"Жұмыстан емес, осы жолдан шаршаймын". Алматыда кептеліс мәселесі тағы ушықты

Жаңа оқу жылы басталып, Алматыдағы кептеліс мәселесі қайта өрбіді. Алматы әкімдігінің мәселені шешу үшін жүргізіп жатқан іс-шарасына қарамастан, мегаполис тұрғындары таңертең жұмысқа бару үшін уақытының елеулі бөлігін жұмсайды. Сағаттап көлік кептелісінде тұратын қала тұрғындарының мәселесі жылдар бойына жалғасып келеді. Әйтсе де әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселе биылғы оқу жылында да ушықты. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі қала тұрғындары таңертең және кешке кептелісте қанша уақыт тұратынын анықтау үшін арнайы фоторепортаж дайындады.

Қыркүйек бастала салысымен мегаполис көшелеріндегі көлік саны айтарлықтай артқан. Мысалы қыркүйекте Әл-Фараби даңғылында таңертеңгі уақытта 11 мың көлік байқалса, бір апта бұрын бұл даңғылда 8 мың көлік қозғалған, сонда орташа жылдамдық 15 пайызға төмендейді. Ал Абай даңғылында таңертең 23 мың көлік болған, ал тамызда 17 мың көлікпен, орташа жылдамдық 25 пайызға төмендеген. Райымбек даңғылы мен Төле би көшесінде де автокөлік саны 14-20 пайызға артты.

Сонымен жұмысқа немесе оқуға баратын жол орта есеппен тағы да ұзарып отырғанын байқап отырмыз.

Суреттегі Төле би - Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан аялдама. Сағат кешкі 17:30-да көшеде кептеліс қатты байқалмады, автобус күтіп тұрған халық та айтарлықтай көп емес. Сағат 18:00-ден асқанда бірден аялдамада адам, көше бойында көлік көбейе түсті.

Оңтүстік астананың тұрғындарының сөзінше, олар жұмысқа не оқуға бару үшін үйден 2 сағат бұрын шығуға мәжбүр. Олардың бірі Алматыға оқуға Ақтаудан келген бірінші курс студенті.

"Университет Төле би - Байтұрсынов көшесінің қиылысында орналасқан, өзім шамамен Саин - Шаляпин көшелерінің қиылысында тұрамын. Оқуға 2 сағат ерте шықпасақ, кешігіп қаламыз. Саин көшесінің бойымен жақсы келе жатып, Төле биге жақындаған сайын кептеліс күшейе береді. Сабақ таңғы 8:30-да басталатын күні, үйден 06:30-да шығамыз. Кептеліс таңертең де, түсте де, кешке де болады. Оған қоса автобусты да ұзақ күтемін, әр кезде әртүрлі, мысалы кейде 20 минут күтсем, кейде одан көп, тіпті 1 сағаттай күтетін кездерім де болады. Үйден қанша ерте шықсам да, кептелістің кесірінен сабаққа кешігіп қалғаным бар. Мен Ақтаудың тумасымын, Алматының кептелісіне үйренісе алмай жүрмін", - деді студент.

"Жаңбыр жауып, күн суыса жағдай одан әрі шиеленіседі"

Ал мегаполис тұрғыны Құттығыз Құрманбекқызы кешке үйге жету бөлек бір жұмыс екенін айтады. Ол мәселе ертерек шешілмесе, күн суығанда кептеліс одан әрі күшейетініне сенімді. 

"Мен Бәйтерек жекеменшік мектебінде мұғалім болып жұмыс істеймін. Жұмыс орныма Кемертоған ауылынан қатынаймын. Жұмыстан шыққан уақытта үйге жету бөлек бір жұмыс. Төле би көшесінің бойымен автобус көп жүрсе де, бәрінде адам аузы-мұрнына сыймай, толып тұрады, сөйтіп бірнеше автобусқа мінбей, қалып кетемін. Қаладағы кептеліс мәселесі ертерек шешілсе, жақсы болар еді. Қыркүйектің өзінде осындай болып жатыр, шамалы жаңбыр жауып, күн суыса жағдай одан әрі шиеленіседі. Тіпті автобустар толып, тоқтамай кетеді. Қыстың күні аязда автобус күткен кезде тура бір жылағың келеді", - деді қала тұрғыны Құттығыз Құрманбекқызы.

Суреттегі аялдама Төле би - Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан. Сурет кешкі 19:20 шамасында түсірілді, автобус күтіп тұрған адам өте көп. Автобус келгенде адамдар бірін-бірі итеріп, қоғамдық көлікке сыйып кету үшін жандарын салып жатыр. Көлік тығынына қоса автобус күткен көпшіліктің қоғамдық көлікке сыймай қалып кететін жағдайлары да жиі кездеседі. Қысқасы Алматы тұрғындарының бір жерге барып келуі мұң.

"Жұмыстан емес, осы жолдан шаршаймын"

Мұндағы жұрт та бірнеше сағаттан бері үйіне жете алмай тұрғандарына шағымданды. 

"Мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін, жұмысымның мекенжайы шамамен Тимирязев-Марков көшелерінің қиылысында. Өзім Зерделі шағынауданында тұрамын. Жұмысқа баруға 2 сағат, үйге қайтуға 2 сағат жұмсаймын. Бүгін тіпті үйге жетуіме 2 сағат аздық ететін секілді. Әлі тұрмын аялдамада. Мысалы, бүгін жұмыстан кешкі 17:30-да шықтым, міне сағат 20:00 болып жатыр, әлі автобус күтіп тұрмын. Автобус жетіспеушілігі қатты сезіледі, өйткені Б.Момышұлы көшесінен төмен қарай қала маңындағы ауылдарға қайтатын адам қаншама. Шынымды айтсам, жұмыстан емес, осы жолдан шаршаймын.
Оған қоса, биыл былтырмен салыстырғанда кептеліс қатты күшейген. Жылдан жылға қиындап жатыр", - деді ол.

Б.Момышұлы көшесінің бойында төмен қарай такси ұстап тұрған адам көп. Олардың бірінен тұратын елдімекеніне қалай жететінін сұрадық. Айтуынша, Жетісу шағынауданында орналасқан үйіне қатынайтын маршрут жоқ. Бар болғанымен, бірнеше автобусқа ауысып отыру керек, ал бұл ұзақ уақыт талап етеді. Сондықтан ол такси ұстап тұр. Таксидің бағасы - 500-700 теңге. Ал жауын шашынды күндері бұл баға еселеп өсе түседі. 

Алтын орда базары көлік тығынымен атақты

Атап өтер жайт Алматыдағы Алтын орда базарының айналасы көлік тығынымен де атақты деуге болады. Осы трассаның көлік тығынынан қала айналып қашатын көліктер көп. Дегенмен қалааралық трассаға ұласатындықтан аталмыш аймақтағы көлік тығыны мәселесі әрқашан өзекті. Негізі жергілікті халық дәл осы көлік тығынан қашып бұл жерден үй салмауға тырысады. Бірақ соңғы кездері бұл жерде көбейген тұрғын үйлер көлік тығыны мәселесін одан сайын өршітті.

Келесі аялдама Ташкент трассасы мен Алатау даңғылының қиылысында орналасқан Алтын орда базары. Мұндағы адам санын бұған дейінгі екі аялдамамен салыстыруға келмейді. Көлік мүлде қозғалып жатқан жоқ, бір орында тұр. Қала ішіндегідей минут сайын келіп жатқан автобус мұнда жоқтың қасы.

Алтын орда қаланың шетінде орналасқандықтан, халық елдімекендеріне базар арқылы қайтады. Қоғамдық көлік қала сыртындағы ауылдардың біріне барса, біріне бармайды немесе жүру уақыты тым ұзақ. Осы себеппен жол бойында қаншама халық жол-жөнекей алып кететін такси тоқтатып тұр. Алайда такси бағасын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Қала ішінде жол жүру ақысын санамағанда, күн сайын таксиге 500 теңге жұмсау, айлығы төмен халықтың қалтасын қағатыны анық.

"Мен Алматы шетіндегі 19-шы шақырымда тұрамын. Жұмыс орным Назарбаев-Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Жұмысқа баруға 1,5 сағаттай кетсе, үйге қайтуға 3 сағаттан артық кетеді. Автобус жоқ, осылай күтіп ұзақ тұрамын. Менің ауылыма нөмірі 7 автобус барады, ол кішкентай, адамдар сыймай қалады. Әдетте автобусты 40 минуттай күтеміз. Өзі біздің ауылға бар-жоғы шамамен 3 автобус жүреді. Бұзылып қалса, тіпті жүрмей қояды. Мұндай кезде жол-жөнекей алып кететін такси ұстаймыз. Такси бағасы - 400-500 теңге. Күн сайын таксимен жүру қалтаға ауырлық түсіреді, сондықтан осылай сағаттап санаулы автобусты күтуге мәжбүрміз. Биыл кептеліс қатты күшейген. Кептеліс мәселесін тек жерасты метро шешетін секілді", - деді қала тұрғыны Нұрлан Диқанбаев.

Алматыда кептеліс мәселесі жыл сайын көтеріледі. Сондықтан болар бұл кейбір тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналған көрінеді.

"Мен 19-шы шақырымда Таусамалы деген жерде тұрамын. Жұмысым Абай-Алтынсарин көшелерінің қиылысында орналасқан. Жұмысқа барып-қайтуға күніне 3 сағаттан астам кетеді. Алматының кептелісі маған үйреншікті жағдайға айналған", - деді ол.



Бөлісу: