Қала мүгедек жандарға қаншалықты ыңғайлы? Мүмкіндігі шектеулі жанмен өткен бір күн

Қаладағы ғимараттардың ішіне кіретін кезде тепкішектің жанындағы сырғыма барпалдақты байқамау мүмкін емес. Олар бір қарағанда ыңғайлы көрінгенімен, мүгедектігі бар адамдар қалада жүріп-тұру қиын екенін айтып, жиі шағымданады. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі Алматының мүгедектігі бар жандарға қаншалық ыңғайлы екенін анықтау үшін 3 жыл бұрын арбаға таңылған Самал Оқаповамен бірге қаланы аралады.

Самал Оқапова Алматы облысы, Жалағаш ауданының тумасы. Бүгінде Алматыда тұрады. Ол дүниеге 12 мүшесі сау болып келген. Өкінішке қарай 5 жасында әткеншектен құлап, жұлынға жақын омыртқа ауыл зақым келген. Сол кезден бастап аяғын дұрыс баспайтын болған, көрген адамның бәрі "осы қыздың аяғы ауыратын секілді" деп айтқан көрінеді. Ал Самал үйдің жалғыз қызы болғандықтан, ата-анасы оның аяғын сылтып басуын еркелік деп қабылдаған. 

"Мектепке 1 сыныпқа бардым, ауылымызға облыстан медициналық тексеру келіп, мені облыстық емханаға жібереді. Ол жақтың дәрігерлері менің аяғымды көріп, БМС (ДЦП) диагнозын қояды. Мен бұл диагноздан ұзақ уақыт емделдім, сөйтіп 13 жасымда қатты ауырып, денсаулығым одан әрі нашарлай берді. Арбаға отырғаныма шамамен 3 жылдай болды, үйде жүріс арбаның көмегімен жүремін. Қазақтарды білесіз ғой, өзін-өзі емдеумен айналысады немесе соңына дейін жүре береді. Әйтпесе маған ешқандай ота жасалған жоқ, ота жасайтындай жол апатына немесе қайғылы оқиға болған жоқ. Кейде бұл жай ғана маған берілген сынақ шығар деп ойлаймын, аллаға шүкір аяғымды сеземін", - деді ол.

"Арбаның айтарлықтай көмегі барын түсіндім"

29 жасында толық арбаға көшкен Самалдың мектеп кезінде бір жүрсе, тоқтауы қиын болған, көбінесе ата-анасы, аға-әпкелерінің қолтықтауымен жүрген. Ал колледжге оқуға түскеннен кейін жүріс арбасына үйренген.

"Бұрын арба десе, қатты шошитын едім. Ал қазір арбаның айтарлықтай көмегі бар екенін түсіндім. Әрине, аяққа тұрып кететініме үмітім бар, медициналық тұрғыдан да мүмкіндік бар деп ойлаймын. Бірақ бүгінде емделу жолдарын іздеп жатқан жоқпын, өйткені өзімді артықшылығыммен де, кемшілігіммен де қабылдадым. Қалай бар, солай өмір сүремін деп шештім, себебі емнің артынан қусаң, өмірің сонымен өтіп кетеді. Адам болғандықтан, қалай болса да өмір сүруің керек. Әрбір сәттен ләззат алуды үйрену керек. Жазылып кету үшін емделген кезде күнде жаттығу жасайсың, бірақ нәтиже көрмеген кезде, психологиялық тұрғыдан өте қиын болады. Үйдегілерге де денсаулығым жайлы ешнәрсе айтпау керегін айттым. Бүгінде жұмыс істеймін, түрлі үйірмеге барамын, би, жеңіл атлетикаға қатысамын", - деді ол.

Самал Оқапова 2015 жылға дейін мемлекет пен қоғам мүгедектігі бар адамдарды қабылдай алмағанын айтады.

"Қоғамның "олар мүгедек, зейнетақысын алып, үйінде отыру керек" деген ойымен күрестік. Бізді қоғаммен араластыруға іс-әрекеттер жасалған жоқ. Мен мектеп қабырғасын аяқтаған жылдары колледждер мені оқуға қабылдамады, жауапкершіліктен қашатын. Ал бүгінде ЖОО-лар мүгедектігі бар адамдарды құшақ жая қарсы алады", - дейді ол.

Қала мүгедектігі бар жандарға ыңғайлы ма?

Бүгінде оқуын тәмамдап, жұмыс істеп, би, жеңіл атлетика секілді түрлі үйірмені қатар алып жүрген Самалдың көбінесе қалаға жалғыз шығуына тура келеді. Оның сөзінше, Алматыда мүгедектерге мүлде ыңғайсыз, қоғамдық көлікке міну өте қиын.

"Көп автобустың пандусы көтеріліп тұрады. Кейбір жүргізушілер аялдамада тұрғаныңды көрсе де, тоқтамай кетеді. Мәселен менің өзімнің тіркемем бар, сондықтан қалаға өзім шығып кете беремін, сөйтіп жалғыз жүріп көптеген қиындықпен бетпе-бет келдім. Аялдамада келе жатқан автобус жүргізушісіне қолыңды көтерсең, тоқтамай өтіп кетеді. Автобусқа мінсең, "осы мүгедектер бәле болды", "сендер-ақ жүре бересіңдер, үйде отырмайсыңдар ма?" деп айтатын жүргізушілер бар", - дейді кейіпкеріміз.

Сондай-ақ Самал Оқапова басынан өткен оқиғасын бөлісті.

"Жазда Желтоқсан көшесі бойынан нөмірі 48 автобусқа отырдым. Мінсем, мүгедектерге арналған орында үлкен кісілер отыр, сөйтіп олардан орынды босатуын сұрадым. Олар бас тартып, "біздің ортаға отыра сал" дейді. Бір уақытта автобус жүргізушісі оларды тұрғызды. Оған қоса бесік арбамен жүретін әйелдер де көбінесе мүгедектерге арналған орынға тұрып алады", - дейді ол.

Кейіпкеріміздің сөзіне көз жеткізу үшін Massaget.kz тілшісі онымен бірге қаланы аралады. Алматының қақ ортасында орналасқан көше бойындағы пандустарға мініп, көпірдегі лифттің жұмыс істеп-істемейтінін тексерді. 

Самал қалаға саяхатын А.Байтұрсынов - Төле би көшелері қиылысынан бастады. А.Байтұрсынов көшесінің бойында орналасқан мына кофеханаға кіретін пандус қатты биік емес, кішкентай болғанына қарамастан, кейіпкеріміздің айтуынша, сырғыма баспалдаққа өз бетінше шығу мүмкін емес. Өйткені оның жанында ұстап шығатын темірлер жоқ.

Мына қоғамдық дәретхана да А.Байтұрсынов көшесінде орналасқан. Дәретхананың жұмыс уақыты таңғы 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін екенін қарамастар, таңертең сағат 11.32-де жабық болды. Кейіпкеріміз дәретханаға шыға алмады. 

Суреттегі сырғыма баспалдақ та ұлы ақынның құрметіне аталған көшеде орналасқан. Бір қарағанда пандус ыңғайлы етіп жасалғандай көрінеді, алайда із жүзінде бұл сырғыма баспалдақпен шығу оңай емес болып шықты.

Самал Оқаповаға мына сырғыма баспалдақпен шығу қиынға соқты. Арбаны жүргізу үшін айтарлықтай күш салып, тіпті күшенуіне тура келді. Суреттен оның түрі бұзылып кеткені көрінеді.

Сырғыма баспалдақпен көтерілдім бе дегенде алдыңдан мынандай кәріз құдығы шығады. Құдықтың қақпағы ескіргенге ұқсайды, жартылай ашық тұр, салдарынан оны аттап өту кішкентай баладан бастап, мүгедектігі бар адамға да кедергі келтіреді.

Ал мына сырғыма баспалдақтың жағдайы тіптен нашар. Жай ғана "істелді деп түртіп қою" үшін ғана жасалғаны көрініп тұр. Жоғарыдан түсу және шығу кезінде ұстауға темірлер қойылмаған. Қалада жалғыз жүрген мүгедектігі бар кісі мына жерден жүруге тырысатын болса, оқыс оқиға болатыны айдан анық.

Сонымен қатар Самал Оқапова көше бойында жеке тұрған дүкен, дәріханалардың сырғыма баспалдағына назар аударды. Төмендегі суреттерден пандустардың бірі тым биік болса, екіншісімен шығу мүмкін емесін, ал үшіншісінен түсемін деп бағанаға соғылу ықтималдығы өте жоғары екенін байқауға болады.

А.Байтұрсынов көшесінің бойын тексергеннен кейін Самал Оқапова автобусқа мінуді жөн көрді. Алдымен Төле би даңғылының бойындағы аялдамаға тоқтап, қоғамдық көлік күттік. Автобустың бірнешесі арбада отырған Самалға тоқтамай, өтіп кетті. 

Кейінірек Самал А.Байтұрсынов көшесімен төмен түсу үшін басқа аялдамаға барды. Онда кейіпкерімізге нөмірі 18 маршрут тоқтады, алайда автобус жүргізушісі арбаға отырған Самалды өзі мінеді деп ұзақ күтті. 2 минут өткен соң ғана жүргізуші Самалға көмекке түсті, бірақ автобустың пандусын көтермей, арбаны басқа жолаушылармен бірге көтеріп, автобусқа мінгізді.

Автобустағы мүгедек жандарға арналған батырма жұмысы істен шыққан, сондықтан Самал жүргізушіге қай аялдамадан түсетінін дауыстап айтуына тура келді. Бұл жолы автобус жүргізушісі келемін дегенше, жолаушылар Самалға қоғамдық көліктен түсуге көмектесті.

Келесі аялдама - Райымбек даңғылындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпір. Мүгедектігі бар адамдар мұндай көпірлерге екі жолмен шыға алады, біріншісі, қарапайым жедел саты, екіншісі суреттегі жедел саты. Бұл жедел сатыны шақыру үшін баспалдақтың төменгі және жоғарғы жағында батырма болуы тиіс. Батырманы басу арқылы жедел саты төменге түседі, арбаға таңылған жан оған мініп, көпірдің үстіне шығады. Алайда бұл көпірде жедел сатыны шақыруға арналған батырма мүлдем жоқ.

"Райымбек батыр даңғылының сапасы төмен, арбамен жүргенде жолдың кедір-бұдыр екені қатты сезіледі. Көшені кесіп өтуге арналған көпірдегі мүгедек жандарға арналған лифт істемейді, жолдан өту үшін жаяу жүргіншіге арналған жол іздеймін. Кейде көлікке арналған жолға шығып, жиегімен жүремін. Кейбір көліктер сигнал басып жатады", - деді ол. 

Самалмен қаланы бірге аралаған Massaget.kz тілшісі көпірдің үстіндегі жедел сатыны шақыруға арналған батырманы басып көрді. Бірақ мұнда да батырма істен шыққан.

Екінші мегаполистің мүгедектігі бар жандарға ыңғайлылығын тексеру мұнымен аяқталмайды. Самалдың сөзінше, ол тіркелген аурухананың жедел сатысы жұмыс істемей тұрғанына 6 айдан асқан.

"Мен Шаңырақ-2 шағынауданындағы №22 аурухана тіркелгенмін, ол жақта жедел сатының істемей тұрғанына жарты жылдай болды. Қателеспесем, қазанда маған анықтама керек болып, ауруханаға бардым. Жедел саты істемейді, дәрігерлер мені тексеру үшін бірінші қабатқа өздері түсіп жүрді", - деді ол.

Бұған қоса қаладағы Республика сарайында да мүгедек жандарға жағдай дұрыс жасалынбаған көрінеді.

"Мәселен ішіне ешқандай қиындықсыз кіресің, бірақ дәретханаға барғың келсе, жедел саты жұмыс істемейді, алайда ерекше жандарға арналған дәретхана бар. Былтыр бір концертке бардым, лифт істемегендіктен, дәретханаға баруға жақын жүрген адамдар көмектесті. Сосын М.Әуезов атындағы ұлттық драма театры мүгедектерге мүлдем ыңғайсыз. Мен театрға барғым келіп жүргеніне біршама уақыт болды, бірақ бара алмаймын", - деді Самал көңілі түсіп.



Бөлісу: