Қанат пен қазақтың жүрегі бірге соқты

Көптен күткен ұлы той да ойдағыдай аяқталды. 29 Қазан күні Алматы Арена стадионында Қанат Ислам мен ганалық Патрик Аллотей арасындағы дүбірлі жекпе-жек қазақ халқының жүрегін дүрсілдеткені анық. Қосы мықтының арасындағы кездесу алдында тағы да басқа спортшылар жұдырықтасып өз бақтарын сынады. Ал енді Қанат пен Патриктің арасындағы әсерлі ойынға қысқаша тоқтала кетсек.

12 раундқа жоспарланған жекпе-жекті қос боксшы аса сақтықпен бастады. Бірінші раундты екеуі бір-бірінің осал тұсын аңдаумен өткізді. Шабуылға асықпады. Екінші раундтан бастап Қанат шабуылға ұмтыла түсті. Патрик Аллотей қорғаныста жүріп қарап қалған жоқ, оңтайлы тұста соққы жасап қалуға тырысты. Төртінші раундта қос боксшы да ширақ қимылдады. Әсіресе Қанаттың шабуылдағы айла-тәсілдері мен соққылары сәтті шықты. Ал бесінші раундта да отандасымыз дөп тиген соққыларымен ерекшеленді. Алтыншы және жетінші раундты қарсыластар соққы алмасумен өткізді. Сегізінші раундта қос боксшының да шаршағаны байқала бастады. Ал тоғызыншы раунд басында Қанаттың сілтеген соққысы дөп тиіп, ганалықты бір есеңгіретті. Десе де Патрик Аллотей төзімділік танытып, бұл раундқа да тойтарыс берді. Одан кейінгі раундтарда да Қанат қарсыласын қуа жүріп соққының астына алумен болды. Патрик 12 раундқа шыдап бақты. Нәтижесінде Қанат Ислам 117-112, 116- 112, 116-112 есебімен жеңіске жетті.  

Алматыда өткен бокс жекпе-жектерінде қазақстандық боксшылардың барлығы жеңіске жетті. Жұман Жұмабеков беларусь боксшысы Владимир Ивановты бірінші раундта ұтса, Айдар Шәрібаев испандық боксшыны 6 раунд қорытындысы бойынша жеңіп шықты. Али Ахмедов әзірбайжандық Али Маммедовтан бірінші раундта айласын асырса, Руслан Мырсатаев ганалық Наху Азумиды жылдам жер жастандырды. Жанқош Тұраров салмақ өлшеу рәсімінде сес көрсеткен қарсыласы Айсак Ариені төртінші раундта айқын жеңіп шықты. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастап, 2010 жылы Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта нокаутпен жеңді.

Шоуды жақсы көретін АҚШ елінен келген бокс жүргізуші спортшыларды күліп қарсы алуда. Айқасқа түсер алыптарды ринг ортасына қуанышпен қарсы алып, біреуін өкіндіріп жібереді. Бұл тек жүргізушінің емес өмірдің заңы десек те қателеспейміз. 

Үш минуттық раундтарды бастап, тоқтататын дабыл қаққыш. 

Қыруар қаржы тігілетін ойынның дабылқаққышы ескі екендігі көрініп-ақ тұр. Соған қарағанда талай жүйріктің бағын ашып, көптеген спортшының сүрінгенінде болған дүние іспетті.

Салмақ өлшеу рәсімінде ганалық боксшы Жанқоштың  жағасына жармаса кеткендігі барлығымызға белгілі. Осы бір құйтырқы батыстық стиль біздің жігітті біраз есеңгіретіп, намысын қайрап жібергені де белгілі. Ортаға асықпай басып келе жатқан отандасымыздың артынан Бейбіт Назаров та келеді.   

Жанқоштың рингтегі айбаты гана спортшысына сес көрсеткендей болды. Отандасымыз ештеңеден тайсалмайтындығын осы бір көрінісімен дәлелдегендей болды.  

Істегеніне өкінде ме, әлде жеңілетінін сезді ме Айсак Ариенің рингке көтерілген бетті түрінен қорқыныштың белгілері сезіле бастады. Не болса да қолымен істегенді мойнымен көтеруге тура келетінін білетін Айсак төртінші раундта жасаған әрекеттеріне жауабын алды.  

Жанқошты жастайынан жетелеп келе жатқан Ардақ Назаров жеңген інісін көріп көк туды ала шыққан екен. Туған жеріндегі қуанышын жасыра алмаған жігіттің төресі, жүргізушінің қолындағы микрофонды ала сала алғысын жаудыра бастады. 

Қырыс секундта қарсыласын құлатқан Руслан Мырсатаев "жүректілік – жеңіске жетелейді", деп тұрғандай әсер қалдырды.  Сабырлы жігіт көрерменге қолын бұлғап қайратты екендігін дәлелдеп тастады. 

Кезінде Генадан жеңілген спортшының тағы бір қазақстандықпен жұдырық түйістірер уақыты жетіпті. Жәнібек Әлімханұлымен шаршы алаңға шыққан жігіт ұзақ уақыт шыдас бере алмады. Жәнібектің төпелеп ұрған соққылары тура тиіп, Милтон Нуньеске көкесін танытты. 

Залдағы 15 мың жүректің дүрсілі Қанат алаңға беттегенде байқалды. Жан-жақтан шыққан әртүрлі ұрандар отандасымызға жігер сыйлап, рухын асқақтатқаны белгілі. Алайда, осыншама елдің үмітін арқалаған боксшыға рингке шығудың өзі қаншалықты ауыр екендігін ел намысын қорғап жүрген жандарр жақсы біледі.   

Жеңісті ұпайды есепке алып отқан төрешілердің де жұмысы ауыр екендігі белгілі. Бір жаңылыс бір спортшының тұтастай белбеуімен қоса абыройынан айырады. Сондықтан барлығын саралап, бағамдап отырған төрешілер. 

Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.

"Улы жебе" деген лақап атқа ие ганалық боксшыны жеңген Қанат "Қазақ" Ислам бірінші орта салмақта "WBA Fedelatin" және "WBO Intercontinental" чемпиондық белбеулерін өзінде сақтап қалды. 



Бөлісу: