Қаланың символы болған трамвай тоқтағанына 10 жыл: Алматыдағы атақты депо неге қаңырап қалды?

Алматыда трамвай депосының жұмысы осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын тоқтаған еді. Мұндай шешімді сол кездегі қала әкімі Бауыржан Байбек қабылдады. Бұған екі бірдей трамвай апаты тіркеліп, резонанс тудыруы да себеп болды. Ақырында трамвай паркі толық жабылды. Бұрынғы трамвай депосының қазіргі жай-күйі қалай? Massaget.kz материалында.

Алматыға трамвай оралатыны рас па?

Бұған дейін Алматы тұрғындары арасында трамвайға сұраныс жоқ екені айтылды. Десе де жауаптылар көліктің осы түрін қайтару жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл туралы "Алматыбасжоспар" ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов мәлімдеді.

"Трамвай "Барлықтан" (базар - еск.) бастап Төле би көшесі бойымен жүреді. Бұрынғы жолында. Оны әуежайға дейін созамыз, осылайша батыс пен шығысты байланыстырамыз. Мақсатымыз - адамдар 20 минут ішінде жүріп-тұруына мүмкіндік жасау. Бұл - әлемдік тәжірибе және ақылға қонымды шешім", - деді ол.

Ал трамвай депосының орнына қоғамдық кеңістік жасау жоспарланған болатын, оны абаттандыру бойынша байқау жарияланып, 2017 жылы DEPO Evolution Park көпфункционалды кешенінің тұжырымдамасы таңдалды. Ол мына нысандарды қамтуға тиіс еді:

  • Депо демалыс және ойын-сауық паркі;
  • "Кидзания" балалар қалашығы;
  • Алматы депо паркі;
  • Қоғамдық көлік музей-парк кешені.

"Қазіргі барлық ғимарат сақталады, олардың ішінде коворкингтер, көрме алаңдары, іс-шаралар өткізуге арналған орындар, фудкорттар, т.б. орналасады", - деді сол кезде Алматыны дамыту орталығының өкілдері. 

Алайда 10 жыл өтсе де, нысан әлі күнге дейін қаңырап бос тұр, тек бір ғимаратта жастар орталығы орналасқан. 

Қаңырап қалған депоның қазіргі көрінісі

Дрон арқылы түсірілген көріністен ғимараттан тек жартылай қираған қабырғалар қалғаны байқалады.

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Бұл жерде бір кездері трамвайлар тоқтап, оларға осы жерде жөндеу жүргізілгенін білмесеңіз, қазіргі жағдайына қарап, депо болғанын түсіну қиын. Себебі баяғыдай рельстер де, вагондар да жоқ.

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Бұл аумаққа жерасты коммуникациялары үшін жаңа бетон құрылымдар жеткізілген.

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Аумақтың бір бөлігінде топырақ пен құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр. 

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Кейінгі жылдары бұл жерді абаттандыруға қаржы бөлінбегенін ескерсек, топырақ пен бетон құрылымдарды кім әкелгені белгісіз. 

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Десе де аумақ толық қоршалған. 

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Бұл жерде бір кезде трамвайлар болғанын еске салатын жалғыз нәрсе - Байтұрсынов көшесінен бұрынғы депоға кіреберіс. Мұнда бұрынғы рельстер қалған. 

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Қоршау бойымен Масанчи көшесіне дейін жүрсеңіз, ішке кіруге болатын ашық қақпа көрінеді.

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Ал ішкі жағы біртіндеп қоқысқа толып бара жатқаны байқалады.

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Сондай-ақ, қоқыс пен ескі заттардың арасында жатқан шатырға ұқсас заттар, киім-кешек, шүберек, ескі жиһаздар аңғарылады.

Massaget.kz/Болат Айтмолда

Депоның орнына не салынады?

Алматы әкімдігі Tengrinews.kz-тің "осы аумақты абаттандыру бойынша нақты шешім бар ма, оған қанша қаражат қажет және қала тұрғындары депо орнындағы дайын қоғамдық кеңістікті қашан көре алады?" деген сұрақтарына жауап берген.

"Қазір бұл нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлінуін күтіп отырмыз", - деді басқарма өкілдері. 

Алайда шенеуніктер нақты мерзімді де, соманы да, нысанның осынша уақыт бос тұру себебін де атамаған. 

Айта кетейік, Алматыда трамвай қозғалысы 1937 жылы ашылған. 1990 жылдардың ортасынан бастап бұл көліктің қозғалысы азайып, ақырында қалада тек екі бағыт, яғни №4 және №6 бағыттар қалған. 2015 жылы болған бірнеше апаттан кейін қалада трамвайлар мүлдем тоқтады.

Алматыдағы трамвай апаты, 2015 жылғы қазан. YouTube-тағы Munar Sabirov арнасынан алынған стоп-кадр

Бүгінде Қазақстанда трамвай қозғалысы тек мына үш қалада бар: Павлодарда, Теміртауда және Өскеменде.



Бөлісу: