Қарағанды облысында дала өрті өршіп, екі адам ауруханаға түсті

Қарағанды облысында дала өрті өршіп, екі адам ауруханаға түсті

Қарағанды облысында табиғи өрт шығып, бірнеше ауылдың тұрғындарын әбігерге салды. Өңір әкімдігі төтенше жағдайға байланысты ахуал тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылы маңында әуеден барлау жұмыстары жүргізіліп, жаңа өрт ошақтары анықталмаған.

"Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайды бақылау, күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіру мақсатында облыстық ТЖД-да жедел штаб жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат кеңесі барысында ТЖД бастығы мен аудан әкімдерінің баяндамаларын тыңдаған.

"Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында дала өрті тіркелді. Өрт ошақтарын оқшаулап, толық сөндіру, сондай-ақ, елді мекендерді қорғау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың күштері, құралдары жұмылдырылды. Оқиға орнына 620 адамнан тұратын жеке құрам және 134 техника жіберілді. Төтенше жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр", - деді ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.

Оның айтуынша, өртті сөндіруге қатты жел қиындық туғызып отыр. Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам медициналық көмекке жүгінген. Бірінің денесінің 10 пайызын, екіншісінің денесінің 20 пайызын күйік шалған.

Қазір екеуі де ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Суреттер: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусиннің айтуынша, Жаңатоған ауылы маңында өртке қарсы жұмыстарға екі топ тартылған. Барлығы 159 адам мен 52 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, Бесоба ауылы маңындағы қыстауларда шыққан үш өрт толық сөндірілген.

Әкімдік мәліметінше, Ақтоғай және Шет аудандарындағы жағдай тұрақты, ахуал толық бақылауда, табиғи өрт ошақтары сөндірілген.

"Аптап ыстық пен қатты желге байланысты өрт қаупі әлі де сақталады. Сондықтан жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажет", - деді өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!