"Қара баланың" Дара дәмханасы. Tik-tok арқылы танылған лағманшы
Ерте-ерте, ертеде сахара төрінде қазақ, ұйғыр, дүнген жолығып қалыпты. Қазақтың қоржынынан ет, ұйғырдан ұн, дүнгеннен көкөністер шығыпты. Сосын қазақ етін турап, ұйғыр қамырын илеп, дүнген көкөністерінен ерекше тағам дайындапты. Артынан ақылдаса отырып оны "Лағман" деп атапты. Содан үшеуі үш жаққа кеткен. Сол күннен бастап үш ұлт өз деңгейінде лағманды дамытып келеді екен...
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз лағман дайындауда 10 жылдық тәжірибесі бар – Баяшат Әлібек. 1997 жылы Қытайдың Тоғызтарау ауылында туған. 2018 жылы Алматыға келген. Әлеуметтік желіде "Қара бала" деген атпен танылған. Қазірде "Дара бала" атты дәмханасы бар. Атасының қолында өскен. Отбасылы.
Қытайлардың арасында "Жаужүрек" атты самсам танымал еді
"Алматыға келудегі себебім болашағыма алаңдадым. Әйтпесе, ол жақта да кәсібім болды. Шағын самсаханам бар еді. Қытайлардың арасында "Жаужүрек" атты самсам танымал еді. Сол кәсіпті тастап осында келдім", - дейді Баяшат.
Кейіпкеріміз Алматыға ешқандай таныссыз, туыссыз жалғыз өзі келген. Алғаш үлкен қалада қиын болғанын айтады.
"Ақшам да жоқ еді. Бір шабаданмен келдім. Тек қана болашағым мен өнеріме сендім. Осында бір кәсіп ашам деп ойладым. Сол арман жетелеп, Алматыға алып келді", - дейді ол.
"Алғаш келгенде сөйлесу, адамдармен қарым-қатынас құру қиын болды. Бұл жақта басқаша сөйлейді екен. Диалект бір емес. Оның үстіне адамдардың ойлауы да бөлек. Бірақ қиындыққа қарсы ұстанымым бар. Мен "ойбайлап" мұңымды шағып отырмаймын. Оның шешу жолдарын қарастырамын. "Не істеймін? Ойымды қалай өзгертемін?" деп ізденіп, сол жолда білім ала бастаймын", - дейді кейіпкеріміз.
"Қазақ бауырым екенсің ғой" деп үйіне апарды
Алматыға келгенде кейіпкеріміз қай жерге жұмысқа кіремін деп ойланған. Бірақ бәрі аяқ астынан өздігінен шешілген.
"Бердібек деген ағаммен Алматыға келе жатып таксиде таныстым. Жөн сұраса келе ол кісі "ой, қазақ бауырым екенсің ғой" деп үйіне апарды. Жүгімді реттеп, сол үйде тұрдым. Аспаздық өнерім бар екенін айттым. Ол кісі Ақкентте бір дәмханаға жұмысқа орналастырып берді", - дейді ол.
Баяшат аспаз кәсібін 15 жасында бастаған. Алғашында ұстазынан үйрену үшін қасында 2 жыл жүрген.
"10 жыл бойы осы кәсіппен айналысып келемін. Басқалар сияқты арасында қол үзіп немесе құрылысқа кетіп қалған жоқпын. Еңбекке араласқан күннен бастап аспазбын. Біреуге жұмыс істеген адамның жағдайын білемін. Байымайды. Әкем солай істеді. Өнердің өлтірмейтінін білемін. Ойлана келе аспаз кәсібін таңдадым".
Мен саған 2 жолды ұсынамын. Бірі қазір саған көп ақша алып келеді, бірақ болашағы жоқ. Екіншісі, қазір аз табыс табасың, бірақ болашағы бар
Маған үйреткен ұстазым: "Мен саған 2 жолды ұсынамын. Бірі қазір саған көп ақша алып келеді, бірақ болашағы жоқ. Екіншісі, қазір аз табыс табасың, бірақ болашағы бар" деді. Мен ойланбай екінші ұсынысты таңдадым. Біріншісі, даяшы қызметі болатын. Екіншісі – аспаз", - дейді ол.
Ұстазым алдымен мені жылдамдыққа үйретіп, еңбекке пісірген екен
Бірақ ұстазы осы 2 жыл ішінде оған аспаздықты үйретпей тек, үйдің отын жағу, картоп-пияз аштырумен шектелген екен.
"Бізде 6 бөлме болатын. Оның бәрін көмірмен жылытатынбыз. Күнде соған от жағып, күлін шығарамын, арасында бос болсам картоп-пияз аршимын. Болды, күнім сонымен өтеді. 2 жылдан соң жалыға бастадым. Себебі аспаз болатындай ештеңе үйренген жоқпын деп ойладым. Бірақ ұстазымның лағманды қалай істегенін, қалай қуыратынын көріп жүрдім", - дейді ол.
"Сонымен қалаға барып бір дәмханаға жұмысқа тұрдым. Бәрін бірден алып кеттім, өзім қуырып, өзім тамақ дайындадым. Мені көрген аспаздар: "бастысы сенде жылдамдық бар, ары қарай үйреніп кетесің" деді. Сөйтсем ұстазым алдымен мені жылдамдыққа үйреткен екен. Көзбен көрсетіп, еңбекке пісірген екен", - дейді Баяшат.
Еңбекке піспесең бос қамыр боласың
"Біз жақта аспаздықтың өзі үлкен өнер. Ұстаздар қатал болады. Шәкірттері оларды құрметтейді. Бір ұстаздың қолында жылдап шәкірт болып жүргендер бар. Менің ұстазым да қатал болғанымен, ылғи "адам бол" деп айтып отыратын. Егер қамырдың иі қанбаса, дұрыс лағман шықпайды. Үзіле береді. Біз оны еңбекпен пісіреміз. Сол сияқты алдымен еңбекке піспесең бос қамыр боласың. Одан кейін болашағың да дұрыс болмайды", - дейді кейіпкеріміз.
"Қытайда жүргенде көптеген тамақ түрін жасап үйрендім. Теңіз өнімдері де бар. Осы жаққа келгесін қай тамақ түрлерін таңдасам деген сұрақ пайда болды. Не істерімді білмей қалдым. Өйткені, ол жақтағы теңіз өнімдері мен дәмдеуіштерді бұл жақта қолданбайды екен. Содан кейін өзімді дамыту бойынша курстарға қатыстым. Сол кезде түсінгенім, өзің не нәрсені жақсы білсең, сол нәрсемен айналысу керек екен. Ойлана келе лағманға тоқтадым. Себебі оның бабын білемін және Алматыда лағманға сұраныс бар".
Осылайша кейіпкеріміз лағман дайындай бастаған. Бір ғана кәсіппен шектелмей лағманның айналасында басқа табыс көздерін табуды ойластырған.
"Бір ғана кәсіппен айналыссаң табысың да шектеледі. Оның айналасында немен ақша табуға болады деген нәрселерді тізіп жазып шықтым. Дәмдеуіштер саттық, лағман дайындайтын онлайн, офлайн курс аштық. Шәкірт тәрбиеледік. Бір жылда онлайн 5 мыңнан артық шәкіртке, офлайн 500-ден аса шәкіртке үйреттім. Олар қазір әртүрлі аймақтарда жұмыс істеп жатыр", - дейді "Қара бала".
Лағманхана атауын "Дара бала" деп өзгерттік
Баяшат әлеуметтік желілерде "Қара бала" деген атпен танылған. Бірақ дәмханасын "Дара бала" деп ашыпты.
"Ауылда жүргенде қап-қара болып кетемін. Алматыға келіп аздап ағарып жүрмін. Бәрі мені "Қара бала" деп атайтын. Бұл есім жаныма жақын. Ауылдастарым да қазір осылай атайды. 4 жыл бойы әлеуметтік желіде осы атпен танылдым. Бірақ дәмхананы ашқанда алдымен "Қара бала" деп атаған болатынбыз. Сөйтсек, бұл атты басқа адамдар паттендеген екен. 1-2 рет ескертті. Ауыстыра алмадық, үшіншісінде 500 мың айыппұл салды. Бірақ кейін сөйлесіп, біздің ісімізге олар да кешіріммен қарап, бәрі реттелді. Біз лағманхана атауын солай "Дара бала" деп өзгерттік", - дейді ол.
"Мен шәкірттеріме айтып отырамын: "Маған шай қайнатқаннан лағман істеген оңай" деп. Адамдар лағманды жасау қаншама жұмыс деп, қиындатып жібереді. Мен 10 жыл бойы мұның қиындығына төзіп, әдісін меңгергенмін. Сол үшін қазір маған оңай. Дұрысы оны оңайлататын өлшемдері бар. Қысқаша айтқанда 10 килолық лағманды 1,5 сағатта бір адам дайындай алады", - дейді аспаз.
Суреттегі жігіттер Баяшаттың өзі үйреткен екі шәкірті. Қазір өз дамханасында аспаз
Баяшаттың дәмханасында 2 аспаз жұмыс істейді. Олар күніне 300 адамға лағман дайындай алады. Ал Баяшаттың өзі қосылса, 500 адамға дейін лағман дайындай алатынын айтады.
"Біз 300 адамға лағман дайындаймыз. Кейбір адамдарға жетпей қалып ренжіп жатады. Ары қарай үлгере алмаймыз, аспаздар шаршайды. Сапасы төмендейді. Басқа жердегідей тапсырыс қабылдай бермейміз. Өз шамамызға қараймыз. Бастысы сапа", - дейді ол.
Біздің қоғам қазан-табақ айналасында әйелдер жүруі керек деп есептейді
"Біздің қоғам аспаз әйелдердің жұмысы. Қазан-табақ айналасында әйелдер жүруі керек деп есептейді. Не үшін? Өзім бұған қарсымын. Бастысы кім дайындаса да дәмді тамақ пісірсе болды емес пе? Бірақ, үйде бәрі басқаша, тамақты жұбайым пісіреді. Аспаздарға көп қыздар тамақты күйеуім дайындайды деп тұрмысқа шығатын көрінеді (күлді). Бірақ олай емес. Аспаздар үйде тамақ дайындамайды", - дейді ол.
Баяшаттың үйіне туыстары мен таныстары лағман жеу үшін келеді екен.
"Бәрі лағман жеуге келеді. "Ас немесе басқа тамақ пісірме, оны басқа жерден де күнде жеп жүрміз" деп айтып, арныйы қолқа салатындар да бар. Қайынжұртым менің лағманымды жақсы көреді. Барған сайын жасап беремін, олар риза болады", - дейді "Қара бала".
Өз кәсібіңді сүю керек
Баяшат қоғамдағы жастар өз кәсібін ұнатпай істейтінін айтады.
"Аспазбын ғой. Сондықтан білемін, көп аспаз лағманды ұнатпай пісіреді. Ақша үшін жүреді. Қанат Исламның: "Мен боксшы болсам жақсы боксшы боламын, қойшы болсам ең жақсысы боламын, көше сыпырушысы болсам да үздігі боламын" деген сөзі есімде қалып қойыпты. Менің түсінгенім, қандай кәсіпті меңгерсең де үздігі болу керек екен. Сол кәсіпті сүю керек екен", - дейді кейіпкеріміз.
Баяшат отбасылы, 3 жыл бұрын үйленген. Әлеуметтік желіде танылуына, дамуына жұбайы қолғанат болған.
"Менде жас кезімнен өз әсерлерімді бөлісу деген қасиет барын байқадым. Жүрген жерімді видео-фотоға түсіріп, соны адамдармен бөлісіп жүреді екенмін. Өз ойымды бөліскім кеп тұрады екен. Соны байқаған келіншегім: "Сізге әлеуметтік желіні қолға алу керек" деп айтты. Ары қарай оның ісімен өзі айналысты, осы күнге дейін әлеуметтік желіні жұбайым жүргізіп келе жатыр", - дейді ол.
Тұңғыш бала болғаннан кейін шығар бар жауапкершілікті алдым
Баяшат наурыз айында Қытайдағы отбасын Қазақстанға көшіріп алып келген. Оған дейін туыстарын 4 жыл бойы көрмеген.
"Әкеміз қайтыс болған. Үйдің үлкенімін. Анам мен қарындасым бар. Сол тұңғыш бала болғаннан кейін шығар бар жауапкершілікті алдым. 4 жыл бұрын Алматыға кетіп бара жатып оларға: "Сіздерді көшіріп алып келемін, оған дейін үй аламын, өз дәмханамды ашамын" деген едім. Ақырындап уәделерім орындалып келе жатыр. Тура дәмхананы ашып жатқанда отбасым көшіп келді", - дейді ол.
Баяшат 6 адамды жұмыспен қамтып отыр
"Дәмхана ашу басында оңай болмады. Бір рет ашып, көп өтпей жабылды. Байқағаным қолыңда не бар, сонымен бастау керек екен. Менің қолдымда ол кезде instagram ғана бар еді. Алматыдағы 107 дәмханаға шолу жасадым. Осылай 107 мың оқырман жинадым. Тик-токта оқырмандарым көбейді. Енді маған дәмханамды ашатын сәт келген шығар деп ойладым. Бірақ орынды 3 ай іздедім. Бір оқырманым жазды. Осы жерде орын бар деп. Келіп көрдім, ұнады. Ақырындап бастап кеттік", - дейді Баяшат.
Баяшат Алматының басқа жерлерінен де лағман орталығын ашқысы келеді. Қазақстанның барлық өңірінде өз лағманханасы болса деген де арманы бар.