Тәуелсіздік күні - еліміздегі ең басты мереке. Оны болашақ ұрпақтың санасына сіңіру жолында жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның айғағы Желтоқсан оқиғасына қатысты заттай айғақтарды жинақтап, Орталық музейде ерекше көрме өтті. Тағылымды шараға Massaget.kz тілшісі де қатысып қайтты.
Музейге қойылған фотосуреттердің барлығында тұтас оқиға суреттелгендей. Себебі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тәуелсіз мемлекет құруға зор ықпал етіп, халық тағдырына түрлі өзгерістер әкелді. Уақыт өткен сайын бұл тарихи оқиғаның маңызы арта түспек.
"Желтоқсан қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев тарихи көтерілісті жәй ғана "оқиға" деп атауға келіспейтінін жеткізді. КСРО-ның ыдырауына сеп болған Алматы алаңындағы жағдай екенін де баса айтты.
"Желтоқсанның жойқын көтеріліс болғаны соншалық қазақ жастары КСРО империясы дүр сілкіндірген болатын. Қазақтың бойындағы патриоттық сезім 1986 жылы оянған еді. Бүкіл әлемнің назарын аудартты. Кейбіреулер: Сендерсіз де КСРО тарайтын еді, - деп айтады. Алайда 86 бұлқынған, күшті көтеріліс болмағанда бізден кейін Кавказ елдері бұрқ етіп көтерілді. Одан әрі Балтық жағалауы елдері іліп әкетті. Осындай жанкешті әрекеттердің нәтижесінде Кеңес одағы құлады. Сондықтан Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы өте жоғары. Бір өкініштісі осындай тарихи жағдайды жәй ғана "оқиға" деп, көтеріліс ретінде мойындалмай келеді. Әлі де саяси құқықтық баға берілмеді", - дейді "Желтоқсан қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев.
Көрмеде желтоқсан кезінде түсірілген суреттерден бөлек шеберлердің көтеріліске қатысты туындылары да таныстырылды.
Көрменің ерекшелігі келушілер назарына бұрын соңды көрсетілмеген заттық экспонаттар ұсынылды.
Хасен Қожа-Ахмет көтерілістің нақ ортасында жүрген азаматтардың бірі. Ол көтерілістің ақыры азаппен аяқталса да басталғанына қуанғанын айтты.
"86 жылы халқым көтерілгенде қуандым. Ұлтым құрдымға кетіп бара жатыр еді. Қазақтың инетелегенциясының бәрі "орыстың тауыққорасында" тұрды. Ақыры Кеңес өкіметімен қазақтың терезесі тең емес екеніне, тағдырымыздың сырттан шешілетініне қазақтың көзі жетті. 17-сі күні таңертең жұмысқа келгенмен. Жігіттер терезені бағып тұр екен Колбинге қарсы шықты деп. Содан кейін екі жолдасымды ертіп көріп қайтайық деп алаңға беттедім. Менің жасым 38-де болатын. Алаңда менен үлкен 45-50-дегі адамдар тұрған. Арасында азғантай ғана жастар болды. Алайда мұны кім ұйымдастырды деген сұраққа әлі де болса жауап жоқ. Комиссия құрды, анықтай алмады", - дейді желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахмет.
"Көптеген деректерді салыстыра келе алаңға алғашқы шыққан 200 адам екен. Мұны ұйымдастырған Москваның өзі деген тұжырымға келдім. Өйткені бір түнде 45-50-дегі адамдарды ұйымдастырып, плакат ұстап алаңға жаяу жүріп келу мүмкін емес. Ол кезде КГБ қатты жұмыс істейді. Сол жазып жатқан жерде-ақ ұстап берер еді. Ішінде шпиондар көп болатын. Олар "Метель операциясын" сынақтан өткізетін уақыт келді, қазақтар алаңға шықпайды деп ойлады. Жоқ! Ана тілінде сөйлей алмай жүрген қазақ, пәтер таппай сандалып жүрген қазақ, ашынып жүрген қазақ лап қояды деп ойлаған жоқ. Себебі Қонаев та, Назарбаев та Кеңес өкіметіне қарсы сөз айта алмайтындай еді. Саны аз, Еуропадан алшақ орналасқан мемлекетте 1985 жылы орындалмаған "Метель операциясын" өткізу жоспарда болды", - деді Хасен Қожа-Ахмет.
1986 жылы желтоқсан көтерілісінің шындығын бүкіл әлемге, Кеңес одағына, прокурорларға танытқан "Алла жар" фильмі туралы сөз етілді. 1989 жылы Қазақфильм киностудиясыннан ең алғаш Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жігіттердің бәрінің басын біріктіріп, қамқорлық көрсеткен - Қалдыбай Әбенов болатын.
"Көрменің мақсаты Тәуелсіздік бастауы болған Желтоқсан оқиғасына қатысты деректі материалдармен таныстыру, Тәуелсіздігіміздің оңайлықпен келмегенін, қаншама жастарымыз қыршынынан қиылғандығы туралы мәлімет беру және өсіп келе жатқан жастарды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу", - дейді мұражай қызметкерлері.