша, Шанағатты ауылына жету оңай емес, қиыр шығыста, Қазақстан мен Қытайдың шекарасында орналасқан.

"Картадан қарасаңыз, тура шығыстың шығысында тұр. Қатонқарағай ауданында Аршаты деген ауыл бар, сол Аршатымен теңдей тұр. Бірақ Шанағатты Марқакөл ауданында. Ауылда 18 шаңырақ бар және 59 адам тұрады екен. Өздерінің айтуынша, халқының жағдайы жаман емес. Суы тартылып жатыр, биыл үйге кіргізеді, газ жоқ, жарығы бар. Ұялы байланыс жақсы, әр үйде интернет бар. Отын жағып отырған ауыл. Бірақ мектебінде бес-ақ бала оқиды екен. Бастауышта бірінші сыныпта екі бала оқиды. Екінші сыныпта мүлдем жоқ. Үшінші сыныпта екі бала. Төртінші сыныпта бір бала. Бестен жоғары қарай 25 шақырым жерде орналасқан ауылдық округ орталығы Төсқайың деген ауылда оқиды. Интернат сияқты сол жақта жатып, аптасына бір рет үйіне келіп кетеді", - деді ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан саяхатшы.

Блогердің сөзінше, ауыл халқы көбіне мал бағып, тұрмыс кешеді.

 

"Ой, нашар" деп айтқан адамды көрмедік. Бәрі ауылдарын мақтап жатыр. Адамдар көшіп келсе екен дейді. Бұрын 120 шаңырағы бар үлкен ауыл болған екен. Қазір 18 үйге дейін түсіп кетіпті", - деді Ернар Алмабек.

Сұхбаттасқан: Руслан Базарбаев, Жансая Қадыржанова

Суреттер: Ернар Алмабектің жеке архивінен