Қансонарда бүркітші шығады аңға,Тастан түлкі табылар аңдығанға.Жақсы ат пен тату жолдас - бір ғанибет,Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға. Абай Бұл екеуі Сөгеті тауының теріскей бетіндегі Нұра ауылынан шыққалы бірнеше сағаттың жүзі болған. Алған бағыттары: солтүстік. Іздегендері: аң. Ойлары: түнде жауған қардан кейін ақ түске боялған даланы кезіп, қансонарда саят құрып қайту. Кеше де дәл осылай түзге шыққан еді. Бірақ қатты соққан боран жүруге мұрша бермей, бірер уақыттан кейін ауылға қайтып, ауа-райының жайланғанын үйде жатып күтуге мәжбүр болды. Міне, күн өтпей екеуі тағы да атқа мініп, әңгіме-дүкен құрып, өткенді еске алып, болашақ жайлы сыр шертісіп келеді. Бірі атасы Сейітжанның жолын қуып, құсбегілікті жанына серік еткен Аян. Бүркітшілер арасындағы бірқатар жарыстарға қатысып, жүлделі орын алған жігіт. Бірі осы өңірге аты танылған Молдажан бүркітшінің шөбересі Ербол. Ата жолын қумаса да, құсбегілік өнердің танылуына өз үлесін тигізіп жүрген азамат. Екеуі бала кезден дос. Бір ауылда өскен, бір сыныпта оқыған. Әңгімелерінің жарасымды болуы да содан. Аянның қолына ұстағаны Ақиық. Былтыр балапан кезінде сонау Хан-Тәңірінің етегінен алынған құс. Осы жылы Алматыда өткен республикалық Қыран-2018 құсбегілер байқауында топ жарып, І орынды иеленген. Қансонарда қар үстімен жүріп өткен аңның ізі анық көрінетіндіктен, аңшылар бұл шақты аса бағалайды. Оған ел аузында қалған әңгімелер де дәлел. Соның бірін шежіреші Жағда Бабалықұлы жазып алған екен: XIX ғасырдың аяқ шенінде,Тарбағатайөңірін мекен еткенБылғақдеген адам қансонар күні аңға шығайын деп жатқанда әкесі қайтыс болыпты. Қайғылы жағдайға қарамастан түзге аттануға бел буған аңшыға ел-ағайын: Бұл қайткенің? - десе, ол: Атан болса сойылар, атам өлсе қойылар, мұндай бізге қансонар күнде қайдан табылар!? депті де шаба жөнеліпті. Міне, қансонардың аңшылар үшін маңызыны осыдан-ақ бағамдасаңыздар болады. Аян мен Ербол ауылдан шыққалы із көп кездесті. Солардың бірі екі досты тоғай ішіне алып келді. Мұнда да із аз емес екен. Бірін-бірі кесіп, ирелеңдеп, артына түскен жанды адастырып әкетеді. Осыны байқап және қалың бұта арасында бүркіт салу ыңғайсыздық туғызатынын ескеріп, аңшылар бұл маңда көп бөгелмей, қырға тезірек жетуді ойлады. Олар сәл биігірек көтерілсе, айнала алақандағыдай көрінеді. Бұл аңшыға да, құсқа да қолайлы, ал, дала кезген айуанға, керісінше, тиімсіз жағдай. Тастақ жолмен дөңге шыққан екі дос ойға көз салып жүріп отырды. Саятта көздің қырағы болуы маңызды. Өйткені, алыста кетіп бара жатқан аңды уақытылы көріп, бүркітті жіберіп үлгеру керек. Қалғаны айуанның айласы мен құстың алғырлығына байланысты. Дөңге шыққалы ойға қанша көз салса да, жігіттердің алдынан аң да, із де кезікпеді. Жүгірген мақұлық шығып қалар деп жүріп, олар өздерінің жол шегіне жеткендерін де байқамай қалды. Ары қарай мидай жазық. Алыстан мұнарланып Алтынемел жотасы көрінеді. Одан берірек Іле өзені ағып жатыр. Бірақ аңшылардың барар жері ол емес. Енді осы тұстан шығысқа қарай бұрылып, біраз шақырымнан кейін қайтадан оңтүстікті бетке алу керек. Араға уақыт салып, шығысқа бұрылған аңшылардың алдынан аң ізі де кездесті. Не болса да, жаңа өткені байқалып тұр. Олар шүу дегеннен қағушы, тоспашы боп бөлінді. Қағушы Ербол. Оның міндеті мақұлық жымын аңдып барып, оны ашық алаңқайға қарай қуу. Тосапшы Аян. Оның міндеті биіктеу жерге шығып, аңның қашқанын күтіп, бүркіт салу. Ербол іздің артынан жүріп ойға түсті. Аян оның әр әрекетін бақылап, Аң қай тұстан шыға қалар екен? деген алаңмен күтіп тұр. Жым аңдушыны бір іннің аузына әкелді. Дәл осы жерде бірнеше із тоғысады екен. Бәрі жаңа кіргенге ұқсайды. Жігіттер бұл жайтқа мұңайса да, айласын асырып, уақытылы жасырынып үлгерген мақұлықтарды мазаламауды ойлап, жолдарын ары қарай жалғастырды. Ербол сайдан шығып келе жатқан шақта, осыған дейін жасырынып жатса керек, Аянның артынан бір қарсақ жүгіріп өтті. Оны сәл кешірек көріп, қуа жөнелген бүркітшінің аты омбы қарға түсіп, бөгеліп қалды. Аян атын қалдырып, жаяулап барып бүркітін жіберемін дегенше болған жоқ, қарсақ өрге қарай қашып, көрінбей кетті. Құсбегінің жым аңдығанынан да нәтиже шықпады. Жоталардың қар түспеген тұстарына келгенде із жоғалып, қарсақтың айласы асқанын мойындауға тура келді. Ойлағандары орындалмағанына мойыған екі дос бір жерде бөгелмей, ары қарай жүруді ұйғарды.Сәтсіздіктерін ой желегінен өткізіп, қателіктерін бір саралағаннан кейін олардың көңілі қайта қалпына келері анық. Солай болды да. Арада сүт пісірім уақыт өткеннен кейін жігіттер астындағы тұлпарларын сынамақ болып, жарыса шауып, даланы у-шу етті. Олардың қиқуынан үріксе керек, кезекті жыра астынан қоян ытқып шыға келді.Бұл жолы Аян тосылып қалмады. Ақиық әп-сәтте көкке қалықтай жөнелді. Ол биікке қаншалықты тез көтерілсе, төмен қарай соншалықты тез түсті де зулап бара жатқан қоянды бір қанатымен қағып құлатты. Сөйтті де, айналып келіп, есеңгіреп қалған аңды тырнақтарымен шап беріп ұстап, тырп еткізбей қойды. Артынша жемтігін астына басып, өзінің өктемдігін көрсеткісі келгендей шаңқылдай кетті. Осы көріністің куәсі болып, құстың шеберлігіне тамсанған аңшылардың қуанышында шек болмады. Олар шауып жеткенге дейін шаңқылы басылмаған Ақиық жемтігіне тиіспей отырды. Аян келіп, тырнақтарын босатып, қоянды сойғаннан кейін ғана бүркіт етке тұмсық тигізді. Ол тояттағаннан кейін, томағасы киіліп, күннің зая өтпегеніне риза болғандай кейіпте иесінің қолына отыра кетті. Осылайша қанжығалары майланып, саятшылықтың бір күндік қызығын бастан өткерген Ербол мен Аянның көңілдері орнына түсті.Енді артқа ауыл жаққа қайтса болады.Қыстыгүні күн ерте батады, Ай арасы болғандықтан ауа райының тұрақсыздығы тағы бар.Бастысы олар дегендеріне жетті, бір күндік мақсаттарын орындады. Ал, қайтар жолда аң кезіге ме, жоқ па, оны уақыт көрсетер. Аңшылық қағидаларының бірі қанағат екенін ұмытпаған да жөн.